Accessibility links

Тоқаев Сарыағаштағы бес жасар қыз өлімінің мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған


Жібек жолы ауылында жүрген адамдар мен көшеде тұрған полицияның арнайы көлігі. 14 шілде, 2023 жыл.
Жібек жолы ауылында жүрген адамдар мен көшеде тұрған полицияның арнайы көлігі. 14 шілде, 2023 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне Сарағаштағы бес жасар қыздың өліміне байланысты оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Ақорданың мәліметінше, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" күдіктінің бостандығы 3 жылға шектелген.

"Президент Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды" делінген баспасөз хабарламасында.

3 шілде күні кешке Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында бес жасар қыз өлтіріліп, ауыл адамдары наразылыққа шыққан.

Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, 13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі кәмелетке толмаған қызының жоғалғаны туралы арыз жазған.

"Жедел-іздестіру барысында полиция ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесін тапты. Күдікті қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы (99-бап) бойынша іс қозғалып, тергеу басталды" деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бейресми ақпараттарға қарағанда, жас қыздың өліміне күдікті анықталған соң ауыл тұрғындары наразылыққа шығып, күдіктіні халықтың қолына беруді талап еткен.

Журналист Михаил Козачков телеграм-арнасына осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін видео жариялаған. Журналист видеоға "2018 жылы туған қыздың денесі жергілікті тұрғынның үйінен табылған. Ауыл адамдары күдіктіні полициядан тартып алуға тырысқан, бірақ полиция күдіктіні әкеткен" деген түсініктеме жазған.

Ауыл адамдары жиналғанын полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Халық тынышталғанын, ауылды полиция бақылап тұрғанын айтты.

Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, Жібек жолы ауылында интернет ажыратылған. Түн ішінде осы ауылдағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара пункті жабылған.

Түркістан облысында бұған дейін де осыған ұқсас түрлі оқиғалар болып, кейде этникалық жанжалдарға ұласқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG