Accessibility links

Адвокат: Бас прокурор Берік Асылов журналист Әйгерім Тілеужанды сот шешімінсіз-ақ кінәлі ете салды


Журналист Әйгерім Тілеужан
Журналист Әйгерім Тілеужан

Бүгін, 10 қаңтарда Астанада өткен баспасөз конференциясында Қаңтар оқиғасына байланысты күдікті ретінде үйқамақта отырған журналист Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдархан "Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Әйгерім Тілеужанның конституциялық құқығы - кінәсіздік презумпциясын бұзды" деп мәлімдеді.

Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов 5 қаңтарда парламент мәжілісінде Қаңтар оқиғасы бойынша депутаттар алдында баяндама жасаған.

- Бас прокурор Берік Асылов мәжілістегі сөзінде Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісовті Алматы әуежайын басып алуды ұйымдастырушы деп көрсетті. Тергеу енді ғана аяқталды, сот та болған жоқ. Бірақ бас прокурор Әйгерім Тілеужанды қазірдің өзінде кінәлі деп жариялап жіберді. Бас прокурор осы арқылы қоғамдық пікір қалыптастырып, сот шешіміне ықпал еткісі келетін сияқты. Кімнің кінәсі қандай екені тек сот үкімінде ғана айтылады,- дейді ол.

Журналист Әйгерім Тілеужан былтыр, 2022 жылы қараша айында Қаңтар оқиғасы байланысты күдікте ретінде сот шешімімен үйқамаққа алынған. Бірнеше ай бойы оны "Алматы әуежайын бас алмақ болғандар ісі бойынша" қылмыстық іске куәгер ретінде тартып, кейін күдікті санатына ауыстырған.

Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханның сөзінше, оны "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деудің қисыны жоқ. "Өйткені ол Алматыда Қаңтар оқиғасы басталар алдында әкімшілік жазамен қамауда отырған (3 қаңтарда Тілеужан Алматыда диссидент Арон Атабектің қырқынан шығып келе жатқанда ұсталып, қамалған, кейін оны босатып жіберген - Ред.).

- Ол қамаудан шыққан соң Қазақстанға Ресей әскері келеді дегенді естіп, ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін әуежайға барған. Онда ешкім жауап бермеген соң, 20 минуттан кейін кетіп қалған,- дейді Айнара Айдархан.

"Әуежайды басып алмақ болды" деген күдікке ілінгендердің тағы бірі – тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов. Әйгерім Тілеужан да, Нұрпейісов те сол күні әуежайға барғанын мойындайды, бірақ тергеу таққан айыптарды жоққа шығарады.

Қазақстан конституциясының 77-бабында "адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі" деп көрсетілген.

Бас прокурор Берік Асыловты 2022 жылы 13 желтоқсанда Қаңтар оқиғасы кезінде "қылмыстық топ құрды" деген айыппен қамауда отырған Арман Жұмагелдиевтің ("Дикий Арман" деген лақап атпен де мәлім – ред.) адвокаты Евгений Яворский де айыптай сөйлеп, "Берік Асылов "Арман Жұмагелдиевтің құқығын бұзды" деп мәлімдеген еді.

Адвокаттың сөзінше, бас прокурор Берік Асылов парламент мәжілісіндегі сөзінде Арман Жұмагелдиевті сот үкімі шықпай тұрып және жасамаған қылмысы үшін айыпты етіп көрсеткен.

- Бас прокурор мәжілістегі сөзінде Арман Жұмагелдиевті айыпты етіп қана қоймай, үкім де шығарып тастады десе болады. Бас прокурор мәлімдеме жасап тұрғанда Арман Жұмагелдиев "қаруды заңсыз сақтады" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген екі айыппен тергеуде отырған. Ал бас прокурор мәжілістегі сөзінде "дүкендерді қиратып, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасады" деді. Осы сөзден кейін қыркүйекте тағы да айып қосылды, - дейді адвокат Евгений Яворский.

37 жастағы Арман Жұмагелдиев 7 қаңтарда қамауға алынған. Оған "заңсыз қару сақтады", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басшылық етті" және "қарақшылықпен шұғылданды" деген айыптар тағылған. Адвокатының сөзінше, Арман Жұмагелдиев бұл айыптарды мойнына алмаған. Қазір Жұмагелдиев тергеу изоляторында қамауда отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG