Accessibility links

Абай облысында орман өртінің ауданы 30 мың гектарға жетті


Абай облысында жұмысшылар орман өртін сөндіріп жатыр. 8 маусым, 2023 жыл.
Абай облысында жұмысшылар орман өртін сөндіріп жатыр. 8 маусым, 2023 жыл.

Қазақстанның шығысында орман өртінің ауданы 30 мың гектарға жетті деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі. Бұған дейін оның ауданы 2 мың гектар деп айтылған.

Жұма күні таңертең министрлік үш аумақта өрт сөндіріліп жатқанын хабарлаған. Түсте олардың саны алтыға жетті.

"Орман шаруашылығы комитетінің ақпаратына сәйкес, өрт ауданы – 30 000 га. Алты тікұшақ тартылды, өрт аумағын аэровизуал тексеру және өрт ошақтарына су ағызу жүзеге асырылып жатыр. Өрт ошақтарына әуеден 55 рет су төгілді, жалпы көлемі 154 тонна болады" деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Өрт сөндіруге 600-ден астам адам, 168 техника жұмылдырылған.

Осыған дейін Абай облысында үш ауылдың (Успенское, Поднебесное және Барышевка) тұрғындары орман өртіне байланысты үйлерінен кетіп қалған. Олар туыстарын сағалап отыр. Бородулиха ауылындағы мектеп пен колледжден эвакуациялық пункттер ұйымдастырылған.

Мамырдың аяғында осы резерватта ірі өрт болып, кемінде 3,5 мың гектар аумаққа өрт жайылғаны айтылған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG