Accessibility links

"Алматы әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған белсенді Нұрпейісовтің адвокаты тергеу әділ өтпегенін айтты


Азаматтық белсенді Қалас Нұрпейісовтің әйелі, адокаты мен жақтастары өткізген жиын. 27 қаңтар, 2023 жыл. Алматы.
Азаматтық белсенді Қалас Нұрпейісовтің әйелі, адокаты мен жақтастары өткізген жиын. 27 қаңтар, 2023 жыл. Алматы.

"Алматы әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған 43 жастағы азаматтық белсенді, мұғалім Қалас Нұрпейісовтің адвокаттары тергеу кезінде көп заңсыздық болғанын айтты. Нұрпейісовтің адвокаттары, туыстары мен жақтастары бүгін, 27 қаңтарда Алматыда жиын өткізіп, қамаудағы мұғалімді "саяси репрессия құрбаны" деп атады.

Адвокат Абзал Айдархановтың айтуынша, тергеуде бірнеше сараптама жасалса да, бірде-бір дәлел мен куә табылмаған. Адвокат тергеу кезінде Нұрпейісовке жасалған қысымдарға прокуратура көз жұма қарады, бас прокурор әлі соты болмаған адамды айыптай сөйледі деді.

Биыл 5 қаңтарда өткен парламенттегі жиында бас прокурор Берік Асылов "Діни экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Қалас Нұрпейісов пен Әйгерім Тілеужан Алматы әуежайын басып та алған" деп мәлімдеген. Айдарханов бас прокурор Асылов Нұрпейісовтің конституциялық құқығы – кінәсіздік презумпциясын бұзды деп есептейді.

– Кінәсі дәлелденбесе, "Қалас жасады" деп қалай айтасың? Ол – жай ғана күдікті, айыпталып жатыр. Айыптың дәлелі табылған жоқ. Бас прокурорда мұндай дерек қайдан жүр? Демек, тергеу органдары жоғары жаққа солай айтқан. Оны осылай [көпшіліктің алдында] мәлімдеп, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, сот шешіміне әсер еткісі келді, қоғамда теріс пікір қалыптастырғысы келді. Яғни бұл позиция жоғары жақпен алдын ала келісілген. Түсінемін, елде жаппай тәртіпсіздік болды, елге миллиондаған-миллиардтаған шығын келді. Енді біреуді кінәлі етіп шығару керек болды ғой. Сондықтан Қаласты саяси қуғын-сүргін құрбаны деп есептеймін, – деді адвокат Абзал Айдарханов.

Қорғаушының айтуынша, сотқа дейінгі тергеу кезіндегі заңсыздықтар туралы шағымдары ескерусіз қалған.

– Қолына қару алып, адамдарды қорқытса, біреуге күш көрсетсе, жан-жағын қиратса, түсінемін. Бірақ [Нұрпейісовтің] қолында бірде-бір қаруы болмады, ештеңені қиратпаған, сол күні түрмеден шыққан. Бірақ тергеу объектив жүргізілмеді, мұндай жағдайда қарапайым азаматтың кінәсіз екенін дәлелдеу қиын, – деді Абзал Айдарханов.

Нұрпейісов жаңа туған баласын әлі көрмеген. Оның бес баласы бар, екеуі кәмелетке толмаған. Әйелі Жанар Қанапиянова жұмыссыз, қазір балаларымен анасының үйінде тұрып жатыр. Жалғыз мүлкі – үйін тергеу соты санкцияға алған.

"10 айға жуықтады [Нұрпейісов] жазықсыз түрмеде отыр. Үйқамаққа жібермеді. Туысқандардың көмегімен жүріп жатырмын, жұмыссызбын. Егер біз жалғыз асырушымыздан айырылып қалсақ, Қалас 18-20 жылға кетеді екен. Ойлауға қорқамын" деді Нұрпейісовтің әйелі Азаттыққа.

Қалас Нұрпейісовке Қаңтар оқиғасынан кейін төрт бап бойынша айып тағылған: оның екеуі ("тонау" және "автокөлікті иеленіп алу") амнистиямен қысқаруға тиіс. Ал "жаппай тәртіпсіздік" және "ғимаратқа басып кіру" баптары амнистияға ілінбейді. Бас прокуратура таратқан мәліметте "Нұрпейісов Алматы әуежайына және "Казаэронавигация" ғимаратына шабуыл жасады, оны басып алды" делінген. Бас прокуратураның дерегінше, шабуыл салдарынан Алматы әуежайы мен әуе компанияларына 6,1 миллиард теңге, кәсіпкерлерге 414,1 миллион теңге залал келген.

Алматы тұрғыны Қалас Нұрпейісов 1 мамыр күнгі митинг кезінде сөйлеп тұр. Алматы, 1 мамыр, 2019 жыл.
Алматы тұрғыны Қалас Нұрпейісов 1 мамыр күнгі митинг кезінде сөйлеп тұр. Алматы, 1 мамыр, 2019 жыл.

Нұрпейісов 5 қаңтарда "ҰҚШҰ әскері келеді дегенді естіп, әуежайға барғанын" мойындайды. Бірақ тағылған айыпқа келіспейтінін айтқан. Оның бұрынғы адвокаты Жалғас Сапарханованың айтуынша, 24 қарашада Нұрпейісов өзіне тағылған айыптарға қарсы шығып, тергеу изоляторында өзіне қол жұмсамақ болған. Белсенді сол жақ қолының тамырын кескен. Бұдан соң ауруханаға жеткізілген еді. "Қазір жағдайы қалыпты" дейді жақтастары.

Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел тергеу тобы әуежайға қатысты қылмыстар бойынша тергеуді аяқтаған. Қазір процесс қатысушылары қылмыстық іс құжаттарымен танысып жатыр.

Бас прокуратураның Азаттыққа жазған дерегінше, Алматы әуежайына "шабуылды ұйымдастырды, басып алмақ болды" деп бес адам күдікке ілініп, тергелген. Соның бірі – белсенді, журналист Әйгерім Тілеужан. Ол да өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Әуежайдағы тәртіпсіздікке қатысқан тағы 50 адам қылмыстық жауапқа тартылған.

Қалас Нұрпейісов мектепте тарих пәнінің мұғалімі болған. 2019 жылы митингіге шығып, көп алдында сөз сөйлегені үшін жұмысынан қуылған.

  • Былтыр 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт митингілер өткен. Кейін наразылыққа тәртіпсіздікке ұласып, кемі 238 адам қаза тапты.
  • Бұған дейін Eurasianet басылымы Қаңтар оқиғасынан бері 10 ай өтсе де, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "жаппай тәртіпсіздіктің артында арнайы дайындықтан өткен лаңкестер тұр" деген мәлімдемесін растайтын дәлел табылмағанын жазған еді.
  • Басылым "Тоқаев қаңтар айында берген сұхбатында әуежайды "Орталық Азияның басқа қаласынан азаматтарды әкелу үшін" басып алды деп мәлімдеген. Алайда "әуежайды басып алды" деген күдікке ілінгендердің екеуі – аудармашы, журналист Әйгерім Тілеужан мен тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов Тоқаев сипаттаған содырлар мен лаңкестерге келіңкіремейді, одан гөрі саяси белсенділерге көбірек ұқсайды" деп жазды.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайы басып алынғаны да хабарланды. Куәгерлердің айтуынша, 5 қаңтарда таңертең әуежайда әскерилердің мықты күзеті тұрғаны байқалса, түстен кейін әскерилер аяқ астынан бірі қалмай кетіп қалған. Жолаушыларды әуежай қызметкерлерінің өздері эвакуациялауға мәжбүр болған. 6 қаңтарға қараған түні әуежай "бүлікшілерден тазартылғаны" айтылды.
  • Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қаңтардағы мәлімдемесінде "террористер бандасы ірі инфрақұрылымдарды, Алматыдағы әуежай мен ондағы бес ұшақты тартып алғанын" айтқан еді. Тоқаев осы мәлімдемесінде "экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген қауіпсіздік кеңесі төрағалығын қолына алғанын, терроризм қаупінің алдын алу үшін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын" хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG