Халықаралық Human Rights Watch ұйымы оппозиция белсендісі Жанболат Мамайға шыққан үкімді сынап, ресми Астананың халықаралық әріптестерін соны қозғауға үндеді.
12 сәуір күнгі мәлімдемесінде HRW билік Жанболат Мамайды түрмеге жібермесе де, оны 6 жыл бойы пікір жариялау, жиналу сияқты адамның негізгі құқықтарынан айырғанын айтып өткен. Соның кесірінен белсенді "Қазақстанның демократиялық партиясын" тіркеу, бейбіт жиындарға қатысып, пікір айту, қоғамдық-саяси қызметке араласу мүмкіндігінен айырылғанын атап көрсеткен.
"Мамай жуырдағы парламент сайлауынан кейін сотталып отыр. Сайлауды билік президент Тоқаев уәде берген саяси реформа аясындағы бір ілгері қадам ретінде көрсеткен. Тәуелсіз кандидаттар қатыса алса да, тәуелсіз бақылаушылар әкімшілік тосқауылдар сияқты проблемалар барын атап көрсеткен және билік партияны тіркеу процесін де уысында ұстап отыр. Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын тәуелсіз бақылаушылар әділ өтті деп есептемейді" деп жазылған хабарламада.
Ұйым сонымен бірге Қаңтар оқиғасы бойынша мыңнан астам астам адам соталғанын айтып, бірақ билік "күш құрылымдарының оқ атуы немесе ұсталғандарды азаптауды тергеудің орнына көбіне наразыларды жауапқа тартты" деп жазды.
"Соның салдарынан бір жылдан кейін де Қазақстан билігі тәртіпсіздік кезінде қаза болған 238 адамның өлімі жөнінде (алтауы қамау кезінде азаптаудан өлген – ресми мәлімет) әділдік орната алған жоқ" деп жазды ұйым.
10 сәуірде Алматы соты "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен Жанболат Мамайға алты жыл шартты жаза кескен. Жанболат Мамайға, бұған қоса, "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар тағылған. Саясаткер бұл айыптарды мойындамаған.
HRW 12 сәуір күнгі мәлімдемесінде "Қазақстан билігі күн тәртібінде тұрған реформалары туралы айтқан кезде оның халықаралық әріптестері Мамайдың мәселесін қозғауға тиіс" деп жазды.
"Жанболат Мамай сияқты оппозиция белсенділері саясатқа араласу құқығын еркін жүзеге асыра алмаса, нағыз оппозициялық партияларды тіркей алмаса және сыни пікірлерін интернетте немесе көшеге шығып айта алмаса, үкіметтің саяси реформа жайлы мәлімдемелері бос әңгіме сияқты болып көрінеді" деп жазылған ұйымның мәлімдемесінде.
ПІКІРЛЕР