Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: Құқық қорғаушы 13 бала мен 12 әйел азапталғанын айтты


Қаңтар кезінде азапталғанын айтқан жасөспірімдер. Талдықорған. 9 қыркүйек, 2022 жыл.
Қаңтар кезінде азапталғанын айтқан жасөспірімдер. Талдықорған. 9 қыркүйек, 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасынан кейін құқық қорғаушыларға тергеу изоляторларында азапталған 190 адам шағымданған. Арасында 13 жасөспірім мен 12 әйел бар. Бұл жөнінде Бала құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс тобының үйлестірушісі Роза Ақылбекова хабарлады.

Оның сөзінше, құқық қорғаушылар 8 балаға заңгерлік және қаржылай көмек берген. Себебі кейбір жасөспірімдер түрлі жағдайға байланысты отбасын асыраушыға айналған.

"Кейбір балалардың қорыққаны сонша – шағым жазбай қойды. Бұлтартпау шарасын өзгерткеннен кейін жағдайды ұмытуға тырысып, көрінбей кетті" деді ол.

Ақылбаева Шығыс Қазақстан облысында бір ер баланың басындағы жағдайды мысал ретінде келтірді. Ол наразылық кезінде тергеу изоляторында болған, кейін үйіне "еңбектеп әрең жеткен".

"Анасының айтуынша, оны бекерден-бекер ұрған. Ол тіпті алаңда да болмаған, көшеден кетіп бара жатқан кезде ұстап алған. Қатты қорқып қалған екен. "Бәрін ұмытып, ештеңені еске түсіргісі келмейтінін" айтты" дейді Ақылбаева.

Оның айтуынша, халықаралық стандарт бойынша балаларға үнемі гуманитарлық шара қолданылуы керек.

"Инспекторларды, криминалистерді жауапқа тарту керек. Бұл балалардың ешқайсысымен Алматыда, Талдықорғанда ешкім жұмыс істемеген. Егер тірі қалса, дене жарақаты басылады, ал психологиялық жара өмір бойы қалады. Азаптауға ұшыраған балаларға реабилитация ауадай қажет. Реабилитация туыстарына да керек, олар да шошып қалған" деді Ақылбекова.

Брюссельде орналасқан Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік ұйымы (IPHR), Азаптауға қарсы коалиция және Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро 31 қаңтарда Астанада Қаңтар оқиғасына қатысты есебін жариялаған.

Баяндамада Қаңтар оқиғасына қатысты азаптау оқиғалары қамтылған. Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Рэйчел Гасовски Астананы азаптауға қатысты барлық шағымды жан-жақты тәуелсіз зерттеуге үндеді. Ол "қылмыс құрамы болмағандықтан" жабылған азаптау істерін қайта қарауды және азаптауға қатысы бар дәрігерлердің әрекетін де тексеруге шақырды.

"Қазақстан билігі сөзден іске көшіп, былтыр адамдарды жаппай азаптағандарды жазасыз қалдырмауға тиіс, құрбандарға тиісті өтемақы беруі қажет" деді Гасовски.

Ол азаптау Қазақстанда бұрыннан бар мәселе екенін және құқық қорғаушылар азаптау оқиғаларын Жаңаөзенге дейін және одан кейін де құжатқа түсіргенін айтты.

  • Қазақстан билігі 5 қаңтарда азаптауға қатысты 329 істе 34 полиция қызметкері мен ҰҚК өкілі күдікке ілініп отырғанын айтқан. Алматыда азаптаудан қайтыс болған Алатау ауданының тұрғыны Жасұлан Анафияевтің ісі бойынша сот басталуы керек болған, алайда сот отырысы шегерілді. 17 қаңтарда балалар үйінің тәрбиеленушісі Тимур Радченконың азапталуына қатысты іс бойынша үкім оқылған: сот екі полицейге үш жыл түрме жазасын беріп, тағы біреуінің бостандығын бір жылға шектеген.
  • Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғандардың ісі сотта қаралған кезде олардың арасында кәмелетке толмағандар да болғаны анықталды. 23 жәбірленушінің төртеуі – жасөспірім.
XS
SM
MD
LG