Accessibility links

"Ендігәрі дауыс та бермеймін". Сайлаудан кейін қысымға тап болған белсендінің өшкен үміті


Жандос Сәдуақасов (ортада) мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген депутаттыққа кандидаттар өткізген баспасөз жиынында отыр. Теміртау, 22 наурыз, 2023 жыл
Жандос Сәдуақасов (ортада) мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген депутаттыққа кандидаттар өткізген баспасөз жиынында отыр. Теміртау, 22 наурыз, 2023 жыл

Қарағанды облысы Ақтас ауылының тұрғыны Жандос Сәдуақасов өзі мәслихат депутаттығына үміткер ретінде сайлауға түскен учаскеде бюллетеньді топтап салу сияқты заңбұзушылықтар болғанын жазған. Енді өзі қысымға тап болғанын айтып отыр. Белсендінің бастамасымен тұрғызылған мешіт құрылысына да кедергі жасалған. Жергілікті билік бұл кедергілердің Сәдуақасовтың белсенділігіне қатысы жоқ дейді.

"СОТ ӘДІЛДІК ЖАҒЫНДА ЕМЕС, ОҒАН ӘБДЕН КӨЗІМ ЖЕТТІ"

Қарағанды облысының тұрғыны Жандос Сәдуақасовтың мамандығы – кенші. Алты жыл бұрын қасапханаға жұмысқа кірген, оған дейін пеш жағушы болып істеген. Үш баласы бар. Кейінгі жылдары Ақтас ауылындағы өзекті мәселелерді көтеріп, азаматтық белсенділігімен көзге түскен.

Биыл Сәдуақасов өзін-өзі ұсынған кандидаттарға саясатқа араласуға мүмкіндік туғанын естіп, сайлауда Саран қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер болған.

Бірақ дауыс беру процесіндегі заңбұзушылықтардан кейін елдегі көп кандидат сияқты сайлау мен сот жүйесінен көңілі қалған.

Сәдуақасов сайлауда жеңіліп қалды. Оның орнына Саран қаласындағы "Сұңқар" стадионының директоры, бұрын да "Аманат" партиясының (бұрынғы "Нұр Отан") атынан депутат болған Евгений Хисметов сайланды.

Сәдуақасовтың бақылаушысы Ақтас қаласындағы сайлау учаскесінде жәшікке артық бюллетень тасталғанын көріп, видеоға түсіріп алған. Осыдан кейін белсенді сайлау қорытындысын заңсыз деп табуды талап етіп, күрес бастады.

Басында сайлау комиссиясы бюллетеньдерді топтап салу фактісін мойындамаған. Кейін прокуратура заңбұзушылықты растап, екі адамға әкімшілік айыппұл салынғанын хабарлады. Бірақ белсенді тоқтаған жоқ. Ол сайлау қорытындысының күшін жоюды талап етті. Ақтас учаскелік және Саран қалалық сайлау комиссиясын бірнеше рет сотқа беріп, қалалық мәслихат сайлауының қорытынды хаттамасының күшін жоюды, дауыс беру нәтижесі жазылған хаттаманың берілмеуін заңбұзушылық, сайлау комиссиясының әрекетін заңсыз деп табуды сұрады.

Сайлау қорытындысымен келіспеген Жандос Сәдуақасов сотта отыр.
Сайлау қорытындысымен келіспеген Жандос Сәдуақасов сотта отыр.

Әуелі Саран қалалық соты, кейін Қарағандыдағы ауданаралық сот белсендінің өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

– Бюллетеньдер топтап тасталғанын көрген бақылаушыммен бірге сотқа бәрін дәлелдеуге тырыстық, бірақ одан нәтиже болмады. Сот халық пен әділдік жағында емес. Соған көзім жетті. Бәрі жақсы сияқты сыңай танытады, – дейді Сәдуақасов.

"ЖАҚСЫ МЕШІТ БОЛАДЫ"

Басында Сәдуақасовқа арызын қайтарып алып, шу шығармауға кеңес берген. Белсенді бұған көнбей, президент, прокуратура, жемқорлыққа қарсы қызмет пен білім министрлігіне хат жазған. Көп ұзамай Сәдуақасовтың жолында қиындықтар кездесті. Бұл жолы билік Ақтаста салынып жатқан мешітке шүйліккен. Сәдуақасов – мешіт салу бастамасын көтеріп, жобаның басы-қасында жүргендердің бірі.

Ауыл адамдары өз мешітіміз болса деп көптен бері айтып жүрген. Ақтас тұрғындары жұма намазға Саран не Қарағанды қаласына баратын. Бірнеше жылға созылған еңбектен кейін ауыл мешітінің құрылысы аяқталды. Мешітті ауыл тұрғындары түгел атсалысып салды.

Қарағанды облысы Ақтас кентінде салынып жатқан мешіт.
Қарағанды облысы Ақтас кентінде салынып жатқан мешіт.

– Барлық ұлт өкілі көмектесті. Мешіт құрылысы аяқталды, бірақ әлі ішкі жұмысы көп. Биыл ашамыз деп қуанып отырмыз. Жергілікті кәсіпкерлер жарық пен кәріз жүйесін тегін жүргізіп берді. Жақсы мешіт болады, – дейді белсенді.

Мешіт ауыл халқы мен демеушілердің қаржысына салынған. Демеуші іздеуге көп уақыт кеткен. Белсенді мешіт құрылысына өзі жалға алған екі жер учаскесін берген. Бұл орынды мемлекеттік органдардың бәрі мақұлдаған.

2019 жылы әкімдікке жер учаскесін сұрауға барғанында, жергілікті билік өкілдері Сәдуақасовқа жеке тұрғын үй салатын жерді жалға алуды, кейін оны құжаттарда мешіт деп рәсімдеуді ұсынған.

– Солай арзандау болады деді. Бәрі құжат жүзінде жасалды, – дейді Сәдуақасов.

Бұл ақпаратты Саран әкімдігі де растады. Жергілікті биліктің дерегінше, 2019 жылы Сәдуақасовқа жеке тұрғын үй салуға екі жер учаскесі бөлінген. 2021 жылы бір учаскенің құжаттары мешіт құрылысына сай қайта рәсімделген. Екіншісі өзгеріссіз қалған. Белсенді мұны қаржы тапшылығынан құжат рәсімдеу процесі баяу жүргеннен деп түсіндіреді, демеушінің кеңесімен бұл жұмысты құрылыс аяқталғаннан кейін қолға алмақ болғанын айтады.

Осы уақытқа дейін мешітте ешкімнің шаруасы болмаған. Сайлаудан кейін әкімдік Сәдуақасовты мешіттің бір бөлігін мемлекетке тиесілі жерге салып, учаскені заңсыз иемденіп алды деп айыптаған.

Сот белсендіге айыппұл салып, жердің бір бөлігін тартып алуы мүмкін. Сәдуақасов мұны өзіне қысым жасау амалы деп бағалайды.

– Қысым жасайтын себеп тапты. Бірақ мешітке тиеді деп ойлаған жоқпын. Сайлауға дейін ешкім үндемеді. Неге жерді енді даулай бастады? Жерді өлшегенде бәрі дұрыс еді, енді әкімдік 1-1,5 метр артық алып қойғансың дейді. Учаскенің бір бөлігін тартып алмақшы, – дейді Сәдуақасов.

Саран қалалық әкімдігі жалға берілген жер учаскелерін түгендеп, тексеру кезінде заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеді. Бірақ тексеру қашан жүргізілгенін нақтыламады. Жергілікті билік мешіт құрылысына қарсы емеспіз дейді.

– Мешіт орналасатын жер учаскесінің шекарасын анықтау керек. Заңбұзушылық фактісі расталса, іс материалдары жер ресурстарын басқару департаментіне беріледі. Департамент 75 АЕК (250 мың теңгеден астам – ред.) мөлшерінде айыппұл салады. Қала әкімдігі мешіт құрылысына кедергі жасап жатқан жоқ. Акт дайын болған соң, Сәдуақасов заңбұзушылықты жоюға тиіс, – деді Саран қаласы әкімінің орынбасары Алмас Сүлейменов.

Әкімдіктің мәлімдемесіне қарамастан, белсенді «мешіт мемлекеттік органдармен келіспеушілік құрбанына айналды» дейді. Сәдуақасовтың сөзінше, одан әлеуметтік желідегі билікті сынайтын жазбаларын өшіріп тастауды сұраған.

– Жан-жақтан қысып жатыр. Енді YouTube пен әлеуметтік желідегі билікті сынаған жазбаларымды өшіріп тастауды сұрап отыр. Амал жоқ. Мешіт құрылысы тоқтап қалмасын деп, көнуге тура келді, – дейді белсенді.

Қазір Сәдуақасовтың Facebook-тегі парақшасында сайлаудағы заңбұзушылықтар туралы видеолар мен жазбалар жоқ. Өзі мешітті халыққа тапсырып, жер учаскесін қайта рәсімдеп, айыппұл төлеуге ақшаны қайдан аларын білмей басы қатып отыр.

– Жерді тартып алып, мешітті бұзып тастамаса болды. Құжаттарды рәсімдеуге 1,3 млн теңге керек. Ондай ақшам жоқ. Сәуірдің аяғында еңбек демалысына шығамын. Алатын ақшам түгел айыппұл төлеуге кетеді, – деді Сәдуақасов.

"ХАЛЫҚ ӘДІЛ САЙЛАУДАН ҮМІТ ҮЗДІ"

Салалық мемлекеттік органдар Қазақстанда 19 наурыздағы мәжіліс пен мәслихат сайлауы заңға сай өтті деп мәлімдеді. Сот пен Бас прокуратура дауыс беру және санау кезіндегі бірқатар заңбұзушылықты мойындағанымен, бұл фактілер сайлау қорытындысына әсер еткен жоқ деді.

ЕҚЫҰ миссиясының байқаушысы сайлау учаскесіндегі бюллетень салатын жәшікке үңіліп тұр. 19 наурыз, 2023 жыл
ЕҚЫҰ миссиясының байқаушысы сайлау учаскесіндегі бюллетень салатын жәшікке үңіліп тұр. 19 наурыз, 2023 жыл

Сәдуақасов – сайлаудан көңілі қалған жалғыз кандидат емес. Қазақстанда мәжіліс пен мәслихат депутаттығынан үміткер болған ондаған азамат дауыс беру кезінде заңсыздықтар мен қысым көргенін айтқан. Сотқа арыз бергендердің ешқайсысы сайлау нәтижесін өзгерте алмады.

Мемлекеттік саясат саласындағы сарапшы Серік Бейсембаев бұл оқиғаларда таңғаларлық ештеңе жоғын, жүйе тапсырыс орындап жатқанын айтады.

– Жоғарыдан "сайлау нәтижесі өзгермесін, осындай талаппен түскен арыздар қанағаттандырылмасын" деген тапсырыс түскен. Сайлау нәтижесі қол тигізуге болмайтын "киелі нәрсе" сияқты. Сот та осыны түсініп, сәйкес шешім шығарады. Судьялар өз шешімін негіздегенде ақылға қонбайтын дүниелер айтады. Заңға сүйенген негіздемелер жоқ. Әдетте айыппұл жазып берумен ғана шектеледі. Сот осылай билікке тәуелді екенін көрсетіп отыр, – дейді Бейсембаев.

Сарапшы жүздеген адамның "саясатқа алғашқы қадам" жасауын жақсылыққа жориды.

– Қазір тәуелсіз азаматтық қоғам құрудың алғашқы кезеңіндеміз. Әрине, көп азаматты сайлауға қатыстырмайтыны бесенеден белгілі еді. Бірақ бұл олар жеңілді дегенді білдірмейді, – дейді Бейсембаев.

Сәдуақасов оптимистік пікірге қосылмайды. Белсенді сайлауға қатысамын деп қателескенін айтады.

– Әкім мәслихатқа өтпейсің деп кесіп айтса, саясатқа араласып әуре болмас едім. Халық әділ сайлаудан үміт үзді. Келесі сайлауда дауыс беруге де бармаймын, – дейді Жандос Сәдуақасов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG