Батыс компаниялары Қарашығанақ пен Қашағанды игеруге 1990-жылдары кіріскен. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында мемлекет пен инвесторлар арасында өнімді бөлу туралы келісімге қол қойылған. Бұл келісімдердің қандай шартпен жасалғаны белгісіз. 2023 жылы көктемде мемлекет компанияларды тендер тәртібін бұзды, Қашағандағы мердігер міндеттемесін толық орындамады деп айыптап отырғаны белгілі болды. Bloomberg агенттігі сәуірдің басында Қазақстан билігі серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразы болып отырғанын жазды.
Наурыздың аяғында Қазақстан билігі Қашаған кен орнын игеруші операторды сотқа арыз беріп, компаниядан қоршаған ортаны ластағаны үшін 5,1 млрд доллар талап етті.
Бұл Қазақстан билігі Батыс компанияларын неге жаппай сотқа бере бастады, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр жазда көтерген "Назарбаев қол қойған өнімді бөлу туралы келісімдерге түзету енгізейік" деген ұсынысы қолға алынды ма, Қазақстан мен шетелдік компаниялар арасындағы дау елдің инвестициялық климатына кері әсер етпей ме деген көп сұрақ туғызды. Азаттық осы және өзге де сұрақтарды Energy Analitics телеграм-арнасының авторы, мұнайшы-инженер, мұнай мен газды басқару саласында MBA дәрежесі бар сарапшы Абзал Нарымбетовпен талқылады.
"ҮШІНШІ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕ ТАНЫМАЛ"
– Өнімді бөлу туралы келісім деген не? Бұл келісім қашаннан бері және қандай шарттар бойынша жасалады?
– Өнімді бөлу туралы келісім – даулы жоба. Мұндай келісімдер үшінші әлем елдерінде танымал. Дамыған елдерде өнімді бөлу туралы келісім жасалмайды. Бұл құжат түрі алғаш рет 1960 жылы Индонезияда, кейін Иранда қолданылған.
Өнімді бөлу туралы келісім қашанда инвестордың мүддесін қорғайды. Мемлекет аз табыс табады, ал инвесторға еш қауіп жоқ. Неге? Өйткені мемлекет инвестордың бүкіл шығынын өтейді. Инвесторлар мен мердігерлер бар жұмысын есепке енгізіп, мемлекетке ұсынып отырады. Сондықтан мұндай келісімдер көбіне шетелдік компанияға ғана тиімді.
Қазақстанда өнімді бөлу туралы келісімдер 1997-1998 жылдары жасалды. Ол кезде елде үлкен дағдарыс болды: Азиядағы кризис, кейін девальвация қыспаққа алды. Мемлекет инвестор тарту үшін өнімді бөлу туралы келісімге отыруға мәжбүр болды.
Қашаған жобасына 50-60 млрд доллар жұмсалды, инвесторлар енді ғана ақшасын қайтара бастады. Инвестордың шығынын қайтарғанда, мемлекеттің пайдасы күрт азаяды. Мысалы, шығынды қайтару кезінде мемлекет табыстың 20 пайызына жетпейтін мөлшерде ғана ақша алады, ал өтемақы мерзімі аяқталған соң, табыс мөлшері 80 пайызға дейін өседі. Екеуінің арасы жер мен көктей. Кей ақпарат көздеріне сүйенсек, қазір мемлекет Қашағаннан 2 пайыз ғана пайда көріп отыр. Бұл – қазынаға мүлде сезілмейтін қаржы. Қашаған Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 20 пайызын береді, ал одан түсетін пайда 2 пайыздан аспайды. Мемлекет қандай шартқа отырғанын түсіндіңіз бе?
– Қашаған Қазақстан үшін даулы жоба болды.
– 1998 жылы Қашаған жобасы бойынша өнімді бөлу туралы келісімге қол қойғанда, мемлекеттің үлесі мүлде жоқ еді. Жоба операторы ретінде ENI компаниясы таңдалды. Ол кездегі басты критерий бойынша, халықаралық компаниялардың қайсысы өндірісті бірінші бастаса, келісімшарт соған бұйыратын. ENI 2005 жылдан бастап мұнай өндіреміз, 8 миллиард жұмсаймыз деп, ең жақсы шарттар ұсынған деген ақпарат бар. Бұл шығын көлемі мен өндіріс уақыты бойынша ең тиімді шарттар болатын.
Қалған инвесторлар мұның мүмкін емесін түсінді. Олар өндіріске кемі 25 миллиард жұмсаймыз, ал мұнай өндіруді 2008 жылы ғана бастаймыз деді. Түсінгенім бойынша, ENI компаниясы жай ғана келісімге отырып алғысы келген. Бұрынғы президент (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) өндірісті тезірек бастауды ғана талап еткен, бірақ компанияға қатысты критерийлерді қарамаған. Нәтижесінде келісімшартты жеңіп алған компания шығынды 8 млрд-тан 60 млрд долларға дейін өсіріп, өндірісті 2006 жылы емес, 2016 жылы бір-ақ бастады. Мемлекет осы уақыт ішінде қандай пайдадан қағылғанын елестетіп көріңізші. Біріншіден, бюджет 7-8 есе өсті. Шығын көбейген сайын мемлекеттің пайда табу мерзімі кейінге сырғи береді. Екіншіден, мемлекет өндіріс көлемін көбейте алмады, өйткені Қашағанда мұнай өндіру уақытылы басталған жоқ.
– Мемлекет жағдайды қалай реттеді?
– Жоба неге уақытылы жүзеге аспай жатыр деген көп айқай-шу болды. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы 2007-2008 жылдары болған дау кезінде көп үлес қосты. 2013 жылы құбырдан газ шығуына байланысты ең үлкен сот болып, компанияға 700 млн доллар экологиялық айыппұл салынды. Бұл сома өтелген жоқ, ақша жетпегендіктен, шығынның бір бөлігі EXPO құрылысына аударылды. "ҚазМұнайГаз" өз үлесін арттыра алмады, еш өзгеріс болған жоқ.
МӘСЕЛЕНІҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ
– Қашаған жобасы бойынша инвесторлар да Қазақстанды сотқа берді ме?
– Қазақстанға қарсы арыз жазу 2020 жылы басталды. Қашаған акционерлері мемлекетті сотқа берді. Олар "қаржы министрлігі салықты тексеру жұмыстарын жүргізбеуі керек, біз мемлекетпен өнімді бөлу туралы арнайы келісімге отырғанбыз" дейді. Яғни мердігерлер мемлекеттің салық кодексіне сай, тексеру жүргізу құқығына қарсы шығып отыр. Салық заңына сәйкес, тексеруге жатпайтын тұлғалар мен ұйымдар тізімі жоқ. Мемлекет кез келген субъектіні тексере алады. Олар бұрынғы тәртіпке үйреніп қалды, осылай жалғаса береді, тексермейді деп ойлады. Бірақ тексеру болу керек. Жаңа салық кодексіне сәйкес, салықты тексеруден ешкім босатылмайды.
2020 жылы акционерлермен сот басталды. 2022 жылы мемлекетке қарсы тағы да арыз тіркелді. Онда жылдық жұмыс бағдарламасын талдау және 2022 жылға арналған бюджетке қатысты талас болды. 2023 жылы Қазақстан да сотқа жүгініп, қарсы арыз беруге көшті.
– Bloomberg мақаласында Қазақстан Қашаған бойынша 13,5 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар ақша ұстап қалған серіктестеріне наразы екенін жазды. Бұл нені білдіреді?
– Сотқа ол арыздар 2010-2019 жылдар аралығында шешілмеген дауларға байланысты жазылған. Қашаған бойынша жалпы сома – 13 млрд доллар. Мемлекет Қашағанға 50 млрд, ал акционерлер 60 млрд доллардан көп ақша салды. Қазақстан 10-15 млрд доллар шығынды қайтарудың қажеті жоқ деп есептейді. Неге? Мысалы, 2013 жылы құбырдан газ шықты. Бұл – оператордың кінәсі, акционерлер мәселені байқамаған. Мемлекеттің еш кінәсі жоқ. Олар 3 млрд доллар жұмсап, құбырларды жөндеп, өндірісті үш жылдан кейінге шегерді. Кінә солардан болса да, мемлекет компания талап етіп отырған 13 млрд долларды төлеуі керек. Бюджетті өздері бекітіп, жұмсап, тіпті, күтпеген мәселелер үшін мемлекеттен ақша алады. Қазақстан олардың кез келген еркелігін көтереді. Олай болмауы керек. Осы жолы мемлекет жазбаша түрде 13 млрд доллар төлемейтінін мәлімдеді.
– Қазақстанға миллиардтаған айыппұл төлеу қалай әсер етеді?
– Шығындарды жабуды өз мойнына алса, мемлекет Қашағаннан 2041 жылы лицензия мерзімі аяқталғанша мүлде табыс көрмейді. Келісімшарт бойынша, мемлекет 2025-2026 жылдары табысқа шығып, жоба ақталуы керек еді. Енді 13 млрд-қа байланысты дау кейінге қалды.
– Қарашығанақта да дәл осы жағдай ма?
– Қарашығанақ акционерлеріне қарсы арыз 2010-2019 жылдары болды. Олар 3,5 млрд доллар сұрап отыр. Бұл дау да Қарашығанақтағы жағдайға ұқсайды. Ол жақта да мемлекет шығынды қайтарғысы келмей отыр. Өйткені шығын қайтарымсыз болуы керек дейді. Негізгі дау – осы. 2020 жылғы сот туралы жазылмады, бірақ бұл кезде мемлекетке қарсы екі рет арыз берілді. Қазақстан сотқа бірінші болып жүгінбегенін айтты.
Қашаған мен Қарашығанақ
Каспий қайраңында, Атыраудан 80 шақырым жерде орналасқан Қашаған кен орны North Caspian Operating Company компаниясына қарайды. Консорциум америкалық Shell, Exxon Mobil, қазақстандық "ҚазМұнайГаз", еуропалық Eni және Total компанияларынан құралған. Қашағанда мұнай өндіру 2016 жылы басталды. Ресми дерек бойынша, кен қоры – 4,8 млрд тонна, жоба операторының мәліметінше, 6 млрд тонна.
Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнын Shell, Eni және америкалық Chevron, ресейлік "ЛУКОЙЛ" және "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы кіретін консорциум игереді. Қарашығанақ – әлемдегі мұнай-газ конденсатының ең ірі қоры шоғырланған кен орны. Жоба қоры 1,2 млрд тонна мұнайдан және 1,35 трлн текше метр газдан тұрады.
ҚАНДАЙ ҚАУІП БАР?
– Бұл процесс ұзаққа созылып, Қазақстанға қиынға соғуы мүмкін бе? Әлде тараптар сотқа дейін келісімге келе ме?
– Қазіргі шарттар 1990-жылғы шарттардан бөлек. Инвесторлардың лицензия мерзімі де аяқталып жатыр. Екінші жағынан, Қашағанда өндіріс артқан жоқ, қазір инвестиция тоқтаған. Әуелгі жоспар бойынша, тәулігіне 1 млн 200 мың баррель мұнай өндірілуі керек еді. Қазір Қашаған тәулігіне бастапқы жоспардан үш есе аз – 400 мың баррель мұнай өндіреді. Инвестициясыз Қашағандағы өндіріс көлемін арттыру мүмкін емес. Ал инвесторлар ақша жаратқысы келмейді. Неге? Өйткені олар осыған дейінгі шығындарын қайтара алмады. Мемлекеттен 13 млрд күтіп отыр. Инвесторлар шығынын толық қайтарып алмайынша, инвестиция салмайды. 2041 жылы Қашағанның лицензия мерзімі бітеді. Инвесторлардың болжамынша, жоба өзін ақтамайды. Сондықтан олар мемлекеттен лицензияны ұзартуды сұрап отыр. Мұндай даулы мәселе көп: мемлекет өндіріс артқанын, инвестиция құйылғанын қалайды. Ал инвесторлар мемлекет шығындарды өтеп, лицензияны ұзартса дейді.
– Лицензияны ұзарта ма?
– Теңіз кен орнын мысалға келтірейік: қазір онда келіссөз жүріп жатыр. Лицензия мерзімі 2033 жылы аяқталады. Акционерлер барын салып, лицензияны ұзартуға тырысады. Мұндай ірі жобадан шығу қиын, бұл – Chevron үшін жайлы жер, өйткені Теңізден түскен табыстың 30 пайызын иеленіп отыр.
Әр акционер табысының кемі 10 пайызы Қашағаннан түседі. Олар көп табыс табады. Қазақстаннан кеткісі келсе, әлдеқашан кетіп қалар еді.
Қазір 1990 не 2000-жылдар емес, мемлекеттің де тәжірибесі артқан. Сотқа мемлекет қана жүгініп отырмағанын, қос тараптан да арыздар барын ашық айту керек. Шын мәнінде бұл дауды акционерлер бастады.
ЖАБЫҚ КЕЛІСІМШАРТТАРДЫ ТАЛҚЫЛАУ...
– Қазақстан келісімдерді өз пайдасына өзгертуді талап етуі керек пе?
– Келісімшартта белгілі бір апатқа жауапты адамдарды жазасыз қалдырмау мәселесі қамтылуы керек. Мысалы, былтыр "Болашақ" зауытындағы газ-сұйықтық сепараторында апат болды. Мемлекет 2,5 млн тонна шикізат өндіре алмай қалды. Бұл пайдадан қағылумен пара-пар. Ал осы апатқа жол бергендер жауапқа тартылған жоқ. Келісімшарт бойынша, акционер жұмыстағы олқылықтар үшін жазаланбайды. Келісім инвесторлар мүддесін қорғайды. Кейін мемлекеттен ақша талап етеді. Шығын көбейіп кетті, мемлекет сот арқылы қарыздарынан бас тартпақ болды. Бұл келісімдерді халыққа түсіндірсе, көпшілік мемлекетті қолдар еді. Осылай тәптіштеп түсіндірмесе, инвесторлар құқығы бұзылып жатқандай көрінеді. Не инвестор, не мемлекет бір-бірінің құқығын бұзып жатқан жоқ, жай ғана отырып, жағдайды талқылайтын уақыт келді.
Инвесторлар 1997 жылы Қашағандағы өндіріс көлемін арттырамыз деген міндеттеме алса, соны орындауы керек. Тәулігіне 400 мың баррель – Қашаған әлеуетінің үштен бірі ғана. Кен орнының әлеуетін толық пайдаланбасақ, қысым төмендеп, көп мөлшерде мұнай өндіре алмай қаламыз. Түсінесіз бе? Қазір инвестиция салсақ, болашақта мұнай қоры сақталып, өндірісті жалғастыруға болады.
– Өнімді бөлу туралы қазіргі келісіммен мемлекеттің қолында сотқа жүгінуден басқа ықпал ету тетіктері жоқ па?
– Иә. Өйткені келісімшартта мәселені сот арқылы ғана шешуге болады деп жазылған. Бұл – үшінші тарап. Қос тарап келісімге келе алатын тәуелсіз алаң болуы керек деген идеяға қосыламын.
– 2022 жылы жазда Қасым-Жомарт Тоқаев өнімді бөлу туралы келісімшартты "түзету" керегін айтты. Президент келісімдер 30 жыл бұрын басқа жағдайда жасалған, қазір оларға түзету енгізу керек деп түсіндірді. Келісімшартты ондаған жылдан кейін қайта қарау дұрыс деп ойлайсыз ба?
– Басында 40 жылға келісімге отырып, кейін шарттарды өзгертуге болмайды. Ескі міндеттемелерді сақтап, жаңа келісімге басқа шарттар қарастыру керек.
Мемлекет тарапынан бақылау да қажет. Өйткені мұндай мәселелер болмауға тиіс, мемлекет компания шығынын қайтармайды. Ортақ келісімдерді сақтап, шығынды азайтып, өндіріс көлемін арттыруды бақылау керек деп ойлаймын. Инвесторлар жобаны дұрыс әрі сапалы тапсырғанын қадағалау маңызды.
ПІКІРЛЕР