Жоғарғы соттың азаматтық істер бойынша сот алқасы экс-президенттің бауыры Болат Назарбаев пен РLS-ТМ компаниясы үстінен түскен шағымды қарады. Шағым иесі – қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Комитет соттан "Алматы ауыр машина жасау зауытының" АҚ (АЗТМ) құнды қағаздарын алып-сату бойынша жасалған келісімнің бір бөлігін жарамсыз деп тануды сұраған. Өтініш орындалды деп жазды Informburo.kz сайты.
Басылымның жазуынша, Болат Назарбаев пен қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік комитетінің өкілдері сот отырысына келмеген.
Іс материалдарына қарағанда, мемлекеттік кірістер департаменті 1998 жылы ақпанда АЗТМ жарғылық капиталының мемлекетке тиесілі болған 31,9 пайыз акциясын "Темир кон" ЖШС-іне 105,3 млн теңгеге сатқан. Алып-сату туралы келісімде зауыттың қызметін сақтап қалу, өндіріс көлемін арттыру, сонымен бірге комитеттің осы шарттардың орындалуын қадағалауы туралы талаптар жазылған.
2007 жылы сәуірде "Темир кон" серіктестігі АЗТМ жарғылық капиталының 86,78 пайыз акциясын Болат Назарбаевқа сатқан. Бұл акцияның 31,9 пайызы мемлекетке тиесілі болған. Екі жылдан соң мемлекеттік мүлік комитеті, "Темир кон" ЖШС мен Болат Назарбаев 1998 жылы жасалған келісімдегі тұлғалардың міндетін өзгерту туралы келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес, егер Болат Назарбаев талаптарды орындамаса, ол мемлекеттік акция пакетін комитетке қайтаруға тиіс.
Ал ертесінде Болат Назарбаев PLS-ТМ компаниясына зауыттың 398 246 жай акциясын сатқан, арасында мемлекет пакеті де болған.
"Мемлекеттік акция пакетінің иесіне айналған Болат Назарбаев алғашқы келісімдегі ерекше шарттарды орындау міндетін мойнына алған. PLS-ТМ компаниясымен келісім жасалған кезде зауыттың қызметін сақтап қалу, өндіріс көлемін арттыру, қауіпсіздік стандартын орындау сияқты міндеттер күшінде еді. Болат Назарбаевтың жаңа сатып алушыға өз міндеттерін тапсырмай тұрып даулы акцияларды беруге құқығы жоқ еді" деп жазылған Жоғарғы сот қаулысында.
Осылайша сот алқасы Болат Назарбаев комитетке даулы акцияларды қайтаруы керек деген қорытындыға келген. Жоғарғы сот бас прокурордың наразылығын қанағаттандырып, 2012 жылғы Алматы сотының шешімінің күшін жойды. Шешімге сәйкес, енді Болат Назарбаев АЗТМ жарғылық капиталының мемлекетке тиесілі 31,9% жай акцияларын мемлекетке қайтаруға тиіс. Басылымның жазуынша, 2011 жылдан бері істі түрлі инстанциядағы соттар қараған.
- Болат Назарбаев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі. Кемінде 238 адам өлген Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен оған жақын адамдардың биліктегі ықпалы әлсірей бастағаны туралы түрлі болжам айтылған. Назарбаевтың кейбір туыстары лауазымды қызметтерден алынып, кейбірі түрмеге қамалды.
- Нұрсұлтан Назарбаев билік құрып тұрған тұста елдегі ең ықпалды бизнесмен әрі ауқатты адамдардың бірі болған Болат Назарбаевты Қаңтар оқиғасынан кейін кезінде "рейдерлік жасады" деп айыптағандар көбейген.
- Былтыр шілдеде билікке жақын ақпарат құралдары Болат Назарбаев "көп жылдан бері науқас екенін" айтып, арбаға таңылған видеосын жариялаған. Жақындары ол бірнеше жылдан бері "қатерлі ісікке шалдыққанын" айтқан. Сарапшылардың кейбірі "науқас Болатты көрсету арқылы туыстары қоғамның аянышын туғызғысы келеді, өйткені оның үстінен іс қозғалуы мүмкін" деп айтқан.