Accessibility links

Шымкентте бір топ белсенді Қаңтарға байланысты қамалған Жанмұрат Аштаевты босатуды талап етті


Қаңтар оқиғасына байланысты қамауда отырған Жанмұрат Аштаевты босатуды талап етіп келгендер прокурормен сөйлесіп тұр. Шымкент, 9 желтоқсан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты қамауда отырған Жанмұрат Аштаевты босатуды талап етіп келгендер прокурормен сөйлесіп тұр. Шымкент, 9 желтоқсан 2022 жыл.

Шымкентте бір топ белсенді Қаңтар оқиғасына байланысты істі болып, қамауда отырған Жанмұрат Аштаевты босатуды сұрап, қалалық прокуратураға барды. Олар Аштаевқа рақымшылық заңы неге қолданылмағанын түсіндіруді талап етті.

Қалалық прокуратура ғимаратына он бес шақты белсенді жиналды. Аштаевты қолдау акциясы өтеді делінген орынға Еңбекші аудандық әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев те келді. Ол белсенділерді отырып сөйлесуге шақырды.

Еңбекші аудандық прокурорының орынбасары Нұртаза Алишов белсенділердің, Азаттық тілшісінің аты-жөнін жазып алып, "Басшылыққа тізімдегі адамдар Аштаевтың амнистияға неге ілінбегенін түсіндіруді талап етіп тұр деп айтамын, қазір прокуратура қызметкері келіп, сұрақтарыңызға жауап береді" деді.

Біраз уақыттан кейін Нұртаза Алишовтың өзі шығып, Жанмұрат Аштаевтың қаулысын ала келді. Ол Аштаевтың бұрын "экстремистік деп танылған ұйымның жұмысына араласты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деген айыппен сотталғанын, "Рақымшылық жасау туралы" заңға сәйкес, экстремистік қылмыс жасаған адамдарға амнистия қолданылмайтынын айтты.

Белсенді Ақлима Пернеева "Қайрат Сұлтанбек те бұрын 405-баппен сотталған, бірақ ол амнистияға ілігіп, бостандыққа шықты. Онда неге дәл осы бап бойынша қамалған Аштаев әлі түрмеде отыр? Заң бәріне бірдей қолданылуы керек емес пе?" деп сұрады.

Прокуратура өкілі Қайрат Сұлтанбек туралы ақпаратты тексеруге кетті. Аздан соң Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма прокуроры Ғалымжан Беркінбаев шығып, "Қайрат Сұлтанбек бұрын 405-бап бойынша жауапқа тартылмаған" деп мәлімдеді.

Белсенділер Жанмұрат Аштаевтың заңсыз сотталғанын айтып, шулай жөнелді. Прокуратура қызметкерлері "Біз сот үкіміне жауап бере алмаймыз. Үкіммен келіспесеңіздер, сол кезде аппеляциялық, кассациялық шағым беру керек еді. Біз тек жазаның орындалуына жауаптымыз" деп түсіндіруге тырысты.

Белсенді Әзия Әбиева "Жанмұраттың бес баласы отыны жоқ, тастай суық үйде отыр. Отбасын асырайтын адам жоқ. Соларға жанымыз ашып, келіп отырмыз" деді. Прокуратура өкілі әкімдіктен көмек сұрауды ұсынды.

Белсенділер Қаңтар оқиғасына тәуелсіз зерттеу жүргізілмегенін, билік халыққа жанашыр азаматтарды заңсыз қудалап, жазықсыз түрмеде ұстап отырғанын айтты. Прокуратура қызметкерлері жиналған топты орнымен пікір білдіруге, дәйексіз сөздер айтпауға шақырды.

Прокуратура ғимаратынан шыққан белсенділер көп ұзамай тарап кетті.

Жанмұрат Аштаев Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады және халықты өзіне қосылуға шақырды деген айыппен үш жыл бір айға түрме жазасына кесілген. Аппеляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған. 10 қарашада Аштаевтың амнистия соты өткен. Судья белсендінің бұрын тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты деп айыпталғанын ескеріп, рақымшылық қолдану туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Белсендінің жақындары сот қаулысына қарсы аппеляциялық шағым берген.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG