19 желтоқсанда "Әділ сөз" құқық қорғау ұйымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ұйым Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері ұстаған белгілі журналист Михаил Козачковтың конституциялық құқығы өрескел бұзылды деп есептейді.
"Оны Қаржы мониторингі агенттігі сот шешімінсіз-ақ қылмыскер деп жариялады, осы арқылы Қазақстан Конституциясының 77-бабын бұзып отыр. Михаил Козачковтың қорғану құқығына да нұқсан келтірілді: бірнеше сағат бойы ол заңды көмек ала алмаған. Оның пәтерін адвокатының қатысуынсыз тінтіген, қаржы мониторингі агенттігі адвокатын кіргізбеген. Адвокаттың Михаил Козачковпен жеке әңгімелесуіне де мүмкіндік берілмеген",- дейді "Әділ сөз" ұйымы.
"Әділ сөздің" жазуынша, Козачковқа тағылған кейбір айыптар қаржы мониторингі агенттігінің емес, полицияның құзырына қарайды.
"Мұндай фактілердің бәрі қаржы мониторингі агенттігінің заңсыз әрекетін көрсетеді. Журналист қамалардан бұрын өзі мен балаларына қоқан-лоққы жасалып, әлеуметттік желілер мен мессенжерлерде өсек-аяң таратылып жатқанын айтқан. Сондықтан бұл Михаил Козачков жариялаған журналистік зерттеулерге байланысты тапсырыс болуы мүмкін",- дейді "Әділ сөз".
"Михаил Козачков дереу босатылып, оның құқығын бұзғандар жауапқа тартылуға тиіс деп есептейміз. Сізден Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде журналист-зерттеуші Михаил Козачковты заңсыз қудалауды тоқтатуды сұраймыз,- деп жазады құққ қорғаушы ұйым.
Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында Михаил Козачковты тергеу жұмыстарына байланысты бірқатар медиа қоғамдастық үндеу жолдағанын растады.
Руслан Желдібайдың сөзінше, "Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті. Қазақстан азаматы ретінде журналистің барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс".
18 желтоқсанда кешке қаржы мониторингі агенттігі журналист Михаил Козачков ұсталғанын хабарлады.
Жексенбі күні агенттік таратқан хабарламада журналистің "Болат Назарбаевтың көмекшісімен байланысты қылмыстық топқа рейдерлік жасауына көмектесті" деген күдікке ілінгені жазылған.
Хабарламада "қылмыстық топтың бірнеше өкілінің" аты аталады. Онда журналистің "қоғамдық пікір қалыптастыруға көмектескені", "ақпараттық шабуылға үлес қосқаны", "БАҚ заңын бұзып, жалған мәліметтерді, банк, отбасылық, басқа да заңмен қорғалатын құпия деректерді таратқаны", адамдардың "беделін түсіретін мақалалар жариялағаны" жазылған. Ведомство қазіргі кезде тергеу жалғасып жатқанын айтқан.
ПІКІРЛЕР