Accessibility links

"Тарихи келісім". Қырғызстан мен Өзбекстан "достығы" ұзаққа созыла ма?


Өзбек президенті Шавкат Мирзияев пен қырғыз президенті Садыр Жапаров. Бішкек, 27 қаңтар.
Өзбек президенті Шавкат Мирзияев пен қырғыз президенті Садыр Жапаров. Бішкек, 27 қаңтар.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекара келісімі қос мемлекеттің әріптестігін дамытуға негіз бола алады. Бірақ Қырғызстанда бұл келісімге күмәндана қарайтындар да бар.

Бішкекте Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи келісімге қол қою кезінде өзбек басшысы Шавкат Мирзияев қырғыз әріптесі Садыр Жапаровты мақтады.

– Арамызда мәселе жоқ. Қырғызстан мен Өзбекстан 31 жылдық тәуелсіздік тарихында алғаш рет осындай қарым-қатынасқа қол жеткізіп отыр. Қадірлі әріптесім Садырға ерекше алғыс білдіргім келеді. Оның саяси еркі болмаса, қазіргідей нәтижеге жетпес едік. Бұрынғыдай мәселені "ертеңге" қалдырып, уақыт созып жүре берер едік. Ертең деп жүргенімізде, 30 жыл өтіп кетті, – деді Мирзияев.

Қырғызстан мен Өзбекстан президенттері шекара келісімінен бөлек, 20-дан астам келісімге қол қойды.

Олардың қатарында Қырғызстандағы көлік құрастыру зауыты мен мақта-мата фабрикасының құрылысы туралы келісімді атап өтуге болады. Мирзияев "достық шекарасы" деп бағалаған келісімге сәйкес, қос мемлекет арасында жүріп-тұру жеңілдейді: енді қырғыздар мен өзбектерге көрші елге өту үшін жеке куәлік жеткілікті.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің тұсында көрші мемлекеттердің қарым-қатынасы жақсы болмаған. 2016 жылы Өзбекстанды 25 жылға жуық басқарған автократ көз жұмғаннан кейін көршілер арасындағы тоң жіби бастады.

Шекара келісімі қос мемлекеттің қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, қазір Орталық Азияда Ресейдің "бөліп ал да, билей бер" деген саясаты аяқталып, өңірлік интеграция күшейіп жатыр.

Өзбекстан эксклавы Сохта дәстүрлі киім киген қырғыз әйелдері шараға қатысып тұр.
Өзбекстан эксклавы Сохта дәстүрлі киім киген қырғыз әйелдері шараға қатысып тұр.

Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында "президенттермен келіспеу мүмкін емес, бұл – шынында да тарихи келісім" деді.

Сарапшы бұл келісімнің құны жоғары болғанын еске салды: шекара келісімі бойынша Қырғызстанның стратегиялық маңызға ие суқоймасының жерін Өзбекстанға беруге қарсы 20-ға жуық саясаткер, белсенді, журналист қамауға алынған.

"Қырғызстанның наразылықты күшпен басып тастағаны өкінішті. Бұл іс бойынша қамауға алынғандар босатылады деп үміттенемін, әйтпесе, жағдай одан әрі ушығып кетуі мүмкін" деді Дубнов.

Қырғызстандағы саяси тұрақсыздықты ескеріп, екіжақты қарым-қатынасты реконфигурациядан өткізуге шектеулер бар ма?

"БАСҚА ЖОЛ ЖОҚ"

Кейінгі екі жылда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында екі рет қақтығыс болды. Бір кездері Қырғызстан мен Өзбекстан арасында да жиі оқ атылып, шекара маңы қауіпті аймаққа айналған.

2016 жылы Каримовтің қазасынан бірнеше ай бұрын Қырғызстан өзбек шекарасында әскери техника мен жауынгерлер көбейгенін айтып, дабыл қаққан. Мирзияев пен Жапаров қол қойған жаңа шекара келісіміне сәйкес, даулы Унгар-Тоо тауы Қырғызстанға өтті.

Қырғызстан мен Өзбекстан әскері ашық қақтығысқа бармаса да, сол кездегі Өзбекстан басшысы Ислам Каримов пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың арасы нашар болған.

2015 жылы Ресейде өткен ТМД елдерінің бейресми саммитінде Атамбаев өзбек әріптесінің Мәскеудегі жеңіс шеруіне қатыспағанын айтып, сынаған.

Кремль жыл сайын 9 мамырда әріптес мемлекеттерді шеруге шақырып, әскери қуатын көрсетеді.

Каримов қырғыз президентінің пікірін теріске шығарып, оны мысқылдап, "досымыз Атамбаев" деп атаған.

Атамбаев "Бұл – жеке пікірім" деп шорт кескен.

"Тамаша. Сіздің пікіріңізді бұрыннан білеміз" деген Каримов.

Көрші мемлекеттердің қарым-қатынасын жақсартуға тағы бір кедергі – Ресейдің қаржыландыруымен Қырғызстанда Өзбекстанға баратын өзен бойына үлкен су электр станциясын салу жоспары болды. Бұл су көлеміне әсер етіп, ауыл шаруашылығымен күнелтіп отырған өзбек шаруаларына кесірін тигізер еді.

Бірақ жоба тоқтап, Ресей Қырымды тартып алғаны үшін Батыс санкцияларына іліккен соң, Қырғызстан ресейлік компаниямен келісімін бұзды.

Жыл басында қол қойылған үшжақты келісімге сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға "Қамбар ата 1" су электр станциясын салуға көмектеседі. Бұл Өзбекстан Қырғызстандағы трансшекаралық су ресурстарын басқаруға қатысып, әлі инвесторы жоқ болашақ нысанның пайдасына ортақтасады дегенді білдіреді.

Ташкенттік сарапшы Анвар Нозиров Мирзияевтың кикілжіңнің орнына келісімді таңдағаны Қырғызстанмен және көрші мемлекеттермен қарым-қатынасымызды жақсартты деп есептейді.

Ол қос мемлекет әріптестігін нығайтуға энергетикалық тапшылық мәселесі түрткі болғанын айтады.

– Ауыл шаруашылығы саласы үшін су өте маңызды. Өзбекстан Қырғызстанның энергетикалық секторынан әлеует көріп отыр, енді өз ресурстарын нарыққа шығарғысы келеді, – дейді Нозиров.

Сарапшының сөзінше, Украинадағы соғыс Ресейдің әріптестерін үркітіп, Мәскеуді өңірдегі ірі жобаларға атсалысу мүмкіндігінен айырған. Орталық Азия елдері аймақтағы көршілерімен ұзақмерзімді әріптестіктен басқа жол жоғын түсінген.

"Орталық Азия елдері үшін Ресей басқаратын ұйымдар аясындағы интеграция тиісті нәтиже бермеді" дейді Нозиров. Ол шекара мәселесінің ертерек шешілуіне Қырғызстандағы "өзіндік саяси мәдениет" кедергі болғанын айтады.

Кемпірабад су қоймасы.
Кемпірабад су қоймасы.

Нозиров Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстанның бірлескен теміржол салу жобасына күмәнданып қарайды. Ол мұны Қытайдың ірі жобаларға қызықпауымен және пандемиядан кейінгі экономикалық қиындықтармен байланыстырады.

"ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІН ҚАЙТАРУ КЕРЕК"

Саяси плюрализм мен салмақты өзгерістер дәстүрге айналған Қырғызстан мен авторитар Өзбекстан арасында айырмашылық көп.

Болашақта қос мемлекеттің қарым-қатынасына бұл да әсер етуі мүмкін.

Мирзияев алты жылда Қырғызстанның үш президентімен жұмыс істеді.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында Өзбекстанды өле-өлгенше бір президент басқарды.

Қырғызстанда төрт президент ауысып, оның екеуі халық наразылығы кезінде биліктен қуылды. Елдегі әлеуметтік желі қолданушылары Өзбекстанда шекара келісімі бірауыздан мақұлданғанын, ал Қырғызстанда келісімге қарсы шыққан депутаттар қысымға ұшырағанын айтып, шу көтерді.

Көбі Өзбекстандағы тыныштықты шекара келісімінің Ташкентке ұтымды болуымен түсіндіреді.

Қырғыз саясаттанушысы Эмиль Джураев "қарым-қатынасымыз жақсарғанымен, әлі де нәзік" деді. Ол Жапаров командасының шекара келісімін қоғаммен талқыламай, жабық түрде қабылдап жібергені көпшіліктің шамына тигенін айтты.

– Кемпірабад суқоймасын беріп жібергеннен кейін халықтың сенімін қайтаруға көп күш салу керек, – дейді Джураев.

Шекара келісіміне қарсы болған қырғызстандық белсенді Нұрсұлтан Ақылбек "келісімнің бүкіл салдары белгілі болмай, қырғыз-өзбек қарым-қатынасының жаңа дәуірін бастау мүмкін емес" дейді.

– Көлік құрастыратын зауыт табысты боларына сенбеймін. Мирзияевтың сапарынан көп нәрсе күткен едік. Енді Өзбекстанға жеке куәлікпен кіретініміз болмаса, басқа ауыз толтырып айтар нәтиже жоқ, – дейді саясаттанушы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG