Сейсмикалық қаупі жоғары аймақта тұрып, жер сілкінісінен зардап шеккен мемлекетке көмекке барған қиын ба? Азаттық бір ай бұрын зілзаладан зардап шеккен Түркияға көмектесуге Қазақстаннан барған құтқарушылар тобының мүшесі Серік Дәменмен сөйлесті.
Түркия мен Сирияда жойқын жер сілкінісі болғалы бір ай өтті. Табиғи апат салдарынан 50 мыңнан астам адам опат болды. Қираған үйінділер арасынан тірі қалған адамдарды құтқарып, қаза тапқандарды қазып алуға көп мемлекеттен, оның ішінде Қазақстаннан да құтқарушылар көмекке барды. Апат болған күннің ертеңіне – 7 ақпанда құтқарушылар, арнайы үйретілген итпен жұмыс істейтін кинологтер, арнаулы техника жүргізушілері мен дәрігерлерден тұратын жүз адам Түркияның Газиантеп қаласына жеткен.
Олардың арасында Серік Дәмен де бар. Ол 6 ақпанда 14 әріптесімен бірге ауысымға шығып, Алматыдағы тау баурайында таңғы жаттығу жасап жүріпті. Орталыққа келгенінде "Түркияға ұшуға дайындалыңдар" деген бұйрық алған.
– Сақадай сай дайындықпен бардық. Автокөліктер, құрылғылар, газ-бу қорғанысы, жанармай, генераторлар, шатыр, азық-түлік, ыдыс-аяқ – бәрін ала кеттік. Солай болуы керек, ол жақта біздің жағдайымызды жасауға ешкімнің мұршасы жоқ, – дейді Серік.
"ҚҰТҚАРУШЫ ЭМОЦИЯҒА БЕРІЛМЕЙ ЖҰМЫС ІСТЕУІ КЕРЕК"
30 жастағы Серік Дәмен – Республикалық жедел көмек-құтқару отрядының бас құтқарушысы, лейтенант дәрежесі бар.
Серік Түркияға дейін өзі қатысқан қауіпті әрі психологиялық тұрғыдан ауыр тапсырмалардың қатарына 2019 жылы қазақстандық Bek Air әуекомпаниясының Fokker-100 жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған кезді жатқызады. Ұшақта 93 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза тапты. Алматылық құтқарушылар көбіне тауда жоғалған адамдарды іздеуге немесе әуе апаты болған орындарға барады.
– Түркия бізге қарағанда дамыған мемлекет қой. Олар үшін жүрегім ауырады. Бізде мұндай жағдай болғанын қаламаймын. Опат болған балаларды қазып алғанда, жүрегің қарс айырылады. Бірақ бізге әлсіздік танытуға болмайды. Эмоцияға берілмей, сүйекті тапсырамыз да, ары қарай қаза береміз, үйінді астында тірі адам болуы мүмкін ғой, – дейді Серік.
Серік Түркиядағы құтқару операциясы туралы айтқанда "біз", "біз бардық", "біз қазып алдық", "біз іздедік" деген сөздерді ғана қолданады. Өйткені бұл – түгелдей командалық жұмыс. Құтқарушылар өз қауіпсіздігін де ойлауы керек. Ұшақтағыдай әуелі масканы өзіңіз тағасыз, содан кейін ғана балаға көмектесесіз.
– Түріктермен бірге жұмыс істедік. Үйінді астында тірі қалып, көмек күтіп отырған адамдармен сөйлесу керек қой. Олар бізге жол сілтейді. Біреу бұйрық бергенде, бәріміз тыныштала қаламыз. Тірі қалғандар бар ма деп тың тыңдаймыз. Кейін ақырын сол кісіге жетуге тырысамыз. Әр қадамымыз сантиметрден аспайды. Біреу бетонды тесіп, біреу домкрат қойып, тағы бір адам цементті жылжытады. Үйінді астындағы бір кісіге жету үшін 20 сағат жүрдік. Үнемі байланыста болдық. Ер адам мен екі баласын құтқардық. Қуанышымызда шек болмады!
Жер бетіне шыққан адамдар ең әуелі су сұрайды. Бірақ оларға бірден көп су ішуге болмайды. Өйткені үйінді астында көп шаң жұтады. Сондықтан суды басында тамшылап береді.
Қазақстандық құтқарушылардың көмегімен тірі қалған әкесі мен екі баласы ертеңіне оқиға орнына келіп, алғысын жаудырған.
– Бір таңғаларлығы, ешқайсысы жарақат алмаған. Тоғызқабатты үй түгелдей құлап, үйіндіге айналған. Оларды Джейкоб деген итіміз тапты. Осы жерде тірі адам болуы мүмкін деп, орнын көрсетті. 3 метр төмен, 5 метр жанына қарай қазып, тура әлгі адамдардың үстінен түстік. Тақтайшалар арасында бос кеңістік қалған екен, сол жерде отырыпты. Үш тәулік ас-су ішпесе де, аман қалды! Түркияда осындай таңғажайып оқиғалар көп болды, – дейді Серік.
"ТІРІ ЖАН ҚАЛМАҒАН ОТБАСЫЛАР ДА БАР"
Құтқарушылар Алматыда жер сілкінісіне дайындық кезінде қолдан жасалған үйінділерді пайдаланады. Бетонды кесіп, темір-терсекті алып тастап, үйінді астындағы адамды шығарады. Жаттығу кезінде үйінді астындағы адамның рөлін Буратино атқарады.
– Түркияда көргеніміз бен атқарған жұмысымыз ауыр болды. Көпқабатты бір үй құлағаннан кейін қатпар-қатпар бәлішке ұқсап қалыпты. Бөлмелердің биіктігі 2,8-3 метр болса, үйлер қирағаннан кейін әр қабаттың арасында 25-30 сантиметрлік қуыс қана қалған.
Қазақстандық құтқарушылар Түркияға барған алғашқы түнде үйінді астынан опат болған әйелді тапқан. Қаза тапқан адамдарды көбіне ұйықтайтын орындардан іздеген.
– Таңға жуық, жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде жер сілкінген. Көп адам ұйықтап жатқан күйі мерт болған, – дейді құтқарушы.
Өлген адамды үйінді арасынан алып шығу да – оңай жұмыс емес. Бірде ауыр плита жаншып, енді бірде жиһаз бен киім үтіктейтін тақтайша қысып қалған марқұмдарды алып шығуға тура келген.
– Сыртта жақындары күтіп тұрады. Туысы тірі табылса, қуанамыз. Қаза тапқан адамның жақындарына ауыр салмақтан жаншылған денені көру қиын, сондықтан марқұмның үстін матамен жауып, көлегейлеп алып шығамыз. Адамдар туысын танып, үйінді астында тағы кімдер болуы мүмкін екенін айтады.
Осы үйдегі тағы бір пәтерден әкесі мен баласы өлі табылған. Ер адам баласын құтқарып қалуға тырысып, денесімен қалқаламақ болғанға ұқсайды. Бірақ баланың басына шифоньер құлаған. Аяғы ауыр әйелі де мерт болған.
– Кей үйлерде тұтас бір отбасыдан тірі жан қалмаған, түгел қаза тапқан. Осыған қарап, ойланасың: еш алаңсыз өмір сүріп жатқан, жоспар, арманы болған адамдар әп-сәтте ажалға тап болды. Құдай мұндайды ешкімнің басына салмасын!
"ТОҢАЗЫТҚЫШ ҚҰТҚАРМАЙДЫ, ДИВАН КӨМЕКТЕСУІ МҮМКІН"
Құтқарушының айтуынша, Түркияда көбіне алты қабаттан биік үйлер қираған. "Бірақ бұл көпқабатты үйлер қауіптірек дегенді білдірмейді. Оларды да салудың өз технологиясы бар ғой" дейді Серік.
– Әлеуметтік желілерде жер сілкінісі кезінде тоңазытқыштың жанында болған қауіпсіз екен деген дақпырт тарап жатыр (желіде құлаған төбені ұстап қалған тоңазытқыштардың суреті кең тарады – ред.). Бірақ өз басым тұрмыс техникалары мыжылып қалғанын көрдім. Биіктігі 80-90 сантиметр кіржуғыш мәшине жермен-жексен болыпты. Қазандықтар да солай. Бұрыштағы дивандардың жанында, төсектің тұсында еденде отырған адамдар тірі қалған. Төбедегі плита құлаған кезде төсек пен жердің арасында кішкене қуыс пайда болған. Бірақ солай тірі қалғандар бар екен деп, барлық диван плитаны ұстап қала алады деп кесіп айтуға болмайды. Оған кепілдік жоқ, – дейді ол.
Серік Дәмен Алматы облысы Қарасай ауданында жеке үйде тұрады. Ол өз үйін әлдеқайда қауіпсіз көреді.
– Үйді өзіміз салдық. Бағаналары арматурамен бекітіліп, төбесі жеңіл ағаштан жасалған. Қайда тұрсақ та, кез келген төтенше жағдайға дайын сөмке болуы керек. Бастысы, үрейге бой алдырмау, – дейді құтқарушы.
Серік Дәменнің екі баласы бар. Үлкені төрт жаста, кенжесі жеті айлық. Әйелі декреттік демалыста, отбасын жалғыз өзі асырап отыр. Қазақстанда құтқарушының жалақысы 200 мың теңге шамасында. "70 пайызға дейін көтереміз деп уәде берді" дейді Серік:
– Түркиядан кейін біздің жұмысымызға көбірек назар аударылып, мәртебелі мамандық деп есептеле бастады. Жалақымыз аз, бірақ жұмысым өзіме ұнайды. Дені сау кісіге екі қолға бір күрек табылады ғой, бірақ адамдарды құтқару – абыройлы қызмет.
Қазақстандық құтқарушылар Түркияда 13 күн болды. Осы уақыт ішінде олар 95 адамды үйінді астынан шығарып, жеті адамды құтқарған.
ПІКІРЛЕР