Кезектен тыс сайлауға өз-өзін ұсынып, мәжіліс пен мәслихатқа өтпей қалған кандидаттар дауыс беру кезінде заң бұзылғанын айтып, сайлау нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Олар сайлау нәтижесін жойып, дауыс беруді қайта өткізуді талап етеді. Ал Ақорда мәжілістегі басым орынды биліктегі "Аманат" партиясы алған сайлауды "ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы" деп атады.
"ЗАҢСЫЗ САЙЛАУ"
"Бұл сайлауды заңсыз деп есептеймін!" Мәжіліс сайлауына кандидат болған журналист Лұқпан Ахмедияров дауыс беру нәтижесіне келіспейтінін мәлімдеді.
Сайлауға өз-өзін ұсынған оралдық журналист өз аймағында сайлауалды үгіт-насихат жүргізіп, ауыл-ауылды аралап, сайлаушылармен кездескен. Батыс Қазақстан облысындағы мәселелерді ашық жазып жүрген Ахмедияровқа 2012 жылы қастандық жасалып, оны травматика тапаншасымен атып, пышақпен жаралап кеткен еді.
Дауыс беру күні оның сенімді өкілдері мен тәуелсіз бақылаушылар Оралдағы барлық учаскені қамтыған. Jaria қоғамдық қорының бақылаушылары жинаған бюллетеньдер Ахмедияров Орал қаласында 14 мың дауыс жинағанын, оның бас қарсыласы Абзал Құспан 9 мыңдай дауыс алғанын көрсеткен.
ОСК бұл облыста бірмандатты округ бойынша Абзал Құспан жеңіске жетті деп мәлімдеді. Ресми статистика бойынша, Құспанға 126 мың сайлаушы, Ахмедияровқа 46 мың адам дауыс берген. Құспан облыстағы аудандардың учаскелерінен басым дауыс алған сияқты. Бірақ Ахмедияров нәтиже қолдан жасалды деп есептейді.
– Сайлауды қайта өткізу керек, себебі дауыс беру күні және дауыс санаған кезде заңбұзушылықтарға куә болдық. Бұл заңбұзушылықтардан соң ОСК жариялаған нәтижеге келіспейміз, – дейді Ахмедияров.
Журналист Facebook-те жариялаған видеода учаске мүшелері бюллетень салынған урнаны төгіп жатқанда қағаздардың жартысы жерге шашылып қалғаны көрінеді. Учаске мүшелерінің бірі қағазды жинап жатып, үстелдің астындағы сөреде тұрған бюллетеньдерді де жерге түскен бюллетеньдерге қосып жібереді.
"Урнаны ашып, төгіп жатқанда, бюллетеньдердің жартысы еденге шашылып қалды. Ал сайлау учаскесінің мүшелерінің бірі үстелдің астында тұрған қолданылмаған бюллетеньдерді де қосып жіберген. Комиссия мүшелері бұл фактіні реттеп, қолданылмаған бюллетеньдерді есептемеді және жойды. Бақылаушылар ескерту жасамады және хаттама толтырмады" деді видеоға қатысты аймақтық сайлау комиссиясы.
Абзал Құспан сайлау нәтижесін мойындап, жақтастарының құттықтауын қабылдап жатыр. Ол Facebook-парақшасында қарсыласының "дәлелсіз" шабуылы толастамай тұрғанын жазды. Құспан Оралдағы 125 сайлау учаскесінің бәрінде Ахмедияров жеңіске жетті дей алмайтынын, ал облыста 500-ден аса учаске барын да қосты. Азаттық тілшісі Құспанға хабарласа алмады.
ДАУЫС САНЫНА КЕЛІСПЕУ
Араға көп жыл салып мәжіліс сайлауына өзін-өзі ұсынған кандидаттар қатысты. 20 наурызда ОСК сайлау қорытындысын жариялап, биліктегі "Аманат" партиясы мәжілістегі көп орынды сақтап қалды.
Сайлау күні тәуелсіз бақылаушылар бюллетеньдерді топтап тастау, "карусель" әдісімен дауыс беру, қорытынды хаттаманы бұрамалау фактілері болғанын мәлімдеді.
20 наурызда Алматыда бірнеше кандидат баспасөз мәслихатын өткізіп, дауыс беру нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді.
– Басты мәлімдемеміз – біз бұл сайлаудың қорытындысын мойындамаймыз, сайлауды қайта өткізуді талап етеміз. Күні бойы түрлі заңбұзушылық болды. Урнаны жапты, үкімет бюджет қызметкерлерінен өзі таңдаған адамдарға дауыс беруді сұрап, фотоесеп жіберткізіп жатты. Ең сорақысы дауыс санау кезінде басталды. Менің бақылаушыларымды дауыс санауға қатыстырмас үшін шығарып тастап отырды, полиция шақырды, қорқытты, – деді мәжіліске кандидат болған журналист әрі белсенді Инга Иманбай (Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыпталған оппозициялық белсенді Жанболат Мамайдың әйелі, құқық қорғаушылар Мамайға қозғалған істің саяси астары бар деп есептейді).
Тағы бір кандидат Мұхтар Тайжан дауыс санау ашық болмады, бақылаушыларды дауыс санау кезінде қуып шықты деп мәлімдеді.
– Дауыс санау процесі заңсыз болды. Заң бойынша, бақылаушылар 1,5 метрге дейін жақындауға құқылы, бірақ оларды жолатпады. Бюллетеньдегі белгілерді көретін мүмкіндігі болмады. Олар "көрейінші" деген кезде полиция шақырды. Осы үшін арыз бердік, – деді Тайжан баспасөз мәслихатында.
Тайжан мен мәжіліс сайлауына түскен тағы бір кандидат Санжар Боқаев 19 наурызда сайлауды заңсыз деп тануды сұрап, Алматы әкімшілік сотына шағым түсірген.
Дауыс санау кезінде заңбұзушылықтар болғанын ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы да айтты.
"Дауыс санау процесі, бюллетеньдер санау және ұсыну ЕҚЫҰ-ның Копенгаген құжатына сай келе ме деген алаңдаушылық тудырды" деп мәлімдеді ДИАҚБ мәлімдемесінде.
"Дауыстарды санау және қорытындылау кезінде маңызды кепілдіктер жиі ескерілмеді" деді бақылау миссиясы.
Қазақстан билігі бюллетеньдерді топтап тастау, "карусель" әдісімен дауыс беру, бақылаушыларды қуып шығу фактілерін мойындағанымен, бұл дауыс беру қорытындысына әсер етпеді деп мәлімдеді.
22 наурызда Қарағанды облысында да бірнеше кандидат заң бұзу фактілері болғанын мәлімдеді. Сайлауға "Ақ жол" партиясы атынан бірмандатты округ арқылы түскен Марина Шиллер де дауыс беруді қайта өткізу керек деп есептейді. Оның сөзін Теміртаудағы баспасөз жиынына жиналған мәслихатқа кандидаттар да қолдады.
– Кейбір учаскелерде біздің бақылаушыларды қуып шыға алмады, ол жерде мен басым дауыспен алда болдым. Ал бақылау болмаған учаскелерде мені аз дауыс алды деп отыр. Бірақ көп сайлаушы хабарласып, маған дауыс бергенін айтты, – деді Шиллер.
Аймақтық сайлау комиссиясы Шиллер мен басқа да кандидаттардың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірмеді. Қарағанды облысынан мәжіліске "Аманат" мүшелері Құдайберген Бексұлтанов пен Арман Халықов өтті.
21 наурызда Шымкенттен және Түркістан облысынан мәжіліс пен мәслихатқа кандидат болғандар баспасөз мәслихатын өткізіп, олар да ресми нәтижеге келіспейтінін жариялады. Олар сайлау нәтижесін мойындамайтынын айтып, бұл іске президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуын сұрады.
Түркістан облысындағы №27 сайлау округінен мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде өзін-өзі ұсынған Нұржан Әлтаевтың сөзінше, ол округтегі хаттамалардың 80 пайызын алған. Әрбірінде жауапты адамдардың қолы мен мөрі бар. Әлтаевтың айтуынша, осы хаттамалардағы есеп бойынша, ол 35178 дауыс жинаған. Ал мәжіліс депутаттығына өткен Темір Қырықбаев 32251 дауыс алған.
– Бұл – алаяқтық. Түркістан облысындағы жергілікті билік өрескел заңбұзушылыққа барды, – деді Әлтаев.
Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев Әлтаевтың сөзін терістеп, оған қандай да бір шағым болса, бес күн ішінде сотқа жүгінуге кеңес берді.
АҚОРДА НЕ ДЕЙДІ?
Шымкентте кандидаттар президент Тоқаевтан сайлауды қайта өткізуді сұрап жатқан тұста Алматыда тәуелсіз кандидат әрі журналист Думан Мұхаммедкәрім "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен 25 тәулікке қамалды. Ол сайлау нәтижесін мойындамай, бейбіт митингіге шықпақ болған. Қазақстанда бейбіт митингіге шығу үшін әкімдіктің рұқсаты керек.
Шымкентте кандидаттар баспасөз мәслихатын өткізіп, Алматыда кандидат қамалып жатқанда, президент Тоқаев Астанадағы Наурыз мерекесіне келді. Ол сайлауды "ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы" деп атады.
"Кеше ғана өткен мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформамызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты" деді ол 21 наурызда.
Президент тәуелсіз бақылаушылар мәлімдеген сайлаудағы заң бұзу фактілері жайлы ештеңе демеді. Ол мемлекет "жаңа дәуірге қадам басып", елде "жаңа саяси кезең қалыптасты" деп мәлімдеді.
Мәжіліске 98 депутаттың 29-ы бірмандатты округ арқылы өтті. Бірмандатты 29 орынға өзін-өзі ұсынғандар мен партиялардың үміткерлері таласып, ресми қорытынды бойынша, 23 мандатты Тоқаевтың саясатын қолдайтын биліктегі "Аманат" партиясының мүшелері алды.
Қалған 69 орын партиялық тізім бойынша бөлінбек. Басым орынды ОСК нәтижесі бойынша 54 пайыз дауыс алған "Аманат" партиясы иеленбек. Бұрынғы мәжілісте болған билікшіл "Ақ жол", Қазақстанның халық партиясы (коммунистер) да парламентке өтті. Ал "Ауыл", ЖСДП және жаңадан құрылған "Республика" партиясы мәжілістен алғаш рет мандат алды.
Тәуелсіз саясаттанушылар билік Қаңтар оқиғасынан соң саяси реформа мен мемлекеттік аппаратты жаңартамыз дегенімен, бұл жолы да өзіне жағатын парламент жасақтап алды деп біледі. Халықаралық Eurasianet сайты "сайлаудан кейін парламентте жаңа адамдар пайда болады, бірақ жүйеде үлкен өзгерістер болуы қиын" деп жазды.
Мақаланы дайындауға Дилара Иса, Елена Вебер атсалысты.
ПІКІРЛЕР