Accessibility links

"Шұғыл тергеуге тиіспіз". Түркиядағы зілзала және Орталық Азиядағы үрей


1948 жылғы қазанда Түркіменстан астанасы Ашғабатта 7,3 балдық жер сілкінісі болды. Салдарынан ондаған мың адам қаза тапты.
1948 жылғы қазанда Түркіменстан астанасы Ашғабатта 7,3 балдық жер сілкінісі болды. Салдарынан ондаған мың адам қаза тапты.

Түркияның Қаһраманмараш қаласында тұратын Жаңыл Тоқаева ақ мысығы қатты мияулағанынан оянған. Бұл 6 ақпан күні сағат 4.00 шамасы болатын. Жер сілкіне бастаған уақыт. Көп ұзамай осы жер сілкінісінен Түркия мен Сирияда ондаған мың адам опат болды. Әзірше екі елде 36 мыңның адамның қазасы расталып отыр.

Тоқаева жердегі баяу дірілді сезбесе де, мазасы кеткен мысығының түйсігіне сенім артқан. Керек-жарағы мен мысығын қолына алып, көшеге атып шыққан. Шығарында көршілерінің есігін қағып жүрген. Үйден шыққан бойда жер сілкінісі анық байқалған.

Жаңыл Тоқаева мен оның мысығы.
Жаңыл Тоқаева мен оның мысығы.

"Қайда барарымызды білмей, түске дейін көшеде жүре бердік. Жауын жауып тұрды. Ана жерге барсақ, ол жақта үй құлап жатты; мына жерге барсақ, бұл жақта үй құлап жатты" дейді ол Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында.

Бұл сұхбатты ол қала шетіндегі су электр станциясында берген. 7,8 балдық жер сілкінісінен тірі қалғандардың біразы осы станцияны паналаған. Тоқаева ол жерге жеткендер аман екенін, бірақ азық-түлік жетпейтінін айтқан.

"Жүріп бара жатқанымызда, жер қайта сілкінді. Бұл жолы қаттырақ сезілді. Аяғымды басып тұра алмадым. Алғашқы сілкіністен аман қалған үйлер бұл жолы құлай бастады" деп еске алды Тоқаева.

Орталық Азияда Тоқаева айтқан естеліктер мен қираған үйдің астынан табылып жатқан сәбилердің суреті апатты аймаққа көмек жіберу науқанын күшейтті. Көмек, негізінен, Түркияға бағытталып жатыр. Аймақтағы барлық бес мемлекет осы елге құтқару тобын жіберді.

Бірақ дәл осы суреттер Орталық Азияда "Жер сілкінісіне өзіміз қаншалық дайынбыз?" деген талқыны күшейтті. Өткен ғасырда Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда, өзбек және түркімен астаналары Ташкент пен Ашғабатта ірі жер сілкіністері болған.

"[Кейінгі жылдары] Бішкек пен Ошта көпқабатты үйлер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті" деп шағынады қырғыз заңгері Медер Әлиев елдегі ең ірі екі қаланы мысал етіп.

"Олардың сапасы қандай? Қауіпсіздік талабына сай ма? Жер сілкінсе, қандай магнитудаға дейін төтеп бере алады? Біз осының бәрін шұғыл тергеуге тиіспіз".

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӘНЕ ЗІЛЗАЛА ТАРИХЫ

1948 жылы Түркіменстан астанасы Ашғабатта 7,3 балдық жер сілкінісі болды. Совет Одағы кезіндегі жаппай цензурадан зілзала кезінде қанша адам мерт болғанын дәл айту мүмкін емес. Бірақ ондаған мың адам қаза тапқан болуы ықтимал. Елдің бірінші президенті Сапармұрат Ниязовтың анасы да осы апатта опат болған.

1966 жылы осыған ұқсас зілзала Орталық Азияның ең ірі қаласы – Ташкентте болды. Бірақ онда қаза тапқандар саны аздау еді.

1,8 миллион халқы бар Алматы да сейсмика жағынан қауіпті қала саналады. 1911 жылғы жер сілкінісі кезінде қала түгел дерлік қирап қалған. Халық саны бүгінгіден 10 есе аз қала ол кезде Верный деп аталған. Сілкіністің эпицентрі қазіргі Қырғызстан жерінде болған. Алматыда 19-ғасырда да екі қуатты жер сілкінісі болғаны белгілі.

Тәуелсіз мемлекет атанғалы Орталық Азия елдерінде салдары ауыр мұндай апаттар бола қойған жоқ. 2008 жылы ғана Қырғызстанның Нұра ауылында 6,6 балдық сілкініс болып, 70-тен астам адам қаза тапты. Эпицентрі қытай-қырғыз-тәжік шекарасы тұсында болды.

Түркияның Адиаман облысы Голбаси қаласында қираған үйдің жанында отырған адамдар. 8 ақпан.
Түркияның Адиаман облысы Голбаси қаласында қираған үйдің жанында отырған адамдар. 8 ақпан.

Түркия мен Сириядағы кейінгі зілзаладан кейін Орталық Азия елдеріндегі сейсмология институттары мамандарының сөзі БАҚ беттерінде жиі кездесетін болды. Олардың бәрі бірауыздан үйлер 9 балға дейінгі сілкініске төтеп бере алатындай (Алматының жоғарғы бөлігінде стандарт – 10 балл) етіп соғылуы керек дегенді айтумен болды.

Бірақ бұл талап орындалып отырғанына күмән көп. Тәжік астанасы Душанбеде тұратын архитектор Рустам Мукимов коммунизм дәуірінде тұрғын үй кешендерінің үлгілері қала сыртында сыналғанын айтады.

"Олар арнайы құралмен үйдің қабырғасы мен шатырын сынайтын. Сынақ болды. Қазір ондай талап жоқ. Меніңше, олардың бұған ақшасы жоқ" дейді Мукимов.

Қырғызстанда 2010 жылғы төңкерістен кейін және Өзбекстанда 2016 жылы Шавкат Мирзияев президент атанғаннан кейін құрылыс қарқыны күшейді. Екі елде осы жөнінде алаңдаушылық бар.

Таяу Шығыстағы жер сілкінісінен екі күн өткен кезде Мирзияев Ташкенттегі құрылыстарды тоқтата тұруды тапсырды. Оған ресми себеп ретінде қалаға жаңа жоспар керегі айтылды. Таяу Шығыстағы табиғи апат туралы сөз болмады.

Содан бір күн бұрын елдегі құрылыс вице-министрі соғылған үйдің қауіпсіздігіне үкімет қана жауапты емес деп, сынға қалды.

"Құрылыс жұмысына, негізінен, сол құрылысты бастағандар, яғни ғимарат иесі жауапты" деді вице-министр Давронжон Одилов.

Одилов "мемлекет бекіткен стандарттарды, ережелерді және бұйрықтарды қадағалауға" кепілдік бере алатынын, бірақ "адам қатесіне" жауап бере алмайтынын айтты.

Ташкенттегі жаппай құрылысты қадағалаған қала әкімі Жахонгир Ортиқхожаев қаңтарда қызметінін айырылған. Ел президенті Шавкат Мирзияев оны аяз қысқанда қаланы жылумен қамтамасыз ете алмағаны үшін жұмыстан шығарған. Осыдан кейін елде "бұрынғы әкім отбасымен шетелге шықпақ болғанда ұсталды" деген хабар тараған. Бірақ бұл хабар әзірше расталған жоқ.

ЖЫРАҚТА ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРДЫҢ АРЫЗЫ

Осы жер сілкінісі басқа елде болғанда, аталған елдерде мұндай шұғыл реакция байқала қоймас еді. Түркияда Орталық Азия елдерінің жүздеген мың азаматы тұрады, жұмыс істейді. Бұл – Түркияны еңбек мигранттары үшін Ресейден кейінгі ең танымал екінші ел етіп тұр.

Зілзала кезінде кемі бір өзбек азаматы, екі қазақ азаматы қаза тапқаны расталды. Із-түссіз жоғалғандары да бар.

Азаттықтың Түркімен қызметіне берген сұхбатында түркімен азаматы Мәриямгүл Баймұрадова өз елінің билігіне үндеу жолдап, Түркияның апаттан ең қатты зардап шеккен облыстары – Адана мен Малатиядағы, сондай-ақ апат эпицентрі Қаһраманмараш қаласындағы депортация орталықтарына шығып, ондағы түркімен азаматтарының халін білуге шақырды.

"Азаматтарыңыздың қамын ойлаңыздар!" деп талап етті Баймұрадова үкіметінен.

Құлаған үйлердің қирандыларынан тірі қалған адамдарды іздеп жүрген құтқарушылар. Қаһраманмараш, Түркия. 9 ақпан 2023 жыл.
Құлаған үйлердің қирандыларынан тірі қалған адамдарды іздеп жүрген құтқарушылар. Қаһраманмараш, Түркия. 9 ақпан 2023 жыл.

8 ақпан күні Түркіменстанның бұрынғы президенті, елдің іс жүзіндегі билеушісі саналатын Гурбангулы Бердімұхамедов Таяу Шығыстағы зілзала кезінде түркімен азаматтары зардап шеккенін мойындады, бірақ одан артық ешнәрсе айта қоймады.

Еуропада тұратын диссиденттердің Turkmen News сайты түркімен үкіметі қаза тапқан төрт азаматтың мәйітін елге әкелгенін хабарлады.

Кейінгі күндері Түркияға Орталық Азия елдерінен ондаға құтқарушы барды, тонна-тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Үкімет ұсынған жәрдемнен бөлек, қарапайым азаматтардың бастамасымен ұйымдастырылған көмек те жіберіліп жатыр.

Қазақстанда бір топ әйел Түркияға жіберу үшін 4000 мың көрпе-төсек тігіп жатыр, жергілікті кәсіпкер үйінен айырылғандар үшін 120 киіз үй жіберуге жылу жинайтынын мәлімдеді.

Орталық Азия елдерінің азаматтары Түркияны сенімді сауда әріптесі, маңызды инвестор көреді. Жергілікті құрылыс саласында түрік компаниялары да көп. Осы себепті аймақ тұрғындарына зілзаладан зардап шеккен Түркияның 70 елден келіп жатқан гуманитарлық көмекке зәру болғаны жағымсыз әсер қалдырды.

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков Азаттыққа берген сұхбатында Түркияның оңтүстік-шығысы Шығыс Анатолия сейсмикалық белдеуінде орналасқанын, сол себепті апат ауыр болғанын атап өтті. Маман Алматыда дамытылып жатқан дабыл жүйелеріне сенетінін, құрылыс стандарттары қатаң орындалып отырғанын айтады.

"Түркияда құрылыс стандарттары қаншалық сақталғанын айта алмаймын. Бұл біз үшін беймәлім" дейді Өзбеков. "Бірақ 19-ғасырдың соңындағыдай ірі жер сілкінісі бола қалса, Құдай өзі кешірсін, өз ресурсымызға сенуден басқа амал қалмайды. Егер Түркия секілді шамамыз келмесе, көмегіне жүгіне алатын сенімді серіктеріміз бар".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG