Accessibility links

Кремль 25 жылға соттаған оппозиционер Владимир Кара-Мурза кім?


Ресей оппозиционері Владимир Кара-Мурза. Архив.
Ресей оппозиционері Владимир Кара-Мурза. Архив.

Владимир Кара-Мурза – Ресей оппозиционері, Владимир Путиннің ашық қарсыласы. Ол 2015 жылы қастандықтан өлген саясаткер Борис Немцовпен бірге АҚШ Конгресін Ресейдің адам құқықтарын бұзушы, жемқор шенеуніктеріне санкция салуға мүмкіндік беретін заң қабылдауға көндірді.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше аптадан соң – 2022 жылғы наурызда Аризона штатында америкалық конгрессмендердің алдында сөйлеген Владимир Кара-Мурза Кремльде отырған диктатор режимді әскери қылмыс жасады деп айыптады.

41 жастағы оппозиционер Владимир Путиннің елді кері сүйрейтінін 1999 жылы желтоқсанда түсінгенін айтты. Ол кезде премьер-министр қызметін атқарып жүрген Путин мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ескі ғимаратында Совет Одағының бұрынғы басшысы Юрий Андроповқа арнап мемориал тақта ашқан.

Бұл Путинді ашық сынайтын Кара-Мурзаға қалыпты дүние болып көрінді. Биыл 17 сәуірде Мәскеу соты ресейлік оппозиционерді мемлекетке сатқындық жасады және басқа да қылмысқа барды деген айыппен 25 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл қоғамда қызу талқы туғызып, көбі оппозиционерге қарсы істен саяси астар іздеді. Кара-Мурза соты постсоветтік кезеңде билікке қарсы тұлғаға ең ұзақ үкім оқылған процесс ретінде есте қалды.

Кара-Мурза Украинадағы соғысты сынамай тұрып-ақ, Кремльдің қырына ілігіп үлгерген.

Тарих мамандығы бойынша білім алған оппозиционер Батыс көшбасшыларын Путинге "жағынудың" қауіпті екенін күні бұрын ескерткен. Ол Ресей президентінің демократия мен бостандықты жоюға қарсы әрекетін италиялық диктатор, фашист Бенито Муссолинидің әрекетімен салыстырған.

Кара-Мурза 2015 жылы әлдекімдер өлтіріп кеткен ресейлік оппозиционер Борис Немцовпен бірге АҚШ Конгресін Ресейдің адам құқықтарын бұзушы, жемқор шенеуніктеріне (олардың арасында Путиннің жақын серіктері де бар) санкция салуға көндірді.

2012 жылы АҚШ президентіне Ресей шенеуніктері мен кәсіпкерлерінің америкалық активтерін бұғаттауға мүмкіндік беретін Магнитский заңының қабылдануына үлес қосқаны үшін екі рет өлім аузынан қалды.

2015 және 2017 жылдары Кара-Мурза Ресейде екі рет ауыр халде ауруханаға түсті. Жақтастары оның уланғанын айтты. Бірінші қастандықтан кейін науқастың кей органдары жұмыс істемей қалып, қайта аяққа тұру үшін ұзақ ем алды.

АҚШ билігі бұл жағдайға қатысты зерттеу жүргізіп, Кара-Мурзаны қасақана улаған деген қорытындыға келді. Азаттық бұл құжатқа 2020 жылы қол жеткізген. Үкімет есептеріне қарағанда, америкалық дәрігерлер мен ғалымдар оппозиционерді улауға биотоксин не радиоактив зат қолданылған деп топшылайды.

Кара-Мурза Магнитский заңын қолдағаным үшін қудаландым деп есептейді. Ол Путин басқаратын Кремль жекелеген адамдарға қарсы санкциялардан қатты қорқатынын, режимнің үрейін алатын дүниелер тізімінде бұл көшедегі наразылықтан кейінгі орында тұратынын айтады.

Шынында Кремль 2010-жылдары АҚШ-та Магнитский заңының қабылдануына қарсылық білдіруге тырысып бақты. Бұл заң ресейлік шенеуніктердің салықтан пайда көргенін анықтаған және олардың қылмысын әшкерелегені үшін қамауға алынып, Мәскеу түрмесінде қаза тапқан заңгердің фамилиясымен аталады. Кара-Мурза Магнитский заңын Конгреске "Путиннің жақын серіктеріне тікелей соққы беретін "ресейшіл заң" деп таныстырды. Кейінірек Батыстың басқа елдері де осыған ұқсас заңдар қабылдап, Ресейге жаңа соққы берді.

Владимир Кара-Мурза 2015 жылы уланды деп ауруханаға түскен соң, белгілі бір уақыт таяқ сүйеніп жүрді.
Владимир Кара-Мурза 2015 жылы уланды деп ауруханаға түскен соң, белгілі бір уақыт таяқ сүйеніп жүрді.

Магнитский заңы бойынша алғашқылардың бірі болып Кара-Мурзаның ісін қараған судья Сергей Подопригоров санкцияға ілікті.

Заң қабылданғаннан кейін Кара-Мурза АҚШ-ты санкция тізіміндегі ресейліктер қатарын арттыруға үндеді. 2017 жылы наурызда АҚШ сенатында өткен жиында оппозиционер "санкцияға лайық тұлғаның шені мен беделіне қарамау керек" деп ескертті.

2017 жылы ақпанда Кара-Мурза екінші рет уланардан бір ай бұрын АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама Путиннің университетте бірге оқыған досы, тергеу комитетінің басшысы болып, билікке қарсы азаматтарды басып-жаншумен айналысқан Александр Бастрыкинге санкция салды.

НЕМЦОВТЫҢ КӨМЕКШІСІ

Кара-Mурза жасөспірім шағынан бері саяси белсенділікпен айналысады. 2000 жылы Ұлыбританияда оқып жүргенінде парламенттің төменгі палатасының либерал вице-спикері, облыс губернаторы, президент Борис Ельциннің тұсында премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған Борис Немцовтың көмекшісі болды.

Оңшыл күштер одағы мен Демократиялық партиялар коалициясын басқарған Немцов 2003 жылғы парламент сайлауында орнынан айырылып қалды. Бұл кезде Путин оппозицияны шеттету үшін мемлекеттік билік пен ақпарат құралдарын түгел қолына алып үлгерген.

Кара-Мурза Путинді ашық сынайтын Немцовтың жақын серіктерінің бірі болды. 2015 жылы Немцовты біреулер өлтіріп кетті. Ол Ресейдің Қырымды тартып алуына қарсы наразылық ұйымдастырып жүріп, Кремльдің жанындағы көпір үстінде атылды. Кара-Мурза Ресейде Немцовтың аты мен еңбегі ұмытылмауына күш салып келеді.

Владимир Кара-Мурза (сол жақта) Борис Немцовпен Вашингтонда. 2014 жыл.
Владимир Кара-Мурза (сол жақта) Борис Немцовпен Вашингтонда. 2014 жыл.

2011 жылы Ресейде парламент сайлауының нәтижесіне қарсы жаппай наразылық болғанда, Кара-Мурза да митингіге шықты. Бұл 1999 жылы Путин билікке келгелі болған ең үлкен наразылық еді.

Кейінірек Кара-Мурза Ресейде демократияны дамытатын жобаларды қаржыландырумен айналысатын "Ашық Ресей" коммерциялық емес ұйымына қосылды. Бұл ұйымды мұнай магнаты, Путиннің қарсыласы Михаил Ходорковский құрған. Ресей билігі оны салық төлеуден жалтарды деп, 10 жылға бас бостандығынан айырған. Кәсіпкер өзіне тағылған айыптарды саяси белсенділігінен көреді.

Ресей оппозициялық қозғалысының ірі өкіліне айналған Кара-Мурза өзімен аттас әкесі, постсоветтік тәуелсіз телевизияның негізін қалаған журналист Владимир Кара-Мурзаның жолын қуды. Ол бір кездері Азаттықта да жұмыс істеген.

2000-жылдардың басында кіші Кара-Мурза Ресей газеттерінде жұмыс істеп, Кембридж университетінде магистратурада оқыды. Кейін Вашингтонға көшіп, 2012 жылға дейін орыс тілінде ақпарат тарататын халықаралық RTVi компаниясында бюро басшысы болды.

Кара-Мурза Вашингтонда тұрған кезінде АҚШ-тың өкілетті тұлғаларымен, оның ішінде Путиннің Капитолийдегі нөмірі бірінші қарсыласы, сенатор Джон Маккейнмен (Аризоналық республикашыл) және сенатор Роджер Уикермен (Миссисипилік республикашыл) жақсы араласып кетті.

Маккейн оны "Магнитский заңының ең мықты қорғаушысы" деп атаған.

2018 жылы ми рагынан қайтыс болардың алдында Маккейн Кара-Мурзадан табытын көтеріп жүруді өтінді.

Кара-Мурза Ресейдегі қуғын-сүргінмен күресін жалғастырып, елдегі тыйымға қарамастан, Мәскеудің Украинаға басып кіруін сынай берді.

"ҚАРАҢҒЫЛЫҚ СЕЙІЛЕДІ"

2022 жылы сәуірде Кара-Мурза Ресей қарулы күштері туралы жалған ақпарат таратты деген айыппен ұсталды. Тамызда Ресей билігі тыйым салынған шетелдік ұйым қызметіне қатысты, ал екі айдан кейін Аризонадағы мәлімдемесі үшін мемлекетке сатқындық жасады деген айыптаулар қосты. Ол жабық өткен сот процесін 1930-жылдары Сталиннің тұсындағы соттармен салыстырды. 10 cәуірде Washington Post жариялаған соттағы соңғы сөзінде Кара-Мурза оппозицияда болғанына өкінбейтінін, керісінше, мұны мақтан тұтатынын айтқан.

Ол "Қараңғылық сейіліп, соғысты соғыс деп, билігін асыра пайдаланған адамды өз атымен атайтын, соғысты тоқтатуға тырысқандар емес, оны бастағандар қылмыскер болатын күн туады" деді.

Кейінгі екі жылда Ресейде бір топ танымал оппозициялық қайраткер түрмеге жабылды. Бәріне Кара-Мурзанікіне ұқсас айып тағылған. Олар қылмыстық істер қолдан құрастырылған дейді.

Владимир Кара-Мурза жары Евгениямен бірге.
Владимир Кара-Мурза жары Евгениямен бірге.

2021 жылы қаңтарда Ресейге оралған бойда ұсталған Алексей Навальныйға 9 және 2,5 жыл түрме жазасы кесілген. Желтоқсанда Илья Яшин 8,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кейінгі жылдары Кара-Мурза отбасымен бірге Вашингтонның іргесінде тұрған. 2022 жылы сәуірде Ресейге оралды. Ол Аризонадағы сөзінен кейін 10 жасында алған өмірлік сабағына берік болды.

1991 жылы тамызда халық Совет Одағының басшысы Михаил Горбачевқа қарсы төңкерісті тоқтату үшін көшеге шықты. Олар бір түнде ықпалды, авторитар режимге қарсы тұра алды.

"Диктатура мен репрессия қанша мықты болса да, өз ісіне адал адамдар дегенінен қайтпай, бостандығы, құқықтары мен ар-ожданы үшін күрессе, сөзсіз жеңіске жетеді" деді Кара-Мурза 2017 жылы америкалық PBS желісіне берген сұхбатында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG