Бурятия драма театрының бұрынғы көркемдік жетекшісі Сергей Левицкий былтыр күзде Ресейден кеткен. Қазір Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер болып істейді. Жақында "Оптимистік трагедия" пьесасын қазақ тілінде қоймақшы. Соғысқа қарсы болғаны үшін Ресейде сүйікті кәсібімен айналысу мүмкіндігінен айрылған режиссер 90 жыл бұрынғы совет пьесасын жаңа мәнермен сахналамақ. Ол "Сибирь.Реалии" сайтына берген сұхбатында шығармашылық пен саясат, Қазақстанға неліктен көшкені және өзге де мәселелер жайлы айтып берді.
Сергей Левицкий Ресейде жұмыс істеу мүмкіндігінен айрылып қана қойған жоқ: оған жергілікті БАҚ та шүйлікті, "Ресей қарулы күштерінің беделін түсіргені" үшін сотқа да тартылды. Левицкийді Қазақстандағы әріптестері жұмысқа шақырып, тығырықтан шығуға көмектескен. Қазір режиссер дайындап жатқан "Оптимистік трагедияның" қазақ тіліндегі премьерасы Алматыда алдағы ақпан айына жоспарланып отыр.
Режиссердің сөзінше, бұл Всеволод Вишневский совет кезінде жазған пьесаның мүлдем тың нұсқасы болмақ: соғысқа қарсы қойылым қазір Ресей пропагандасы пайдаланып жүрген, идея үшін өлу туралы советтік аңызды күл-парша қылады.
"Сибирь.Реалии": Кетер алдында "қылмыстық" көзқарасыңыз үшін мемлекетке берешегіңізді беріп құтылдыңыз ба?
Сергей Левицкий: Сот салған екі айыппұлды да төлеп кеттім. Оңай болған жоқ, Улан-Удэдегі орыс драма театрынан шығарылған соң жеті ай жұмыссыз отырдым. Басқа қалалардағы қойылым туралы алдын ала жасалған келісімдердің бәрі бір сәтте ғайып болды. Адамдар менімен байланысуды қойды, тым-тырыс қалды. Айыппұл төлейтін ақшаны халық жинап берді, арасында өзім танымайтын адамдар да бар.
"Сибирь.Реалии": Қазақстанға кедергісіз кеттіңіз бе?
Сергей Левицкий: Иә, оңай кеттім. Қазанда театрдың көркемдік жетекшісі Фархат Молдағалидың арқасында Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа шықтым. Ол менің жағдайымды фейсбуктен көріп, жұмыс ұсынып хабарласты. Әйелім екеуіміз Ресейде болашағым бұлыңғыр екенін, Ресей жерінде театр қызметімен айналысуға тыйым салынғанын таразыға салып ойланып, кетеміз деп ұйғардық.
"Сибирь.Реалии": Қандай сезіммен кеттіңіз? Қазақстан қалай қарсы алды?
Сергей Левицкий: Ауыр болды. Елдің өмірінде де, менің өмірімде де бәрі жылдам өзгерді. Болып жатқанның бәрін әрең қабылдаймын. Бітіп болмайтын қорқынышты түс сияқты. Кейде "оянған соң ештеңе болмағандай бола ма" деймін. Еліммен жүрегім езіліп қоштастым. Алматыға келгенде жеңілдеп қалдым. Қазақстанның мәдени астанасы туған қалам Улан-Удэге ұқсайды: тау баурайында жатыр, экологиялық проблемалары да ұқсас. Жалпы, бәрі таныс, тек мұнда үйімнің қасында өзім танымайтын біреулер торуылдап тұрмайды.
"Сибирь.Реалии": Улан-Удэде "бейтаныс адамдар" аңдитын ба еді?
Сергей Левицкий: Аңдығаны бар. Басқан ізімді аңдып жүретін әрі оны байқасын дегендей көпе-көрнеу жасайтын.
"Сибирь.Реалии": Көзқарасыңызға бола кәсібіңізден шеттеткенде, билікпен ымыраға келу туралы ой туған жоқ па? Мысалы, шығармашылық ұжым үшін? Ресейдегі мәдениет шеберлерінің көбі билікті қолдайтынын солай түсіндіреді ғой.
Сергей Левицкий: Мансабын сақтап қалу үшін билікпен ымыраға келген режиссерлерді айыптағым келмейді. Әркім өз жолын өзі таңдайды. Бірақ ұсынған жағдайдағы жаңа шарттарды ұжым алдындағы жауапкершілік деп бүркемелейтін адамдар өзін одан да ұнамсыз келісімге дайындап жатқан сияқты көрінеді. Бұл кәсібіңе, шығармашылығыңа және өз өзіңе қол салу уақытын созу іспетті. Себебі билікпен қанша ойнасаң да, бәрібір түбі жеңе алмайсың және оның ақыры ауыр болады.
"Сибирь.Реалии": Ресейде қалған әріптестеріңізбен араласасыз ба?
24 ақпаннан бастап көп адаммен байланысымды үздім
Сергей Левицкий: Кей театр сыншыларымен Фейсбук арқылы сөйлесемін. Әріптестерімнің арасында осында театр форумына келгендер болды, сол жерден көрдім. Ал былай Ресейде қалғандардың ешқайсымен де тұрақты байланысым жоқ. 24 ақпаннан бастап көп адаммен және әртүрлі институциямен байланысымды үздім. Бізді байланыстыратын ештеңе қалмады деуге болады.
"Сибирь.Реалии": Ресейде сізді бәрі мансұқ етті деп айтуға да келмес. Театрыңыздағы әртістердің кейбірі сізді қолдағанын білемін. Театр сыншылары қауымдастығы да сізді қолдап Бурятия билігіне хат жазған екен.
Сергей Левицккий: Иә, мені театр сыншылары да, режиссерлер де қолдады. Әсіресе, өзім құралыптастар... жария түрде болмаса да, қолдауын білдірді. Елдің әртүрлі қаласынан қаржылай көмек түсіп тұрды. Ал Улан-Удэде вакуумда қалғандай күй кештім. Мен ой-пікіріміз толық үйлесетін деп айта алатын жалғыз театр сыншысы Туяна Будаева жұмбақ жағдайда.
"Сибирь.Реалии": Оның қазасы неліктен оғаш көрінді?
Сергей Левицкий: Он екі мүшесі сау деуге болатын адамның ағзасының зақымданғаны дер едім. Ағзаның мұндай реакциясы сыртқы жағдайға жауап сияқты көрінеді. Алғашқы күндері біртүрлі көрінетін сылтау айтып, марқұмның мәйітін тексермегенін білемін.
"Сибирь.Реалии": 2022 жылы неліктен мәдениет қайраткерлерінің ат төбеліндей тобы ғана мемлекетпен байланысын үзіп, елден кетті де, көпшілігі бәріне көндігіп, елде қалды деп ойлайсыз?
Сергей Левицкий: Бұл жерде "азшылық" пен "көпшілік" туралы айтпас едім. Себебі әр адамның жағдайы әртүрлі. Фейсбукте елден кеткендер мен қалғандар арасында дау жүріп жатыр. Көзқарасы ұқсас адамдар арасында да келіспеушілік бар. Адамдар ұрсысып, эмоциясын әлеуметтік желі кеңістігіне шығарғаны үшін байланысын үзіп жатыр. Шынымды айтсам, бұл процесске үлес қоспасам деймін.
"Сибирь.Реалии": Бірақ бұл маңызды сұрақ қой: жаңа жағдайда өнер адамдары не істеуі керек?
Сергей Левицкий: Ештеңеге қарамастан көрерменге гуманды нәрсе көрсетуін, эмпатия мен сыни ойлауды насихаттауын жалғастырып жатқандар зор іс атқарып жатыр. Барды бар деп айтуға болмайтын қазіргі Ресейде эзоп тілінде сөйлеуіне тура келсе де, олардың бұған күші мен мүмкіндігі болуына тілектеспін.
"Сибирь.Реалии": Сөзіңізбен келісемін, бұл маңызды. Ресейде қалған адамдар тап болған қысым эмпатияны да, сыни ойлауды да өшіріп тастауға бағытталған. Жекелеген шығармашылық ұжымдардың жағдайды өзгерте алатынына сенесіз бе?
Сергей Левицкий: Өкінішке қарай, сахнадан да, концерт залдары мен галереялардан да теледидар мықты болып шықты. Қалтасы таяз, тоңазытқышы бос қалған халықты үрей билеген кездегі пропаганда кез келген шығармашылық, білім немесе ғылыми күш-жігерден де тиімдірек болып тұр ғой. Себебі 24 ақпаннан кейін шығармашылық жобалардың барлығы қас қағым сәтте жоқ болды. Ал қалғаны – теңізге тамған тамшыдай ғана. Ресейдегі шынайы өмір абсурд театрына айналғанда, ой-сананы сақтап қалудың кез келген амалын қолдауға болады.
"Сибирь.Реалии": Яғни, сіздің ойыңызша, Ресейде ағарту жобасы құрдымға кетті ме? Қарын қамы мен санаға қонбайтын комплекстердің ығына жығылған аргументтер өнер дауысынан күштірек болып шыққаны ма?
Сергей Левицкий: Өкінішке қарай, солай. Себебі бұл жерде мәселе өнерде емес, саясатта. Қоғам совет мұрасына, СССР-де тұрған барша халықтың, миллиондаған тағдырдың тас-талқанын шығарып жайпап өткен тажал репрессия машинасына әлі күнге лайықты бағасын берген жоқ. Ешкім жауапқа да, жазаға да тартылған жоқ. Өткенге енжарлық қалыптасты: болған іс болды, есесіне біз империямыз дегендей. Дәл қазір Ресей билігі өзін совет империясының мұрагері ретінде көрсеткісі келеді. Мұның іс жүзінде неге алып келгеніне бәріміз куә болып отырмыз.
"Сибирь.Реалии": Қазір Қазақстанда империялық совет жобасының қайта оянғанына қалай қарайды? Халық "үлкен ағадан" төнген қауіпті сезіне ме?
Сергей Левицкий: Мұндағы ахуал ширығып тұр дер едім. Ресей шенеуніктері, мысалы, Ресей елшісі Қазақстанға доқ көрсетіп қояды: елде "фашистік көңіл күй" өршіп жатыр деп, Украинаның тағдыры қалай болғанына меңзейді. Сендерге де көрсетерміз дегендей кейіппен. Әрине, жұрт Ресейге үрейлене қарап отыр. Ресейліктердің жаппай келіп жатқанына көңілі толмайтындар да бар. Екінші жағынан, бұл жақсы: ақыл-ойдың көшуі дамуға жаңа серпін береді. Екінші жағынан, мобилизациядан әртүрлі адамдардың қашқанын көруге болады. Олардың арасында империялық көзқарастағы адамдар да бар. Қазақстанда, мысалы, сол адамдар өзін қонақта жүргендей емес, өз жерінде жүргендей сезінеді. Осылайша олар қазақ халқына ризашылық білдіретін адамдарға кесірін тигізеді.
"Сибирь.Реалии": Қазақстандағы орыстар арасында СССР-дың қайта жанданғаны туралы айтатын адамдарды кездестірдіңіз бе?
Сергей Левицкий: Мұнда совет өмірін аңсайтын адамды көрмегеніме қуанамын. Жастардан бастап ақсақалдарға дейін сол дәуірді жақсы демейді, тиісінше Украинадағы "арнайы әскери операцияны" да қолдамайды. Әрине, ондай адамдар жоқ деуге келмес, бірақ олар уақытын Ресейдің пропаганда арналарын көріп өткізетін шығар. Әйтеуір өз басым ондай адамдарды кездестірген жоқпын.
"Сибирь.Реалии": Алматы театрында Всеволод Вишневскийдің "Оптимистік трагедиясын" қойып жүргеніңізді айттыңыз. Тоқсан жыл бұрын жазылған совет пьесасын 2023 жылы көрсету тосын таңдау сияқты. Бұл қойылым кезінде жас Тихонов ойнаған, идея үшін өлу деген пафосты дәріптейтін совет фильмінен несімен ерекшеленеді? Неліктен дәл осы пьесаны таңдадыңыз?
Сергей Левицкий: "Оптимистік трагедиямен" бұрыннан байланысым бар. Ресейде жұмыссыз болған жеті айда мені Пермь аймағындағы Березник қаласының драма театры ғана шақырды. Онда режиссерлік зертханалар келіп, 5-7 күн бойы спектакль эскизін жасайды. Вишневский пьесасын таңдаған мен емес. Бұл идеяны Березник драма театрының көркемдік жетекшісі ұсынды. Березник – "Оптимистік трагедия" пьесасының құрдасы. Пьесаны алғаш оқығанда "мұны қалай істесем" деген ойға қалдым. Бірақ кейін совет цензурасына ұшырамаған нұсқасы барын білдім. Ол нұсқасында полк түгел ажал құшады екен. Цензура тұтқындардың қызықты монологтарын да алып тастапты. Қысқасы, бәрін оқып шыққан соң, оны қоюға болады деп ойладым. Сондықтан эскиз жасадық, ол зертханадан сәтті өтті. Күзде келіп, толық спектакль қоямын деп жоспарладық.
Бірақ басшылық қойылым режиссері кім екенін білген соң, оған тыйым салды. Уақыт өте тағы бір театрдың көркемдік жетекшісі (кім екенін айтпай-ақ қояйын) осы пьесаны қоюды ұсынды. Тағы да келістім, соңғы ақшама материалдар сатып алдым. Бәріне дайындалдым, театрмен байланыста болдым. Бірақ бір күні олар ұшты-күйлі жоғалды. Енді шығарма Алматыда қазақ тілінде қойылады. Премьера ақпанда өтеді деп жоспарланды. Бұл пацифистік театр болады, яғни, идея үшін өлу жайлы болмайды. Ешбір идея адам өміріне татымайды.
"Сибирь.Реалии": Қазіргі күннен және болашақтан қандай да бір оптимизм нышанын байқайсыз ба?
Сергей Левицкий: Дәл қазір маған өзіме тартымды, театр үшін жаңа, тың қойылымды қолға алып, жұмыс істеп жатқаным ғана қызық. Театр қабырғасынан тыс ешқандай иллюзия қалмағандай. Өзіме солай.
"Сибирь.Реалии": 24 ақпанға дейін апат келе жатқанын сездіңіз бе?
Сергей Левицкий: Сезіп қана қойған жоқпын. 2022 жылдың қаңтарында Фейсбукте жариялаған жазбамда бізді алда не күтіп тұрғанын айттым. Айтқаным айдай келді.
"Сибирь.Реалии": Былтырғы жыл әрқайсымызға сабақ болған өзгерістер әкелді, оның ізі ары қарайғы өмірімізде де қалатыны анық. 2022 жылдың сізге әсер еткен басты ерекшелігі қандай?
Сергей Левицкий: Адамдарға деген сенімнің күйреуі – 2022 жылы өз басымда болған басты өзгеріс сол шығар.