Қамауда отырған журналист, қоғам белсендісі Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмаз Тілепов Алматы облысы Іле аудандық прокуратурасының алдында аштық акциясын бастады. Ол бұған дейін ұлы Думан Мұхаммедкәрімді босатуды талап еткен, талабы орындалмаса, аштық жариялайтынын айтқан. Алмаз Тілеповті қолдаған он шақты белсенді де прокуратура алдына жиналды.
Алмаз Тілеповтің сөзінше, Іле ауданы әкімдігіне маусымның 7-сі күні аудандық прокуратура алдында аштық акциясын бастайтынын хабарлаған, бірақ рұқсат бермеген.
– Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан бейбіт шеруге рұқсат бермейміз депті. Мен бейбіт шеру емес, жалғыз адамның аштық акциясын өткізетінімді айтқанмын, – дейді Алмаз Тілепов.
Тілепов ұлын босатқанша прокуратура алдында аш отыратынын айтады. Алайда бүгін таңертең қорғаушысымен жолыққан ұлы оған "Әке, аштығыңды тоқтат. Үйге қайт" деп хат жазған.
– Баламның өзі түрмеде аштық жариялап отыр. Бірақ мені аяп, үйге қайт дейді. Бірақ мен ұлымды көшеден бас-көз жоқ, заңсыз ұстап әкеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері кешірім сұрағанша тоқтамаймын, – дейді Алмаз Тілепов.
Алмаз Тілеповпен сөйлесуге шыққан Іле ауданы прокурорының орынбасары Сұңғат Сәтбаев Думанды ұстап әкеткен полицейлер ісінің заңдылығы тексерілетінін айтты.
– Думан Мұхаммедкәрім қазір сот шешімімен әкімшілік қамауда отыр. Сот шешіміне келіспеген Думан Мұхаммедкәрім апелляциялық шағым түсірді. Енді сол шешімді күтеді, – деді Сұңғат Сәтбаев.
Іле ауданы әкімінің орынбасары Серікжан Ибраев Алмаз Тілеповтің акциясына не себепті рұқсат етілмегенін түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, бейбіт жиын өткізетін жер ретінде мәслихат бекіткен Өтеген батыр кентіндегі орындарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны рас.
– Бейбіт жиын өткізуге бекітілген жер – Өтеген батыр кентіндегі №24 лицейдің алды. Лицей алдында үш үлкен құрылыс жүріп жатыр. Біреуі – мәдениет үйі, екеуі – тұрғын үй. Заңда "ондай жағдайда іс-шара тоқтатылады" деп көрсетілген, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Жақында "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 25 тәулікке қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрім бұған дейін үш рет: алғашқысында 15 тәулікке, кейін екі рет 25 тәулікке қамалған болатын.
ПІКІРЛЕР