2022 жылғы қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы төрт күндік қақтығыста қырғыз және тәжік әскерлері "соғыс заңын өрескел бұзды" деп мәлімдеді Human Rights Watch (HRW) ұйымы. Мемлекетаралық қақтығыста 100-ден астам бейбіт тұрғын мен сарбаз опат болған.
2 мамырда егжей-тегжейлі есебін жариялаған HRW ұйымы – ірі құқық қорғау ұйымдары арасында қырғыз-тәжік шекарасындағы 2022 жылғы қақтығысқа бірінші болып баға беріп отыр.
HRW ұйымының мәлімдеуінше, екі мемлекеттің қақтығыс кезіндегі көптеген әрекеті "соғыс қылмысына теңестірілуі мүмкін".
Баяндамада бейбіт тұрғындар мен жедел жәрдем көліктерін атқылау, жарылғыш заттарды жосықсыз қолдану, әскерилердің адамдарды сот-тергеусіз өлтіру, бейбіт тұрғындардың үйі мен мүлкіне өрт қою жағдайлары сипатталған.
Ұйым екі ел үкіметін "халықаралық гуманитарлық құқықты өрескел бұзғандарды" жауапқа тартуға, қарулы күштерді қақтығыс жағдайында халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын ұстануды үйретуге шақырады.
Құжат авторлары екі ел арасындағы демаркация туралы келіссөздерде шекара маңындағы жұрттың "білім алуға, қалыпты үй-жайға және суға" деген құқығы да ескерілуі керек дейді. Жері құнарлы бұл өңірлерде су тапшылығы байқалады.
HRW ұйымының 89 беттік есебі 86 адамнан алынған сұхбатқа сүйеніп жазылған. Ұйым зерттеушілеріне сұхбат бергендердің қатарында 69 адам оқиғадан зардап шеккен не оның куәгері болған я болмаса қаза тапқан адамның туысы болған. Зерттеушілер 2022 жылғы қазан және қараша айларында оқиға орнында 10 күн жүрген. Олар дәрігерлердің жазбаларын және өзге де құжаттарды, спутниктен түсірілген суреттерді, оқиға кезінде және одан кейін түсірілген 12 видеоны да саралаған. Сонымен қатар авторлар лазермен бағытталатын әуе бомбасының әсерін және жедел жәрдем көліктеріне шабуылдардың ықпалын анықтау үшін 3D-модельдеуге жүгінген.
Құқық қорғау ұйымы есебінде қақтығыстың әскерилерден гөрі бейбіт тұрғындарға әсерін назарға алған.
HRW 37 адамның қазасын және 36 адамның жарақатын құжаттаған. Қаза тапқаны құжатталған адамдардың бесеуі – бала. Ал "ресми дерек пен БАҚ хабарына қарағанда, төрт күндік қақтығыс кезінде кемі 51 бейбіт тұрғын мерт болған, 121 азаматтық тұлға жарақат алған" дейді HRW. Қарулы күштер қатарында да қаза тапқандар бар.
Қақтығыс кезінде Қырғызстанда 100 мыңнан астам адам көшуге мәжбүр болған. Ал Тәжікстан өз аумағында қанша адам қоныс аударғанын жарияламады.
Осыған ұқсас қақтығыс 2021 жылғы сәуірде де болған. Оған дейін мұндай қақтығыстар қарулы күштер араласатын жағдайға жетпейтін және ауқымы да үлкен болмайтын.
Баяндамада қыркүйектегі қақтығысты кім бастағанына басымдық берілмеген.
Қақтығыстан санаулы күн өткенде қырғыз президенті Садыр Жапаров БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп, Тәжікстанды Қырғызстанға "шабуылдады" деп айыптады.
Тәжік сыртқы істер министрі Қырғызстанға "Тәжікстан аумағына шабуылдады" деп қарымта айып тақты.
Азаттыққа баяндама жарияланардан бұрын сұхбат берген HRW зерттеушісі Жан-Батист Галлопен халықаралық гуманитарлық құқық "қақтығыстағы барлық тарапқа тең қолданылады" деп мәлімдеді.
"Әскер шабуылдаса да, қорғанса да, соғыс заңын бұзбауға тиіс, – дейді Галлопин. – Бұған әскери және бейбіт нысананы ажырата білу, күшті пара-пар қолдану кіреді".
HRW ұйымының мәлімдеуінше, қақтығыстың үшінші күнінде – 16 қыркүйекте құқықбұзушылық көбірек болған.
"Қолда бар ақпаратқа қарағанда, сол күні 17.00-де қырғыз күштері тәжік күштері болған ауданға Bayraktar TB-2 дронынан лазермен бағытталатын шағын әуе бомбасын тастаған. Соққы [тәжік күштері] шекара түбіндегі тәжікстандық Овчикалача елді мекенінің орталық алаңында бой көрсеткеннен кейін санаулы минутта жасалған" деп жазды HRW.
Жарылыс жергілікті тұрғындар жаназадан соң мешітке жиналған кезде болған. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 13 адам жарақат алған дейді HRW. Ұйымның бағалауынша, әуе соққысы төнген қауіпке пара-пар емес және жосықсыз жасалған.
Сол күні тәжік күштері қақтығыстан қашқан қырғыз азаматтары мінген көліктерді атқылаған дейді баяндамашылар.
Құқық қорғаушылар сөйлескен қырғыз әйелі жарылуы мүмкін деген көліктен отбасымен бірге қалай шыққанын әңгімелеп берді. Оның сөзінше, отбасы мүшелері бірнеше сағат бойы жерде қозғалмай жатқан, өйткені сәл қозғалса, тәжік күштері оқ жаудыра бастаған. Күйеуі мен ұлы жарақат алған.
Баяндамада сондай-ақ қырғыз күштерінің жедел жәрдем көліктеріне оқ атқаны да айтылады. Мұндай көліктер гуманитарлық құқық тұрғысынан ерекше қорғалуға тиіс.
Тәжікстандық Чорбог ауылындағы көпірде "белгілері анық екі тәжік жедел жәрдем көлігі" мен бір азаматтық көлікке жасалған шабуылдан 10 адам қаза тапты. Оның ішінде төрт бала, екі медицина қызметкері бар.
HRW ұйымы атқылау орнының 3D-реконструкциясына сүйеніп, шабуыл шамасы қырғызстандық Достық елді мекенінен жасалған деп қорытады. Бұл ауыл оқиға орнынан 110 метр жерде орналасқан.
Құқық қорғау ұйымының жазуынша, Халықаралық қылмыстық соттың Рим статуты қарулы қақтығыс кезінде "белгілері анық көрінетін жедел жәрдем көлігіне қасақана шабуылдауды" әскери қылмыс деп табады.
HRW есебінде қақтығыс кезінде тәжік күштері қырғыз ауылдарын басып алғаны да айтылады. Салдарынан сол ауылдардың кейбірі бүлінген.
"16 қыркүйекте тәжік күштері қырғыз күштерін ығыстырып, шекара түбіндегі қырғыз елді мекендерін басып алған, олардың ізімен азаматтық киім киген, тәжік тілінде сөйлейтін адамдар келген. Тәжік күштері кемі алты азаматтық еркекті өлтірген. Оның үшеуі қақтығыс аймағынан қашып бара жатқан, ал екеуі сотсыз үкімнің құрбаны болған" дейді HRW.
Зерттеушілердің жазуынша, қарқынды оккупация кезінде азаматтық киімдегі адамдар "тәжік күштерінің көз жұмуымен" жаппай тонауға көшкен. Ал жеке үйлер мен балабақша, мектеп, медициналық мекеме және әкімшілік ғимараты секілді азаматтық инфрақұрылымға өрт қойылған. Жергілікті жұртты көшуге итермелеу көзделген.
HRW ұйымы ұсыныстарының бірінде Тәжікстанды осы оқиғаны тергеуге үндейді.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 970 шақырымдық шекара әлі демаркацияланбаған. 17 сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров шекараны демаркациялау процесі "баяулағанын" айтты. "Оған себеп – Тәжікстанның 1924 жылғы картаға сүйенуі" деді ол.
"Былтырғы сөзімде мамырға дейін бәрін бітіреміз дедім. Өйткені тараптар келісімге келіп, жұмыс жылдам жүрді. Өкінішке қарай, әзірге ешнәрсе аяқталмады" деді Жапаров.
Тәжікстан келіссөз барысы жайлы мәлімдемеді.
HRW зерттеушісі Жан-Батист Галлопеннің сөзінше, шекара түбінде тұратын тәжіктер мен қырғыздар текетірестен шаршаған; олар өмірін астан-кестен қылған қанды қақтығыстан соң бейбіт өмірді аңсайды.
– Шекараның екі жағындағы адамдардан алған сұхбаттарымыз жергілікті жұрт жантүршігерлік қақтығыстардан шаршағанын, олардың бейбітшілікті қатты аңсап отырғанын көрсетті, – деді Галлопен Азаттыққа.
ПІКІРЛЕР