1992 жылғы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың президент болып сайланғанына бір жыл толған еді. Оны Қазақстан баспасөзі жарыса жазған. Азаттық радиосы сол кездегі қазақ баспасөзіне шолу жасаған. Шолуға қарағанда "Егеменді Қазақстан", "Халық кеңесі" және "Жас Алаш" газеттері жұртшылық пікірін ұйымдастырған. Онда пікір айтушылар Қазақстандағы жағдайдың тұрақтылығы, ұлтаралық ынтымақтастық тәрізді мәселелерді Назарбаев саясатының бір жылдағы жемісі ретінде көрсетуге тырысқан.
Қазіргі ресми басылым – "Егемен Қазақстан" газеті сол кезде "Егеменді Қазақстан" аталатын. Әдетте, билікті бірыңғай дәріптеуге дайын тұратын бұл басылым сол кезде Назарбаев саясатын сынайтын пікірге де орын берген. Қызылордалық экономист Бименді Баймаханов осы газеттің 1992 жылғы 1 желтоқсаны күнгі санында "Президент Назарбаев – үлкен саясаттың адамы. Бірақ ол экономикада саясаттағыдай мықты емес" деген. Экономист оған дәлелдер де келтірген.
САЯСИ ПАРТИЯЛАР БИЛІККЕ КЕЛМЕГЕН ДӘУІР
Бұл елдегі бағаны еркіне жіберіп, Қазақстан билігі нарық экономикасына көштік деген кезең болатын. Азаттық сол кезде Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде БҰҰ-ға қабылданғанын айта келіп, "сонымен бірге ел халқын ренжіткен шешім шығарып, кейбір зат бағаларын еркін жіберді" дейді.
Азаттық радиосы 1992 жылғы 6 желтоқсандағы эфирінде Қазақстандағы оппозиция мен саяси партиялар туралы айтқан.
Онда Азаттық радиосының шолушысы Мұқабай Енгін Қазақстан тәуелсіздік жарияламай тұрғанда саяси партиялардың құрылып, жасақталғанын еске алады. Елде президент сайлауы болмаған уақыттың өзінде саяси партиялар жұмыс істей бастаған болатын. Алайда бұл уақытта ешбір саяси партия билікке келмеген. Бірақ іс басындағылардың өзі бұрынғы компартияның мүшесі болып келген функционерлер еді.
Бұл Назарбаевтың "президент саяси партиялардан жоғары тұру керек" деген бағытты ұстанып, ешқандай партияға мүше болмай жүрген кезі. Дегенмен партиялардың ішінде билікке жақындары болған. Сондай саяси ұйымдардың бірі – белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің Халық конгрессі партиясы. Азаттық осы партия мен оппозициялық ортада жасақталған "Азат" партиясының ешқайсысы да билікке таласатын күшке және көпшілік қолдауына ие емес екенін айтады.
НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖҮРЕГІН ШАЙЛЫҚТЫРҒАН МИТИНГ
Оппозициялық партиялар тәуелсіздік қарсаңында аштық акцияларын, кейін Қазақстан тәуелсіздік жариялаған соң наразылық жиындарын жиі ұйымдастыратын. Сондай ірі митингінің бірі 1992 жылы маусым айында Алматыда өткен. "Маусым айында Қазақстандағы оппозициялық "Азат", "Алаш" және Республикалық партияларының 5 мыңнан 15 мың арасындағы мүшелері ереуілге шықты" деп хабарлайды Азаттық.
Хабарға қарағанда, наразылық шеруіне жиналғандар сол кездегі премьер-министр Сергей Терещенконы бес орынбасарымен бірге, ішкі істер министрінің және ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының қызметтен кетуін талап еткен. Шеруге шыққандар парламент мүшелері де қызметтен кетсін деген талап қойған. Оппозиция мұндайда осы депутаттардың коммунистік партиядан және оған жақтас саяси ұйымдардан сайланғанын назарға алған. Олар босаған депутаттық орындарды әділетті түрде бөліске салуға үндеген.
Тіркелмеген "Желтоқсан" ұлттық-демократиялық партиясының төрағасы Хасен Қожахмет парламент наразылардың талабына құлақ аспайтын болса, өзі партиясына мүше жүз мың адамды көшеге алып шығатынын ескерткен. Бұл сол кездегі билікті кәдімгідей шошытса керек.
Азаттықтың сол кездегі хабарына қарағанда, Қазақстан парламенті сонда жоспарлы жұмысын тоқтатып, осы мәселеге орай жабық жиын өткізген. Президент Назарбаев істің насырға шабатынын ескертіп, тіркелмеген саяси партияларға тыйым салу керек деп мәлімдейді және прокуратураны президентті балағаттағандарға қарсы қылмыстық іс қозғауға үндейді. Мұның өзі оппозицияның митингісі Назарбаевтың жүрегін шайлықтырғанын, Қазақстанды демократиялық қоғамы бар мемлекет ретінде нығайтуға уәде еткен президенттің репрессиялық әрекетке ұмтылысын көрсетеді.
Ертесіне ішкі істер министрлігінің күштері парламенттің алдындағы оппозиция шатырларын құлатып, жиынды күшпен таратқан. Министрлік сондайда митингінің заңсыз екенін, өйткені жергілікті әкімшілік орындары оған рұқсат етпегенін ескертеді.
"КӨРЕ АЛМАУШЫЛАР ІШІНДЕГІ ШЕТЕЛДІК РАДИОЛАР" КІМ?
Назарбаев осы оқиғадан кейін іле-шала мемлекеттік арнаға сұхбат берген еді. Сұхбатты ресми басылымдардың бас редакторлары жүргізеді. Сонда "Егеменді Қазақстан" газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза қойған бірінші сұрақ та осы туралы болған.
Президент Назарбаев сонда тіркелмеген "Желтоқсан" ұлттық-демократиялық партиясын саяси ұйым ретінде мойындамайтынын кесіп айтқан. Сөз басында сұхбат алушы "Жоғарғы кеңестің сегізінші сессиясының екінші жартысы басталған 17 маусым күні рұқсат етілмеген митингілер басталды. Оны ұйымдастырған жас партиялар көрінеді" дейді. Ол сондағы талаптарды тізіп айтып береді: Қазақстанның қазіргі үкіметі қызметтен кетсін, орнына коалициялық жаңа үкімет құрылсын, оған жаңа партиялардың өкілдері енгізілсін, партия мен комсомолдан өткен халық депутаттары орындарын босатсын, оның орнына жаңа партиялардың өкілдері сайлансын, жекешелендіру тоқтатылсын, АҚШ-пен жасалған ядролық келісім-шарт бекітілмесін, Ресеймен жасалған басқа да келісім-шарттар мақұлданбасын.
Журналист президенттен осыған қалай қарайтынын сұрағанда, Назарбаев мәселені қазақтың ынтымақтастығын бұзбайық, қазақтың жауы көп дегенмен түсіндіруге тырысқан. Империя, кейін совет дәуірінде қазақты қазаққа айдап салатындар көп болған деген сыңайда әңгіме айтады.
"Қазір біздің тәуелсіздігімізді көре алмайтын жауыздар соны қолданып жүр. Жас балалардың көбі соны білмейді. Оның ішінде шетелдік радиостанциялар да бар, оны уақтысында жұртқа жариялаймыз. Кім кімге ақша беріп, кімнің не істеп жүргенін айтамыз" дейді.
Назарбаевтың бұл жерде "шетелдік радиостанциялар" деп кімді меңзегені анықталмаған күйі қалады. Сұхбат алушылар да оны нақтылап сұрамайды.
