Accessibility links

Журналист Динара Егеубаеваның "көлігін өртеп", Elmedia кеңсесінің "терезесін сындырған" бес күдікті ұсталды


Журналист Динара Егеубаеваның өртенген көлігі. 14 қаңтар 2023 жыл.
Журналист Динара Егеубаеваның өртенген көлігі. 14 қаңтар 2023 жыл.

Алматы полициясы журналист Динара Егеубаеваның "көлігін өртеді" және Elmedia редакциясының "терезесін сындырды" деген күдікпен бес жасөспірім ұсталғанын хабарлады.

"Жедел бөлім қызметкерлері бірнеше қылмыс жасады деген күдікпен 2005, 2006 және 2007 жылдары туған бес жасөспірімді ұстады. Олардың жауабына қарағанда, екі тапсырысты да олар интернет арқылы белгісіз біреуден алған. Тапсырыс беруші ақысын да дәл солай [интернет арқылы] төлеген" деп жазылған полицияның жексенбі күнгі хабарламасында.

Полицияның айтуынша, қазіргі кезде күдіктілерге бұлтартпас шарасын қолдану мәселесі қаралып жатыр. Тергеу жалғасады.

Алматы полициясы сонымен бірге "тапсырыс берушінің кім екенін анықтап, оны ұстауға бағытталған кешенді іс-шара жүргізіліп жатқанын" да айтты.

"Барлық дерек бойынша қосымша ақпарат тергеу толық аяқталғаннан кейін жарияланады. Тергеу ІІМ мен Алматы қалалық полиция департаментінің бақылауында" деп жазылған хабарламада.

14 қаңтарға қараған түні журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулердің көлігінің артқы терезесін сындырып, кірпіш лақтырғанын, көлігіне от қойғанын хабарлаған.

Ол оқиғаны "өзіне жасалған қастандық" деп бағалаған еді.

Егеубаеваны қолдаған белсенділер оқиғаны оның кәсіби қызметі мен саяси амбициясымен байланыстырған.

ІІМ бір күн бұрын бірыңғай реестрде "бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру" бабы бойынша іс тіркелгенін хабарлаған.

Үш апта бұрын Егеубаева өзге белсенділермен бірге "Алтыншы Қаңтар" ("6 қаңтар") блогы құрылғанын және бірмандатты округ бойынша кезектен тыс мәжіліс сайлауына (мерзімі әзірге белгіленген жоқ) өзін кандидат ретінде ұсынуға дайын екенін айтқан.

Екі күн бұрын Elmedia редакциясы кеңсесіне былтырғы жылдың қазанынан бері алтыншы рет "шабуыл жасалғанын" хабарлап, Elmedia жобасының жетекшісі Гүлжан Ерғалиева оқиғаны "диверсия" деп атаған еді. Редакция өкілдері "шабуылдаушылар Elmedia'ның жұмысын тоқтатқысы келеді" деп мәлімдеген.

Полиция хабарламасында бес күдіктінің нақты қай шабуылға қатысты ұсталғанын айтпаған, бірақ "алдыңғы есік туралы" айтқанына қарағанда екі күн бұрынғы шабуылды меңзеген тәрізді.

Былтыр қарашада полиция Elmedia редакциясы кеңсесіне "шабуылдаған" екі адам ұсталды, екеуі де 18 жаста деп мәлімдеген еді. Ол кезде күдіктілерге "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны хабарланған. Азаттық sud.kz сайтынан іс туралы ақпарат таппады.

Қазақстанда журналистер кәсіби қызметіне байланысты тосқауыл-кедергілерге жиі ұшырайды. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG