Бүгін, 7 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылында жұрт алтын фабрикасын салу жөніндегі қоғамдық тыңдауға қатысудан бас тартып, әкімдік алдында наразылық білдірді. Олар фабрика құрылысын мүлде тоқтату қажет деп отыр.
– Былтырдан бері 10-ға жуық қоғамдық тыңдау болды. Бірақ наразылығымыз ескерілмеді. Билік тек қоғамдық тыңдау өтті деп құжат толтырумен келеді. Біз бұдан әрі мұндай жиынға қатыспаймыз, талабымыз – фабрика құрылысын тоқтату, – деді белсенді Талғат Исин.
Ауыл адамдарының айтуынша, алтын кенін карьер арқылы ашық әдіспен өндіру, оны цианид қоспасымен жуып-шаю экологиялық апатқа себеп болады. Зиянды заттар фабрикаға белгіленген орынға жақын маңдағы бұлақтармен Маралды, Күршім өзендеріне құяды, ал бұл өзендер Ертіске қосылады.
Сонымен бірге олар фабрика салынса, маңайдағы ауыл шаруашылығына арналған жерлер азайып кетеді дейді. Жиналғандар "Фабриканың салынуына қарсымыз!" деп айқайлады.
Маралды ауылының әкімі Досым Жұмағалиев Азаттық тілшісіне қатысушы болмағандықтан, жиын "өтпеді деп есептелгенін" айтты.
Азаттық тілшісі әкімдік өкілдерінен халықты алаңдатып отырған фабриканың қоршаған ортаға әсері бағаланды ма деп сұраған. Облыстық экология департаменті өкілінің Азаттыққа "Фабрика салынбағандықтан, оның қоршаған ортаға әсері туралы алдын ала айту мүмкін емес. Шұғыл жағдайда ғана кезектен тыс тексеру жүргізуге болады" деп жауап берді.
Қазақстан заңнамасы бойынша, қоршаған ортаға әсері болуы мүмкін кез келген нысан жоспарланған кезде оның табиғатқа әсеріне мамандардың бағасы беріледі.
Фабриканы жобалаушы Maralicha тау-кен компаниясының ақпараты бойынша, қажет болған жағдайда карьерге жиналған су мұнай өнімдері мен қалдық заттардан тазартылады. Өндірісте қолданылған су алаңнан шығарылмайды, "өзенге, жерасты суларына қосылмайды".
Алтын фабрикасын "ВСАМ Продакшн" компаниясы салмақ. Компанияның құрылтайшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығының базасында тіркелген. Билік бұл орталықтағы компаниялардың түпкі қожайынын жарияламайды. Компания ауыл іргесіндегі жерді 10 жылға жалға алған.
ПІКІРЛЕР