Accessibility links

"Ердоған жеңілуі мүмкін". Түркиядағы сайлау нәтижесі Орталық Азияға қалай әсер етеді?


Түркия басшысы Режеп Ердоған, қарсыласы Кемаль Қылышдароғлы және Стамбул мэрі Экрем Имамоғлының суреті бар баннерлер. Стамбул, 12 мамыр, 2023 жыл.
Түркия басшысы Режеп Ердоған, қарсыласы Кемаль Қылышдароғлы және Стамбул мэрі Экрем Имамоғлының суреті бар баннерлер. Стамбул, 12 мамыр, 2023 жыл.

Түркияда 14 мамырда президентті және парламентті сайлау өтеді. Қазіргі президент, Түркияны 20 жыл басқарған Режеп Тайып Ердоған қарсыласы Кемаль Қылышдароғлыдан жеңіліп қалуы мүмкін. Түркиядағы бәсекеге толы сайлау мен оның нәтижесі Орталық Азияға қалай әсер етеді? Оппозиция жеңіске жетсе, Түркияның түркітілдес елдермен қарым-қатынасы өзгере ме? Азаттық осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Таяу Шығыс университеті саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тұтымлымен сөйлесті.

ҮШ ЫҚТИМАЛ СЦЕНАРИЙ

Азаттық: Түркиядағы қоғамдық сауалнама нәтижесі халықтың көбі Режеп Тайып Ердоғанның саясатына көңілі толмайтынын, оның қарсыласы, Республикалық халық партиясының басшысы Кемаль Қылышдароғлын қолдауға дайын екенін көрсетті. Кейінгі сауалнамаларға қарағанда, алты оппозициялық партиядан құралған альянсты басқаратын Қылышдароғлы 49 пайыз дауыс жинауы мүмкін. Сайлау екі кезеңге созылады деген де болжам бар. Сайлаудың нәтижесі қалай болады деп ойлайсыз?

Әсел Тұтымлы: Болжамнан пайда жоқ. Сайлау қарсаңында кандидаттардың бірі Мұхаррем Индженің ("Отан партиясының" көшбасшысы – ред.) сайлауға қатысудан бас тартқаны қызық көрінді. Бұл оппозицияға тиімді, өйткені Индже 2018 жылғы президент сайлауына қатысып, 30 пайыз дауыс жинап, Ердоғаннан жеңіліп қалған. Ол оппозициялық кандидат Кемаль Қылышдароғлына қарсылас болып, халықтың дауысының бір бөлігін алып қояр еді. Енді Инджені қолдауға дайын адамдар Қылышдароғлына дауыс береді. Сәйкесінше, оппозиция жеңіске жетуі мүмкін.

Азаттық: Сайлаудың екінші кезеңі болмауы да мүмкін бе? Ердоған жеңілсе, кері шегіне ме?

Әсел Тұтымлы: Екінші кезең болмауы да мүмкін. Бәрі Ердоғанның қандай құралдар пайдаланатынына байланысты. Оның қолында үлкен әкімшілік ресурс бар. Бұрын Anadolu жаңалықтар агенттігі дауыс санау туралы ақпаратты жинап, Түркия халқы бұл процесті мемлекеттік арналардағы тікелей эфир арқылы көре алатын. Қазір заңға өзгертулер енгізіліп, сайлау нәтижесі түнгі 12-ден кейін ғана жарияланады деген норма пайда болды. Сондықтан бюллетеньді топтап тастау фактілері тіркелуі мүмкін.

Көр нәрсе Ердоған режимі дауыс санау процесіне әсер ету үшін қандай заңсыз әрі бейресми амалдар қолданатынына байланысты. Өз басым үш ықтимал сценарий бар деп ойлаймын.

Орталық Азиядан шыққан саясаттанушы ретінде Ердоған биліктен кетпейді дегенге көбірек сенемін. Бірінші сценарий бойынша, Ердоған сайлау нәтижесін мойындамайды, ал жақтастары режимді қорғауға тырысады. Сотқа шағымданып, жаңа сайлау өткізуге тура келеді.

Екінші сценарий 2018 жылы Венесуэлада өткен сайлауға ұқсайды. Ол кезде оппозиция мен халықаралық бақылаушылар сайлау әділетсіз өтті деп мәлімдеген. Бірақ Ресей, Никарагуа мен басқа да демократиялық емес елдер сайлау нәтижесін мойындап, қазіргі президент Николас Мадуро билікте қалды. Саяси режимді біраз мемлекет қолдаса, сайлау қалай өткені маңызды емес – мойындалған президент болып шыға келесіз.

Соңғы сценарий – ең бейбіт әдіс. Оған сәйкес, оппозиция жеңіске жетеді. Бірақ бәрі олардың парламентті сайлаудағы нәтижесіне байланысты. Парламентті сайлағанда, Ердоғанның партиясы басымдыққа, 276-дан көп орынға ие болса, президенттіктен кетіп, жаңа кандидаттың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл АҚШ-та Демократиялық партия мүшесі Барак Обама президент болып, Конгресте Республикалық партия басымдықты иеленген кезді еске салады.

ҚОҒАМДАҒЫ ЖІКШІЛДІК ЖӘНЕ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ ҚАУПІ

Азаттық: Бірінші не екінші сценарий жүзеге асып, Ердоған билікте қалса, соңына дейін күресеміз деген оппозиция не істейді?

Әсел Тұтымлы: Оппозиция соңына дейін күресуге дайын. Олар бірауыздан зорлыққа қарсымыз деп, өз мүддесін ресми әдістермен қорғағысы келеді. Оппозиция бейбіт наразылық өткізуі мүмкін, бірақ жақтастарын көшеге алып шықпайды. Қылышдароғлы сайлаушыларға "Жеңіске жеткен күннің өзінде көшеге шықпаңыздар, провокация, зорлық пен төтенше жағдайды қолдайтын адамдар болуы мүмкін" деп ескертеді.

Ердоған билікте қалса, алғашқы екі сценарий елде тұрақсыздық туғызуы мүмкін. Төтенше жағдай болса, сайлау кейінге қалып, жағдай тұрақталған кезде жаңа сайлау өтеді.

Азаттық: Қоғам екіге жарылуы мүмкін бе?

Әсел Тұтымлы: Қоғамда қазірдің өзінде бөлініс пен жікшілдік бар. Жастар болашағы жоғын көріп отыр: пәтер бағасы шарықтап барады, олар білім алып, жылжымайтын мүлік сатып ала алмайды. Өздерінің де, отбасының да қарызы бар. Ердоған билікте қалса, жағдайы қиын болатынын біледі.

Бірақ Ердоғанның аузынан шыққан әр сөзге сенетін жастар да бар. Президентті идеологиялық тұрғыдан қолдайтын жастарға өзі жақсы көретін көшбасшы айтқанды дұрыс емес деп қабылдау қиын.

Қоғамда бөлініс байқалады. Біреулер өзіне ұнайтын көшбасшыға ереді, басқалары болашақтан үмітін үзбеуге тырысып жатыр.

Азаттық: Ішкі саяси тұрақсыздық болуы мүмкін бе?

Әсель Тұтымлы: Үлкен қалаларда билік пен оппозицияны қолдайтын топтар арасында қақтығыс болуы мүмкін. Сондықтан оппозиция жақтастарын үйден шықпауға үндеді. Бәрі Ердоған сайлау нәтижесін мойындай ма, мойындамаса, мұны қалай пайдаланады, соған байланысты. Түнде сайлау нәтижесі жарияланған кезде толқитын сәт туады. Бәрі оппозиция мен Ердоған режимінен белгілі бір әрекет күтеді.

АНКАРАНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Азаттық: Ердоған пантюркизм идеясын дамытып, Орталық Азия елдерімен жақын болуға тырысты. Сайлауда Қылышдароғлы жеңіске жетсе, Түркияның Орталық Азиямен қарым-қатынасы қалай өзгереді?

Әсел Тұтымлы: Бәрі сыртқы істер министрлігі кімнің қолында болатынына байланысты. Алты партиядан құралған оппозициялық коалиция өз адамдарын таныстырып қойды. Қаржы немесе ішкі істер министрі кім болатынын шамалап білеміз. Ахмет Дәуітоғлы сыртқы істер министрі болса (бұрын осы қызметте істеген) Орталық Азия елдерімен қарым-қатынаста панисламизм, пантюркизм идеясы жалғасады.

Қазір пантюркизм мен панисламизм идеясы адамдарды емес, режимдерді қолдайды. Бағдарламалардың бәрі жоғары шенді тұлғаларды жинап, презентация жасап, жоғары деңгейдегі кездесулер өткізумен ғана шектеледі. Яғни режимді қолдайтын, олардың саясатын жасыратын перде сияқты. Бұл идеялар халыққа жетпейді, элитаны қолдау үшін ғана қолданылады.

Қылышдароғлы билікке келсе, фокус режимнен адамдарға ауысады. Мектеп, аурухана, мәдени бастамалар, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған бағдарламалар қолға алынады. Фокус адамдарға ауысса, мемлекеттік аппараттар арасындағы байланыс әлсірейді.

Қылышдароғлы әуелден "Осман империясы Батысқа" идеясынан Еуропа одағына деген идеяға ауысып, Ердоғанға өз ықпалы мен үстемдігін сезінуге көмектесетін жобалардан кету керегін айтып келеді.

Түркия Ресейді оқшаулау мәселесіне қатысты нақты позициясын білдіретін шығар. Қазір реэкспортқа көмектесіп отыр. Түркия ресейлік "Мир" картасын қабылдауды жақында ғана тоқтатты. Ресей мен Путиннің мүддесін қатты қолдайды. Қылышдароғлы бәрі заңға сай болуы керек деді. Ол билікке келгеннен кейін НАТО мен Еуроодақтың ассоциацияланған мүшесі ережелерді бұзбайды деп үміттенемін.

Азаттық: Батыс сарапшылары Ресей Украинадағы соғыста ес жия алмай жатқанда, Түркия өңірдегі маңызды ойыншыға айналғысы келеді деп жазды. Оппозиция жеңіске жетсе, Түркияның Орталық Азиядағы рөлі өзгере ме?

Әсел Тұтымлы: Түркия Орталық Азиядағы экономикалық жобаларға назар аударады. Орталық Азиядан Еуропаға тасымалданатын энергетика ресурстары өз аумағы арқылы өткенін қалайды. Бірақ Орталық Азия басшылары да соны қалай ма? Өйткені олар Ресеймен, Қытаймен жұмыс істегісі еледі. Қытайға энергетикалық ресурс жіберу туралы міндеттемесі бар. Өңір режимдері бәрін Қытай мен Ресейге тасымалдау тәуелділігінен құтылып, Еуроодаққа назар аудара ала ма, белгілі болады. Бұл Түркіменстаннан гөрі Қазақстан үшін маңызды. Бірақ әзірге үлкен өзгеріс көріп отырған жоқпын.

Азаттық: Ердоғанның жеңілісі Ресей президенті Путинге ауыр соққы бола ма?

Әсел Тұтымлы: Үлкен соққы болмайды. Түркия үшін бәрібір Ресеймен әріптестік маңызды. Дәуітоғлы Түркия Ресейден алшақтай алмайды деген. Ресейден турист қабылдайды. Анкара экономикалық тиімділікті ойлайды, бірақ Путин режимі мен қоғам мүддесінің ара-жігін ажырата алады. Қылышдароғлы билікке келсе, Ресейге қиындау болады. Бірақ Түркия Ресеймен қарым-қатынастан түбегейлі бас тартпайды. Путин Қытаймен, Иранмен әріптес болып отыр. Бұл Ресей экономикасын диверсификациялап, көтеруге көмектеседі.

Азаттық: Ердоғанның жеңілісі билікте қалуға тырысатын Орталық Азия елдері басшыларына қалай әсер етеді?

Әсел Тұтымлы: Олар қатемен жұмыс істеп, мұндай сценарий қайталанбауы үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Бірақ Түркия мен Орталық Азия елдері арасында айырмашылық бар. Түркияда бәсекеге толы авторитаризм, сайлаудың салмағы бар. Орталық Азияда өткен сайлауларда билік бәрін бақылауда ұстайды, ал оппозиция дауыс беру нәтижесіне әсер ете алмайды. Орталық Азиядағы саяси режимдер сайлау процесі мен ақпарат құралдарына бақылауды күшейтеді. Қазір Ердоғанға осы екеуі жетпей отыр. Түркияда халықтың көбі қолдайтын, жұртты артынан ерте алатын институттар мен оппозиция бар.

XS
SM
MD
LG