Accessibility links

"Өзенмұнайгаз" бас директорының орынбасары ұсталды. Ол "туыстарын жұмысқа заңсыз алды" деп айыпталған


Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" алдында жұмыс талап етіп тұрған тұрғындар.
Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" алдында жұмыс талап етіп тұрған тұрғындар.

Маңғыстау облыстық экономикалық тергеу департаменті "Өзенмұнайгаз" компаниясының бас директорының орынбасары Бауыржан Мәмбетсапаевты ұстаған. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу Мәмбетсапаевқа "қызметін пайдаланып, компанияға өзінің туыстарын жұмысқа заңсыз алған" деп күдік келтіріп отыр.

"Тергеу органдары Мәмбетсапаев жұмысқа алған адамдар жұмыссыздар тізімінде тұрмаған, тұрмысы төмен адамдар қатарында болмаған, мамандықтары қызметіне сай келмеген" дейді департамент.

Орган "күдіктінің әрекетінен мемлекетке 46 млн теңге шығын келгенін, жаңаөзендіктердің жұмысқа тұру құқығы бұзылғанын" айтады.

Ресми дерек бойынша, Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" компаниясына жұмысқа алынуға 9 мың адам кезекте тұр. Жаңаөзен тұрғындары мұнай саласынан жұмыс талап етіп, жиі наразылыққа шығады.

Мәселен, "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы жұмысшыларының Жаңаөзендегі "Өзенмұнайгаз" компаниясы алдында жұмыс талап етіп тұрғанына екі айға жуықтады.

Сәуірдің басында олар аталған кәсіпорын тендерде жеңілгендіктен, 100-ден астам адам жұмыссыз қалғанын айтқан. Сәуірдің ортасында олар Астанаға барып, наразылық білдірді. Бір тәулік энергетика министрлігі алдында қонған мұнайшыларды 11 сәуірде кешке қарай полицияның арнайы жасағы күштеп ұстап әкетіп, ертеңінде көбін Жаңаөзенге қайтарған.

Жұмыссыз қалғандар наразылығын Жаңаөзендегі "Өзенмұнайгаз" алдында жалғастырып келеді.

Бұған дейін "ҚазМұнайГаздың" арнайы комиссиясы "Өзенмұнайгаз" бен оған еншілес мекемелерден адамдарды жұмысқа заңсыз алу, мұнай өндіретін жабдықты жалға алу құнын асыра көрсету және тағы да басқа "заңсыздықтар" анықталғанын хабарлаған. Сәуірдің соңында "Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" компанияларының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны айтылған еді.

"Өзенмұнайгаз" елдегі ең ірі мұнай-газ компаниясы "ҚазМұнайГазға" қарайды.

Жаңаөзендік жұмыссыздар "мәселеміз шешілген жоқ" дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG