Accessibility links

"Халық парламенті" Жанболат Мамайға араша түсіп, оны толық ақтауды талап етті


Белсенді Жанболат Мамайды қолдап, жиын өткізіп жатқан "Халық парламентінің" мүшелері (солдан оңға қарай): Батыр Адайбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы және Мұхтар Тайжан. Алматы, 5 сәуір, 2023 жыл.
Белсенді Жанболат Мамайды қолдап, жиын өткізіп жатқан "Халық парламентінің" мүшелері (солдан оңға қарай): Батыр Адайбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы және Мұхтар Тайжан. Алматы, 5 сәуір, 2023 жыл.

Бүгін, 5 сәуірде Алматыда оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайға "Халық парламенті" тобы араша түсіп, баспасөз жиынын өткізді. Олар бас прокурор Берік Асыловқа мәлімдеме жасап, белсендіні толық ақтауды талап етті.

Бір күн бұрын прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталып, үйқамақта отырған Жанболат Мамайды 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, жазаны шарттыға ауыстыруды сұрады. Бұған қоса, Мамайдың қоғамдық-саяси іспен, журналистикамен айналысуына, әлеуметтік желілерге жазып, хабар таратуына, партия, қоғамдық ұйым құруына да 6 жылға дейін тыйым салуды сұраған.

Сәрсенбі күні баспасөз жиынында сөйлеген "Халық парламенті" мүшелері прокуратураның өтінішін сынап, Мамайға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салу арқылы билік оның партия құруына кедергі жасағысы келеді деді. Журналистикамен айналысуға бөгет жасау арқылы билік өздерінің теріс әрекеті ашылғанын қаламайды дейді.

– Алты жыл жаза – бұл қазіргі президенттің өкілеті аяқталғанша оған қарсы тұратын адамды саяси алаңға жібермеу ниетінен туындаған айла-шарғы, – деді қоғам белсендісі, "Халық парламентінің" мүшесі Рысбек Сәрсенбайұлы. Ол "өркениетті, демократиялық елдерде билік азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге араласуынан өлердей қорықпайды және мұндай жаза түрі адамдардың саяси бостандығын, сөз бостандығын шектейді" деді.

– ҚДТ, "Көше партияларын" қудалауда қолданылып, сынақтан өткен мұндай жаза тағайындау – Назарбаев жүйесінің жетістігі. Демократиядан кері кеткен, халықтың ашу-ызасын туғызатын жендетше жазалаудан қашан тыйыласыздар, бас прокурор мырза? – деді билікке бағыттаған үндеуді оқыған саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы.

"Халық парламенті" мүшелері мәлімдемеде заңның үстемдік құруын, адамдардың конституциялық құқықтарын қорғауды талап етті. Рысбек Сәрсенбайұлы "Жанболат Мамайға тағылған айыптардың ешқайсысы нақты дәлелін тапқан жоқ" деді.

"Халық парламентінің" мүшесі, заңгер Батыр Адайбаев бұл істі "биліктің саяси тапсырысы" деді.

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан "Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек, Ермұрат Бәпи шынайы тәуелсіз кандидаттар болса, неге Жанболатқа араша түспейді?" деп, мәжіліс депутаттарының үнсіздігін сынады.

– Біз мұндай саясаткерлерді қолдауымыз керек. Өйткені болашақ ортақ. Менің балаларым мен миллиондаған қазақ баласының болашағы қандай болатыны осындай саясаткерлердің арқасында, олардың еңбегіне байланысты. Егер біз мұндай саясаткерлерді қазір қамап тастасақ, болашақ мүшкіл болады, ағайын, – деді Мұхтар Тайжан.

Баспасөз жиынында сөз сөйлегендер бас прокурорға оқыған мәлімдемеге "Халық парламентінің" барлық мүшесі қол қойған соң, оны ресми түрде желіге жариялайтынын айтты. Үндеуге қарсы шыққандар болмаған.

Жақында парламент сайлауында мәжіліс не мәслихатқа өтпеген ондаған кандидат пен азаматтық белсенді "Халық парламентін" құрған. 1 сәуірде Алматыда топтың алғашқы отырысы өтті. Олар 19 наурызда өткен сайлауды заңсыз деп танып, қайта сайлау өткізуді талап еткен.

"Халық парламентінің" құрамында саясаткерлер Рысбек Сәрсенбай, Мұхтар Тайжан, Нұржан Әлтаев, журналистер Инга Иманбай, Арман Шораев, Лұқпан Ахмедияров, экономистер Оразалы Ержанов, Айман Тұрсынхан, құқық қорғаушы Ерлан Қалиев, тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова, саясаттанушы Санжар Боқаев және тағы басқалар бар.

Оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай былтыр ақпанда Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. Оған "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айып тағылды. Бірнеше айдан соң белсендіге Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылды. Кейін Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабымен алмастырылғанын хабарлады. Алайда биыл 26 қаңтарда прокуратура Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыпты қайта тақты.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы саясаткерге қайта айып тағылғанын сынады. Ұйым "саяси реформаға үндеу – қылмыс емес, ал Мамайды 10 жылға бас бостандығынан айыру қылмыс болатыны сөзсіз" деп мәлімдеген.

Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамай келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG