Алматы соты тіркелмеген "Атажұрт" партиясының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлын 15 күнге қамады деп хабарлады адвокат Шынқуат Байжанов 18 мамырда түнде Азаттық тілшісіне. Оның айтуынша, жуырда партия тіркеуге құжат өткізген "Нағыз Атажұрт" жетекшісі изоляторға қамалды.
Мақсұтханұлына "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылған. Істі судья Руслан Жамалбеков қараған.
Белсенді 17 мамырда таңертең ұсталған еді. Осы күні әлеуметтік желіде Мақсұтханұлының жақтастары тіркелмеген партия жетекшісін дереу босатуды талап еткені байқалған. Олардың кейбірі "белсендіні ұстаудың ар жағында Қытайға жағыну жатыр" деп есептейтінін айтқан.
Бұған дейін Бекзат Мақсұтханұлы Nagyz Atajurt Kazakh Human Rights ұйымының YouTube-арнасында 17 мамырда митингіге шығатынын мәлімдеген. Митингіде Қазақстан мен Қытай арасында "визасыз тәртіп енгізу туралы" Қытайдың Сиань қаласында қол қойылуы мүмкін келісімге қарсылық білдіретінін айтқан Мақсұтханұлы митинг өткізетінін бұған дейін әкімдікке хабарлағанын, рұқсат етілмейтіні туралы хат алмағанын жариялаған.
Қазақстан билігі бұған дейін Қытаймен арада 30 күндік визасыз режим енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Осыдан кейін қарсылық өршіп, Қытаймен визасыз режимді біржола тоқтату туралы да талап айтыла бастаған.
Былтыр шілдеде Қазақстан Қытай азаматтарына 14 күндік визасыз режим ашқан еді. Жұмыс істеу құқығын бермейтін, бірақ туристік, іскерлік байланыстар мақсатына пайдалануға болатын мұндай режимді Қазақстан Үндістан мен Иран азаматтарына да ашқан.
17 мамырда Павлодар облысында "Нағыз Атажұрттың" тағы бір белсендісін полицияға әкеліп, түсініктеме алып, босатып жібергені белгілі болды. Бірнеше адам үйлерін полиция күзетіп тұрғанын хабарлаған.
Президент әкімшілігінің баспасөз қызметі сәрсенбі күні Қытайдың Сиань қаласында Қазақстан мен Қытай арасында бірқатар құжаттарға қол қойылғанын, арасында "визалық талаптардан өзара босату туралы келісім" де барын хабарлады.
Ақорданың хабарлауынша, 17 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин кездесіп, тараптар "сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру" мәселесін талқылаған. Келіссөзден кейін олар ортақ мәлімдемеге де қол қойған. Ақорда барлығы 23 құжатқа қол қойылғанын хабарлады.
Тоқаев жуырда Пекинге сапары қарсаңында қытайлық телеарнаға берген сұхбатында Қытайдың Орталық Азиямен, оның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасының нығаюына байланысты айтылып жүрген қауіп жөніндегі сұраққа "бұған қатысты ешқандай күдік-күмән болмауға тиіс" деген.
Ол Қытайды Қазақстанның "жақсы досы" деп атаған.
"Екі елдің тарихына үңілсек, Қытай ешқашан қазақ халқына зиян тигізбеген. Бұл біздің есімізде және оны бағалаймыз" деді Тоқаев.
Қытайдың Шыңжаң өлкесімен шектесетін Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан басшылары Қытайдың солтүстік-батысындағы түркі мұсылмандарының қысым көруіне қатысты пікірін ашық білдірмеген.
ПІКІРЛЕР