Accessibility links

Таразда Қаңтар оқиғасына байланысты сотта орган өкілдері куә ретінде сұралып жатқанда шу шықты


Тараздағы Қаңтар оқиғасына байланысты сот.
Тараздағы Қаңтар оқиғасына байланысты сот.

Тараздағы №2 сотта 21 желтоқсанда Қаңтар оқиғасына байланысты істі болып жатқан тоғыз адамның сотында шу болып, судья отырысты кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Шу күштік құрылым өкілдері куәгер ретінде сұралып жатқанда шықты.

Бұл іс бойынша сотталып жатқан бес жас адам – Тоқтар Ошақбай, Райыс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев және Исатай Донбаев Қаңтар оқиғасында Тараздағы алаңда қаза болған.

19 жастағы Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбековтің Азаттыққа айтуынша, бронетранспортер операторы Жасұлан Секербеков сотта адамдарға "91 рет оқ атылғанын" сипаттап айта бастағанда қаза тапқан жастардың ата-аналары наразы болып, бұл шуға ұласқан.

Осыдан соң судья сот отырысын жұма, 23 желтоқсанға қалдырған. Желіде тараған видеода бірнеше әйелдің жүйкесі сыр беріп, оларға фельдшерлер көмектесіп жатқаны байқалады.

Шыңғысбековтің сөзінше, қаза тапқан жастардың ата-аналары бұл сот отырысының жазбасын алу үшін сот ғимаратында қалған. Азаттық адвокаттармен хабарласа алмады, ал сот оқиғаға қатысты комментарий бермеді.

Бұған дейін Шыңғысбеков Тараздағы сотқа қарсылық білдіріп, "балаларымызды атқандарды куәгер ретінде шақырып отыр" деген еді. Ол құқық қорғау ұйымдарын сотты бақылауға, журналистерді соттан хабар таратуға шақырған.

Тараздағы 9 адамның соты "Терроризм", "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" баптары бойынша өтіп жатыр. Айыпталған үш адам тергеу изоляторына жеткізілгені хабарланған.

Ресми дерек бойынша, Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде 15 адам қаза тапқан. 1 желтоқсанда Жамбыл облысының жасөспірімдерге қатысты ауданаралық соты Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Андрей Опушиевті "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен кінәлі деп тапқан. Айыпталушы қаза тапқандықтан сот оған жаза тағайындамаған.

Қазақстан биыл Тәуелсіздік күнін 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы болған жылы атап өтпек. Қаңтардың басында Жаңаөзенде жұрт сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылыққа шыққан. Кейін елдің түпкір-түпкірінде халық Жаңаөзенді қолдап, алаңға барған. Ал 5 қаңтарға қараған түні бұл бейбіт митинг соңы тәртіпсіздікке ұласып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берген.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы 20 желтоқсандағы мәлімдемесінде Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп мәлімдеді.

Қаңтар оқиғасы қалай тергелді? HRW мен бас прокуратураның ұстанымы қайшы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG