Accessibility links

"Тарифті өсіру, шабан реформа, салақ халық". Тоқаев өткізген жиында не айтылды?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

19 сәуірде Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге арналған кеңес өтті. Оған үкімет мүшелері, республикалық маңыздағы қалалардың, облыстар мен аудандардың әкімдері және жергілікті мәслихат хатшылары қатысты.

Жиын басталардан бір сағат бұрын үшінші қабаттағы журналистер отырған бөлменің есігін тарс жауып тастады. Екінші қабаттағы үлкен залда сағат 10-да басталған кеңесті БАҚ өкілдері монитордан бақылады.

ЕСКІ ТӘСІЛДЕН АРЫЛМАҒАН ҮКІМЕТ

Тоқаев елде саяси реформалардың бірінші кезеңі аяқталды деп мәлімдеді. Жақында кезектен тыс өткен парламент пен мәслихат сайлауын, үкімет қайта жасақталғанын сөзіне дәлел ретінде келтіргендей болды. Бірақ кейінгі сайлау әділ өтпегенін, заңды өрескел бұзу фактілері көп болғанын мәлімдеген және президентке үндеу жасаған адамдар туралы тіс жарған жоқ.

– Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтадық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан біз нақты іс-шараға баса мән беруге тиіспіз, – деді президент залда отырғандарға қарата сөйлеген сөзінде. Арасында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінен билікте жүргені бар үлкен бір шоғыр атқамінер оның сөзін бас шұлғи отырып тыңдады.

– Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс, – деді президент.

Тоқаев екінші президент ретінде билік басына келген 2019 жылдан бері елде түрлі сала бойынша реформалар жасалады деп бірнеше рет уәде берген. Бірақ Ақорданы сынап жүргендер іс жүзінде Назарбаев кезіндегі суперпрезиденттік басқару жүйесі еш өзгермей, биліктің "реформа" дегені сырттай сылап-сипау ғана болды дейді.

Президент бүгінгі жиында осыған дейін айтқан кейбір сөзін қайталап шықты. "Күрделі кезеңде тұрмыз", "экономиканы монополиядан арылту – маңызды міндет", "әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн", "жүйелі жұмыс жүргізу керек", "бизнеске барлық жағдайды жасаймыз" және тағы басқасы бұл жолы да айтылды.

Жиында сөйлеген премьер-министр Әлихан Смайылов биыл бірінші тоқсанда елде жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 4,9 пайыз болғанын хабарлады.

– Қазақстанның халықаралық резервтері 94 млрд доллар болды. Былтырғы жылдың басынан бері Ұлттық қордың активтері 3 млрд доллар өсіп, 58 млрд долларға жетті, – деді Смайылов.

ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ТУРАЛЫ

Астанадағы жиын Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесі бойынша наразылық күшейіп тұрған шақта өтті. Жақында Жаңаөзеннен Астанаға арнайы келіп, тұрақты жұмыс тауып беруді талап еткен жұмысшыларды билік күш көрсетіп ұстап, пойызбен үйіне қайтарған. Наразы мұнайшылар мен "ҚазМұнайГаз", энергетика, еңбек министрліктері және "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры өкілдері арасындағы келіссөз әлі біткен жоқ. Сәрсенбі күнгі алқалы жиында Жаңаөзеннің жағдайы да айтылды.

– Биыл Жаңаөзен қаласында жалпы қуаты 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталады, – деді үкімет басшысы Смайылов.

Оның орынбасары Алтай Көлгінов елде мұнай-газ өндіретін кәсіпорындарға қызмет көрсететін компаниялармен еңбек келісімшарттарын 1 жылдан 3 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Ол батыс өңірлерде еңбек мәселесі бойынша шиеленісті жағдай барын, "кейбір кәсіпорындарда қауіп сақталып отырғанын" айтты. Бірақ олардың атын атамады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев "биыл 39 мың жұмыс орнын, соның ішінде 32,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз" деп мәлімдеді. Ноғаев жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін облыс бюджетінен 1,4 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Былтырдан бері өңірде 134 еңбек дауы болған. 117 еңбек дауының 112-сі "шешілген", 49 еңбек дауында жұмысшылар жұмысты үш сағаттан көп уақытқа тоқтатқан.

Ноғаев 2023 жыл басталғалы облыста 17 еңбек дауы болып, төрт ереуілде жұмыс үш сағаттан көп уақытқа тоқтағанын айтты. Бес еңбек дауы шешілді, 12 дау "мониторингіде" деді әкім.

Тоқаев "мұнай-газ саласына қарап отырған Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылданғанын" айтты.

– Үкімет жауапты болады. Батыстағы жастардың көбі мұнайшы болғысы келеді, бұл дұрыс емес. Мұнай таусылған кезде жағдай қиындауы мүмкін. Сондықтан жастар басқа мамандықтарды игеруі үшін жағдай жасауымыз керек. Мысалы, қазір сұранысқа ие саланың бірі – ақпараттық технология, осы саланы Маңғыстауда дамытуға болады. Біз білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек, – деді Тоқаев.

Ақорда жұмыссыздық деңгейі жоғары моноқаланы дамыту үшін түрлі бағдарлама қабылданғанын бұған дейін де бірнеше рет мәлімдеген, бірақ жергілікті халық одан нәтиже аз деп сын айтады. Сарапшылар авторитар билік режимі нығайған кейінгі 30 жылда шешімін таба алмай қордаланған әлеуметтік проблемалар жалғыз Жаңаөзенде емес, басқа өңірлерде де көп дейді.​

"ШЕККЕ ЖЕТКЕН СИЯҚТЫМЫЗ"

12 сәуірден бастап Қазақстанда бөлшек саудада жанармай бағасы өскен. Энергетика министрі АИ-92 маркалы бензиннің литрі 205 теңгеден, бір литр дизель отыны 295 теңгеден аспасын деген бұйрық шығарған. Бірқатар аймақта наразылық туғызған жанармайдың қымбаттауын Тоқаев бүгінгі жиында амалсыз шара деп атады.

– Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі керек. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек, – деді президент.

Үкімет басшысы "кейінгі төрт аптада елде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттаған жоқ, наурызда инфляция төмендеді" деп мәлімдеді. Ал Тоқаев азық-түлік бағасы кейінгі 15 жылда болмаған деңгейге өскенін, биыл ақпанда инфляция 21 пайыз болып, шарықтау шегіне жеткенін айтты. "Инфляцияның басты себебі – ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларының дамуында нақты нәтиже жоқ, импортқа тәуелдіміз" деді президент.

Тоқаев инфляция кесірінен халықтың табысы құнсызданып жатқанын айтып, "жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз" деді.

Президент елдің коммуналдық шаруашылық саласы инфрақұрылымсыз қалмас үшін тарифті біртіндеп көтеріп, нарық сұранысына сай деңгейге жеткізуге тура келетінін мәлімдеді. Бұған былтыр баға мен тарифке субсидия ретінде "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорынан 1 триллион теңгеден артық қаржы жұмсалғанын мысал қылып келтірді. "Бұл – нарық экономикасы принциптерін көпе-көрінеу бұрмалау" деді ол.

Былтыр қарашада Екібастұз жылу электр орталығында ірі апат болып, 150 мыңдай адам тұратын қалада жүздеген отбасы 30 градус аязда жылусыз қалған. Кейінірек үкімет елдегі 37 орталық жылу құбырының 19-ы апат жағдайында тұрғанын, тозығы жеткен жылу электр станцияларын жөндеу 182 миллиард теңгеге түсетінін хабарлаған.

Кеңейтілген кеңестен кейін энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев журналистерге Қазақстанда алдағы үш ай ішінде сұйылтылған газдың литрі әуелі 5-10 теңге қымбаттап, кейін біртіндеп өзіндік құнын ақтайтындай деңгейге дейін өсетінін айтты.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына түрткі болған наразылық 2022 жылдың басында Жаңаөзенде сұйылтылған газдың қымбаттауынан туындаған еді. Кейбір сарапшылар "дағдарысқа қарсы тиімді шара қолдана алмаған билік наразылықтың артуына жол ашып отыр" деп есептейді.

"САЛДЫР-САЛАҚ ХАЛЫҚ, ЖАЯУ ӘКІМ"

Қазақстан президенті елдегі қалалардың, оның ішінде Астананың да сырт келбетіне көңілі толмайтынын меңзеді. Тоқаев Шығыс Еуропа, Балқан елдерінде қала көркін жақсартуға "жергілікті билік қана емес, тұрғын халық та атсалысатынын" мысалға келтірді.

– Бізде қала халқы өзі тұратын көшеге, үйге салдыр-салақ қарайтынын бәріміз көріп жүрміз, бұл бүкіл елдің беделіне нұқсан келтіреді. Мұндай жағдай Астанада да бар, – деді үстелді саусағымен шерте сөйлеген Тоқаев.

Президент әкімдерге өздері басқаратын елді мекендегі жағдайды жаяу аралап көруді тапсырды. "Бұл астанаға да қатысты" деді ол мінберде тұрған Астананың әкімі Жеңіс Қасымбекке.

Тоқаев қазір 600 мыңнан астам тұрғыны таза ауызсуға зәру болып отырған Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің қатарына кіруі мүмкін екенін айтты. Ол Астанадағы су тапшылығын "құрылыстың көбеюінен" деді. "Бұл – бір қаладағы ғана емес, тұтас аймақтағы ірі мәселе" деп, халықты суды үнемдеуге шақырды.

"ТЫҢ ТӘСІЛ" ДЕГЕН ҚАЙ ТӘСІЛ?

Сәрсенбі күнгі жиында Қазақстан президенті ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің "тың тәсілдері қажет" деп мәлімдеді.

– Сол үшін тиісті стратегияны заман талабына сай қайта қарау керек. Сыртқы саясат тұжырымдамасы да жаңартылуға тиіс. Бұл құжат мүлде басқа геосаяси жағдайда қабылданған. Қазір көп нәрсе өзгерді. Яғни ішкі қауіпсіздікті сақтау, қорғаныс қабілетін күшейту, Қазақстанның және бүкіл Орталық Азия аймағының халықаралық деңгейдегі беделін арттыру мәселелері басты назарда болуы керек, – деді Тоқаев. Алайда ол "тың тәсіл" деп нені меңзегенін ашып айтпады.

Қазақстан сырт елдермен қатынаста Назарбаев тұсынан бері "көпвекторлы саясат" ұстанып келеді. Бірақ Ресейдің Украинаға басқыншылығы және Астананың одақтасы Мәскеуге Батыс елдерінің санкция қысымы үдеген шақта ол ұстанымда қалу оңайға соқпайтыны байқалады. Қазақстан билігі биыл 23 ақпанда БҰҰ Ресейден Украинадағы әскери іс-қимылын дереу тоқтатуды және көрші мемлекет аумағынан әскерін алып кетуді талап ететін резолюция қабылдағанда дауыс беруден қалыс қалған.

Сәрсенбі күні Тоқаев Астанада "саяси реформалар" мен "тың тәсілдер" жөнінде айтып жатқан шақта Алматыда екі белсенді биліктің келісімінсіз бейбіт жиынға қатысқаны үшін жауапқа тартылды. Бауыржан Әтінбаев пен Құдайшүкір Абдуллаев 9 сәуірде Алматыдағы наразылық митингісінде өлең оқып, пікір айтқан. Сот Әтінбаевқа 172 500 теңге (50 АЕК), Абдуллаевқа 72 450 теңге (30 АЕК) айыппұл салды.

Шешімге көнбеген белсенділер апелляциялық шағым беретінін айтты.

– Сот онлайн өтті. Адвокаттарымды шақыруды және сотты офлайн өткізуді талап еттім, бірақ пысқырған да жоқ. Айыппұл төлейтін ақшам да жоқ, – деді Абдуллаев Азаттыққа.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG