"Оператор РОП" ("Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы") ісі бойынша айыпталып жатқан бұрынғы экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов, "Оператор РОП" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, компанияның бұрынғы бас директоры Светлана Коротенко және компанияның бұрынғы қаржы директоры Рүстем Темірбек өздеріне тағылған кінәні мойындаудан бас тартқан. Бұл туралы 21 сәуірде сот отырысына қатысып отырған "Власть" тілшісі хабарлады.
Пірімқұлов пен Құмарғалиев "қылмыс істеген жоқпыз", "айыпты мойындамаймыз" деп мәлімдеген.
Рүстем Темірбек айыптау мәні өзіне түсініксіз екенін айтып, қылмыстық істегі бүкіл компанияның түпкі иесі Әлия Назарбаева (елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы – ред.) екенін еске салды. "Иелік етіп отырған – оның қызметшісі емес, Әлия Назарбаеваның өзі. Ол – тікелей құрылтайшы. Менің не кінәм барын түсінбеймін, Экологиялық кодекске қатысты міндеттемелер орындалды ғой" деді ол.
Светлана Коротенконың сөзі де осыған ұқсас. "Бұл фамилияны неге айтпай отырғанын түсінемін. Олай болса, мені де бұл жерге қосудың қажеті жоқ. Прокурордың айтуынша, 20 адамнан тұратын жұмыс тобы мен вице-министрді мен жаңылыстырған екенмін. Бұл – абсурд. Айыптауға келіспеймін" деді Коротенко.
Жауапкерлер бұдан бұрын да Әлия Назарбаеваның есімін атаған. Рүстем Темірбек сотқа Әлия Назарбаевадан жауап алуды сұрап өтініш айтқан, бірақ судья көнбеді.
"Оператор РОП" компаниясының бұрынғы басшылығы мен экология министрінің орынбасарына қатысты сот ісі 17 сәуірде Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотында қарала бастады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "экология министрлігі мен "Оператор РОП" ЖШС лауазымды адамдары 180 млрд теңге ұрлап, қаржыны қоқыс өртейтін алты зауыт салатын компанияға аудармақ болғанын" анықтаған. Екі жыл бұрын экология министрлігі елде жалпы қуаты жылына 300 мың тоннаға жуық болатын қалдық сұрыптау кешендері салынады деп хабарлаған еді.
2022 жылғы қаңтарда "Оператор РОП" ЖШС басқарушы директоры Руслан Шәмшиев өлі табылған. Есіл аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") бойынша қылмыстық іс қозғады. "Антикор" компанияның бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға іздеу жариялаған. Ол 2017-2018 жылдары утилизация алымы жинағынан Экологиялық кодекстің талаптарын бұза отырып, 920 млн теңге мөлшерінде заңсыз дивиденд алды деп айыпталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған.
ПІКІРЛЕР