Ақтөбе әкімдігі Қытай азаматтарының Қазақстанға визасыз келу режиміне қарсы митингі өткізбек болған белсендіге рұқсат бермеді. Белсенді Альмира Қуатова «әкімдік Конституция кепілдік берген құқығымды бұзды» деп санайды.
Ақтөбе тұрғыны Альмира Қуатова 17 мамыр күні облыс орталығында митингі өткізіп, Қытай азаматтарының Қазақстанға визасыз келуіне қарсылық білдірмек болған. Белсенді «Жемқор жүйе тұрғанда көрші ел азаматтарының визасыз келуі - ұлт үшін қауіпті. Қазақстан, оның ішінде Ақтөбе облысындағы мұнай-газ саласының көп бөлігі онсыз да Қытай билігінің қарауында. Бұл – қазір желіде де, қоғамда да көп талқыланып жатқан тақырып» дейді.
Айтуынша, кемінде 300 адам жиналады деп болжанған митингіге әкімдік рұқсат бермеген. Ақтөбе әкімі Мұрат Жөребековтің қолы қойылған хабарламаны Альмира Қуатова 12 мамыр күні кешке алған.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Альмира Қуатованың митинг өткізуіне тыйым салынғанын әкімдік те растап отыр. Әкімдік мәліметінше, Қуатованың хабарламасында дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімі болмаған. Яғни, өзі туралы деректері толық емес.
Ал белсенді Қуатова мұны сылтау деп бағалап отыр және дүйсенбі, 15 мамыр күні хабарламаны тағы бір рет жіберетінін айтты.
Қазақстан мен Қытай былтыр жазда 14 күндік визасыз режим енгізген. Алдағы уақытта Астана мен Пекин осы режимнің мерзімін 30 күнге жеткізуді жоспарлап отыр.
Екі жақ арасында алдағы уақытта қол қойылады деп отырған келісімге сәйкес, қазақстандықтар Қытайда, қытайлықтар Қазақстанда шекараны кесіп өткен сәттен бастап визасыз 30 күн – 180 күнтізбелік күн ішінде, жалпы алғанда, 90 күн визасыз жүре алады.
Визасыз режим тек туристік, жеке және іскерлік мақсатта сапарлайтын азаматтарға қатысты. Бұл режим аясында жұмыс істеуге тыйым салынған.
Осы ақпарат тарағаннан кейін Қазақстанның бірқатар өңірінде тұрғындар Қытаймен арадағы визасыз режимді алып тастауды талап ете бастаған. Наразылар Қазақстандағы жемқорлық кесірінен Қытай азаматтары амалын тауып, елде қалып қоюы мүмкін деп үрейленеді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "Қытаймен уақытша визасыз режим енгізілсе, Қытай азаматтары Қазақстанға жаппай тұрақты қоныстана бастайды деуге негіз жоқ" деп мәлімдеген. Министрлік мұндай режимнен "қазақстандықтар ұтатынын", ол елдің инвестициялық ахуалына да жағымды әсер ететінін айтқан.
ПІКІРЛЕР