Атырау облысының №13 бірмандатты аумақтық сайлау округі 2016 жылғы жер шеруіне қатысқаны үшін сотталған атыраулық белсенді Макс Боқайды заң талаптарына сай емес деп, мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде тіркемей қойды. Комиссия оның соттылығы барын алға тартады. Белсенді бұл шешімді мойындамайды. Бұған дейін аумақтық комиссия оны дәл осы себеппен сенат сайлауына кандидат ретінде тіркемей қойған еді.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов Азаттық тілшісіне Макс Боқай 2023 жылғы 19 наурызға белгіленген мәжіліс сайлауына өзін үміткер ретінде 28 қаңтар күні ұсынып, тиісті құжаттарын тапсырғанын хабарлады. Комиссия Боқайдың үміткерлерге қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау кезінде бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасынан Макс Боқайдың соттылығы әлі өтелмегені жайлы мәлімет алған. Сол себепті "оның кандидатурасы парламент мәжілісі депутаттығына үміткер болуға қойылатын талапқа сәйкес келмейді деген" шешім шығарылған.
Ал белсендінің өзі 2 ақпанда Facеbook-тегі парақшасында "төртінші талпыныс" деп жазып, округтік комиссияның "талапқа сай емес" деп шығарған қаулысының көшірмесін жариялады.
Макс Боқай Азаттық тілшісіне берген сұхбатында "төртінші талпыныс" деп, билікке баруды айтып отырғанын жеткізді. Ол бұған дейін 2011 және 2016 жылдары мәслихат сайлауына және 2022 жылы сенат сайлауына кандидатурасын ұсынған.
Ол комиссия шешіміне келіспейтінін, бірақ әзірше сотқа шағымданбағанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, бас прокуратура мәліметіне сүйенген аумақтық сайлау комиссиясы оған "соттылығыңыз 2030 жылы аяқталады" деп айтқан.
"Былтыр маған 2027 жылы соттылығыңыз аяқталады деп айтқан. Сол себепті бұл жерде қате кеткен болуы мүмкін. Бірақ мен бұған баса назар аударып отырған жоқпын" деді белсенді Азаттық тілшісіне.
Бұған дейін алматылық белсенді Әлнұр Ілияшев те мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде тіркеле алмаған еді.
Былтыр желтоқсанда да Макс Боқай парламент сенаты депутаттарының сайлауына өз кандидатурасын ұсынып, тиісті құжаттарын тапсырған. Алайда облыстық сайлау комиссиясы оның кандидатурасын тіркеуге соттылығы кедергі деп жауап беріп, құжаттарын кері қайтарған еді.
Боқай аумақтық сайлау комиссиясының шешімін заңсыз деп, сотқа талап-арыз берген. Алайда сот арызды қанағаттандырмаған. Апелляция соты бірінші инстанция шешімін өзгертпеді.
Макс Боқай 2016 жылғы "жер митингілері" кезінде белсенділігімен көзге түскен. Ол жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға рұқсат беретін ережелерге қарсы топты бастап, наразылық ұйымдастырған. Көп ұзамай тағы бір белсенді – Талғат Аян екеуі "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен қамауға алынып, бес жылға сотталған. Құқық қорғаушылар "істің саяси астары барын" айтқан.
Талғат Аян 2018 жылы түрмеден уақытынан бұрын босап шықты. Ал Боқай кесілген мерзімді толық өтеп, былтыр ақпанда қамаудан босады. Бірақ оған көп шектеу қойылған.
Қазақстанда мәжіліс пен мәслихаттың кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді. Азаматтар партия атынан я жеке кандидат ретінде сайлауға түсе алады.
Атырау облысы бойынша аумақтық сайлау комиссиясының кейінгі мәліметінше, мәжіліс сайлауы депутаттығына өңірден 10 адам үміткер ретінде ұсынылған. Комиссия өкілдері олардың аты-жөні заңға сай тек 18 ақпанда, тіркеу аяқталған соң жарияланатынын мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР