Accessibility links

Қарақалпақстандағы наразылық: Сот 28 айыпталушыға 5-11 жыл аралығында түрме жазасын берді


Қарақалпақстандағы наразылыққа қатысты сот.
Қарақалпақстандағы наразылыққа қатысты сот.

Өзбекстанның Бұхара облыстық сотында Қарақалпақстандағы наразылыққа байланысты айыпталған 39 адамға үкім оқылды. Сот 28 адамды 5-11 жыл аралығында бас бостандығынан айырды. 11 адам сот залында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметіне сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Ең үлкен жаза Оралбай Досназаровқа (11 жыл түрме), Өмірбек Құрбановқа (10,5 жыл түрме), Дәуренбек Рамановқа (9 жыл түрме), Рустам Досымбетов, Нұратдин Хабипов, Замирбек Тәжімұратов, Азамат Алланазаров, Асылбек Өмірзақов және Шарапат Әшірбековке (әрқайсысына 8 жыл түрме) берілді.

Бұған дейін прокурор 37 адамды 5-12 жыл аралығында соттауды, екі айыпталушының бостандығын шектеуді сұраған.

Осыған дейін ұсталғандарға "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", жеті адамға "қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін материал тарату" баптары бойынша айып тағылғаны хабарланған. Тағы жеті адамға "бір немесе одан көп адамның денсаулығына ауыр зақым келтіру", төртеуіне "заңсыз қару иемдену", бір адамға "күш қолданып, тонау" баптары бойынша айып тағылған.

Қаңтар соңында Бұхара қаласында Қарақалпақстандағы наразылыққа байланысты 22 адамның соты аяқталған еді. Тергеу органдары наразылықтың басты ұйымдастырушысы деп атаған Дәулетмұрат Тәжімұратовқа 16 жыл түрме жазасы берілді. Сот сонымен бірге наразылыққа қатысқан 15 айыпталушыны 3-8 жыл аралығында соттаған. Өзге айыпталушылар, арасында Makan.uz сайтының құрылтайшысы Лолагүл Қаллыханова да бар, шартты немесе қамаудан басқа жаза алған.

Ақпанның басында Өзбекстанда тергеу изоляторында Қарақалпақстанның бірінші президентінің ұлы Полат Шамшетов жұмбақ жағдайда өлген. Одан бес күн бұрын Қарақалпақстандағы наразылыққа байланысты айыпталған Шамшетовті сот алты жылға бостандығынан айырған еді.

Полат Шамшетовтің өзі сотта наразылыққа қатыспағанын, көшеде серуендеп жүргенін айтқан. Билік ол жүрек талмасынан қаза болғанын айтты. Аймақ тұрғындарының көбі бұған күмәнданып қарайды. Шамшетовтің өлімінің жай-жапсарын Нөкістегі наразылықты зерттеу бойынша парламенттік комиссия зерттейді.

2022 жылғы 1-2 шілде күндері Қарақалпақстан автономия республикасының астанасы Нөкіс қаласының тұрғындары Өзбекстан конституциясына енетін кейбір өзгерістерге қарсы наразылыққа шыққан. Жаңа заң жобасында Қарақалпақстанның егемендік мәртебесі мен республика құрамынан өз еркімен шығу құқығы алып тасталған еді. Халық толқуынан соң Ташкент даулы өзгерістерден бас тартқан.

Өзбекстан күш құрылымдары Нөкістегі наразылықты күшпен басқан. Өзбек билігінің мәліметінше, Нөкістегі наразылық кезінде 21 адам өліп, 243 адам жараланған, 500-ден астам адам қамауға алынған. Халықаралық ұйымдар Ташкентті оқиғаны жан-жақты, әділ әрі ашық тергеуге шақырған.

XS
SM
MD
LG