Accessibility links

Қаңтар бойынша айыпталған Қалас Нұрпейісовтің тергеу изоляторында өзіне қол жұмсағаны хабарланды


Алматы тұрғыны Қалас Нұрпейісов 1 мамыр күнгі митингі кезінде сөйлеп тұр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.
Алматы тұрғыны Қалас Нұрпейісов 1 мамыр күнгі митингі кезінде сөйлеп тұр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған белсенді Қалас Нұрпейісов өзіне қол жұмсады. Бұл жөнінде 25 қарашада адвокат Жалғас Сапарханова журналист Думан Мұхаммедкәрімнің YouTube'тағы "Не дейді" арнасында хабарлады. Арнаның хабарлауынша, Нұрпейісовтің өзіне қол жұмсауына "тергеу органдарының қысымы себеп болған".

Адвокат арнада Нұрпейісов жазды делінген хаттың электронды көшірмесін көрсетіп, мазмұнын баяндайды.

"Хатта Нұрпейісов жедел тергеу тобының өзіне "террорист" (269-бап, 3-бөлік), "ұйымдастырушы" (272-бап 1-бөлік) деп айып тағып жатқанын, бұл іс бойынша кінәсіз екенін, өзіне қол жұмсағанын айтып көрсеткен" деді Жалғас Сапарханова.

Оның айтуынша, белсенді өзіне 24 қарашада қол жұмсап, сол жақ қолының тамырын кескен. Бұдан соң ауруханаға жеткізіліп, тамыры тігілген. Қазір оның жағдайы орташа деп айтылады.

Тергеуші Дәурен Жетімбеков адвокатқа Нұрпейісовті қарауылмен қалалық прокуратураға жеткізетінін айтқан. Адвокат изолятордың медициналық бөліміне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмағанын айтты.

25 қарашада кешке белсенділердің қалалық прокуратура алдына жиналып жатқаны хабарланды.

Азаттық тілшісі жұма күні кешке Алматыдағы CИ-18 тергеу изоляторына хабарласты. Мекеменің кезекші бөлімінде отырған өзін Анеля (фамилиясы дұрыс естілмеді) деп таныстырған қызметкер "телефонмен ақпарат бере алмайтынын, мекемеге бару қажеттігін" айтты.

Адвокат Жалғас Сапарханованың айтуынша, тарих пәнінің мұғалімі, белсенді Қалас Нұрпейісовке төрт бап бойынша айып тағылған: екі бап (191-бап, 2-бөлік, 200-бап, 2-бөлік) бойынша айып амнистиямен қысқаруы тиіс. Ал "ғимаратқа басып кіру" (269-баптың 3-бөлігі) және "жаппай тәртіпсіздік" (272-бап, 1-бөлік) баптары амнистияға ілінбейді.

Бұған дейін Қалас Нұрпейісов пен белсенді Әйгерім Тілеужанға Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алмақ болды" деген айып тағылғаны хабарланған. Ақпаратқа қарағанда, Тілеужанова да, Нұрпейісов те сол күні әуежайға барғанын мойындаған, бірақ тергеу таққан айыптарды жоққа шығарады. Адвокат Жалғас Сапарханованың айтуынша, Қалас Нұрпейісов 5 қаңтарда "болып жатқан нәрсені болашақ тарих" деп атап, оқиғаны зерттеу үшін, өз көзімен көру үшін әуежайға барған.

Бұған дейін Eurasianet басылымы Қаңтар оқиғасынан бері он ай өтсе де, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "жаппай тәртіпсіздіктің артында “арнайы дайындықтан өткен лаңкестер” тұр" деген мәлімдемесін растайтын дәлел табылмағанын жазған еді. Басылымның жазуынша, Тоқаев қаңтар айында берген сұхбатында әуежайды "Орталық Азияның басқа қаласынан азаматтарды әкелу үшін" басып алды деп мәлімдеген. Алайда "әуежайды басып алды" деген күдікке ілінгендердің бірі – аудармашы, журналист Әйгерім Тілеужан мен тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов Тоқаев сипаттаған содырлар мен лаңкестерге келіңкіремейді, одан гөрі саяси белсенділерге көбірек ұқсайды деп жазды басылым.

  • Биыл 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт митингілер өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен кемі 238 адам қаза тапты.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайының басып алынғаны да хабарланды. Куәгерлердің айтуынша, 5 қаңтарда таңертең әуежайды әскерилердің мықты күзеті тұрғаны байқалса, түстен кейін әскерилер аяқ астынан бірі қалмай кетіп қалған. Жолаушыларды әуежай қызметкерлерінің өздері эвакуациялауына тура келген. 6 қаңтарға қараған түні әуежайдың "бүлікшілерден тазартылғаны" айтылды.
  • Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қаңтардағы мәлімдемесінде "террорист бандалар ірі инфрақұрылымдарды, Алматыдағы әуежай мен ондағы бес ұшақты тартып алғанын" айтқан еді. Тоқаев осы мәлімдемесінде "экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген қауіпсіздік кеңесі төрағалығын қолына алғанын, террористік қауіптің алдын алу үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын" хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG