Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкиннің сөздерінен кейін онымен әңгіме болды. 28 желтоқсанда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осылай деп мәлімдеді.
"Алексей Бородавкинмен ресми әңгіме болды. Бұдан бөлек мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Ресей елшісінің сөздеріне пікір білдірді. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та түсініктеме берді. Бүгінгі күні бұл мәселеге қатысты сөз жоқ. Ресей тарапынан айтылған кешірім қабылданды" деді СІМ ресми өкілі.
Ол Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы мемлекет басшылары тарапынан анықталатынын айтып, екі ел арасында "өткір мәселе жоқ" деді.
Желтоқсан айының басында Ресей елшісі Sputnik агенттігіне сұқбат беріп, "егер Қазақстан билігіне "ұлтшылдармен күресуге" көмек қажет болатын болса, Ресей көмектеседі" деген. Дәл осындай пікірді Ресейдің өзге де танымал тұлғалары білдіріп, тіптен Қазақстанның тұтастығы жөнінде әңгіме айта бастаған.
СІМ қазақ-орыс шекарасы жер бетіндегі құрлық бойынша ең ұзын шекара екенін тілге тиек етіп, қазіргі кезде бұл шекара толық белгіленгенін атап өтті. Қазіргі күні шекараны халықаралық талаптарға сәйкестендіріп, демаркациялау процесі жалғасып жатыр деген.
Мәлімдеме соңында СІМ "Қазақстан бұдан әрі БҰҰ жарғысын толық орындауға, халықаралық қатынастарда құқықтар мен теңдік, демократия принциптерінің орындалуының сақталуын қолдайды" деп атап өткен.
15 желтоқсанда БҰҰ-ның Ресейді Украинадағы соғысты тоқтатып, әскерін ол елден толық шығаруға үндейтін резолюциясына Қазақстан қарсы дауыс берген. БҰҰ резолюциясы "Уақытша басып алынған Қырым автономды республикасы мен Севастополь қаласындағы (Украина) адам құқығы ахуалы" деп аталады. БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған құжатты 82 ел қолдап дауыс берген. Қарсы болған 14 елдің арасында Қазақстан да бар. 80 мемлекет қалыс қалған.
ПІКІРЛЕР