Митингіге шыққандарды "заңсыз жиын өткізді, заңды бұзды, оларды тәртіпке шақыруыма болар еді" деген Назарбаев оппозиция талаптарын "дабыра" деп атайды. "Мұндай дабыра тәуелсіздікке қарсы қауымның диірменіне су құяды" дейді. Ол оппозиция талаптарының орынсыз екендігіне меңзеп және тіке айтпаса да, олардың деңгейі төмен дегенді аңдатып, "бізде оппозициямен коалициялық үкімет құратындай жағдай қайда?!" деп бір тоқтайды.
"НАЗАРБАЕВТЫ ЖАҚСЫ АЗАМАТ РЕТІНДЕ МАҚТАҒАН ЖОҚПЫН"
1992 жылы мемлекеттік арнаға берген осы сұхбатында Назарбаев өзінің оппозициялық ұйым өкілдерімен кездескенін еске салады. Ондайда Сәбетқазы Ақатай мен Михаил Есенәлиевтің аты аталады. "Осы жігіттермен ұзақ отырып әңгімелесіп, көп нәрсені айтып едім" дейді Назарбаев.
Назарбаевтың оппозиция өкілдерімен кездестім дегені – осы наразылық жиынынан бір айдай бұрынғы оқиға.
Азаттық радиосы 1992 жылғы 23 мамырдағы эфирінде "Азат" қозғалысының теңтөрағасы, сол кездегі оппозициялық "Азат" республикалық партиясының жетекшісі Сәбетқазы Ақатаймен болған сұхбатты берген.
Саясаткер сұхбатында таяуда ғана президент Назарбаевтың қабылдауында болғанын, тартына сөйлесе де, сонда қозғалған мәселелер жайлы айтады. Бұл жолы Сәбетқазы Ақатай президентті жақтайтынын анық аңдатады. Одан сұхбат алған Азаттықтың Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин осы жайында да сұрайды. "Назарбаевты көп мақтайды деп сізге сыни пікірлер айтылып жүр ғой..." деген тілші сұрағына Сәбетқазы Ақатай былай деп жауап береді.
"Мен мақтағанда, Назарбаевты жақсы азамат ретінде мақтаған жоқпын. Мен оны қарызға мақтап отырмын. Кез-келген жерде Назарбаевтың бетін тырнап отырсақ, ол азаматтың ісі емес. Ол бізге емес, сормаңдай қазақ халқына жақсылық жасасын. Бәйгеден келген азамат сол болып есептеледі. Оның аты-жөні Назарбаев бола ма, басқаша бола ма, әңгіме онда емес" деп Сәбетқазы Ақатай жалтара жауап берген.
Ол Назарбаевпен кездесуде жеке мәселелер де сөз болғанын жасырмайды. Бірақ оны ашып айтпайды. Сәбетқазы Ақатай президентпен кездесуде баспанасыздар жайын қозғағанын, сол кездегі ел астанасы Алматыдағы ең ірі мәселенің бірі осы екенін айтады.
Бұған қоса ол Назарбаевпен кездесуде сол кезде тағдыры әлі шешілмеген ядролық қару жайын талқылағанын баяндайды. "Біз өзіміз жасай алмаған, аспаннан түскен ядролық қаруға ие болуымыз керек. Ол дипломатия құралы болуы тиіс" деп айтқанын жеткізеді.
"АЗАТ" ПАРТИЯ ҺӘМ ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
Азаттық радиосының Қазақстандағы саяси партиялар туралы хабарында кейін Сәбетқазы Ақатай басқаратын "Азат" республикалық партиясының ішінен келіспеушіліктер туындағаны айтылады.
Қазақстан тәуелсіздік алған, Назарбаев президент болған бір жыл ішіндегі саяси партиялар ахуалы Азаттықтың хабарлауынша былайша өрістейді.
Оппозицияның бір қанатындағы белсенділік осылай жанышталғаннан кейін өзге де партиялар да еңсесін көтере алмаған. "Азат" партиясы мен қозғалысы кейін "Желтоқсан" партиясымен бірігеді. Президент қостаған Қазақстан Халық конгрессі партиясы Алматыдағы митинг жанышталғаннан кейін бір аптадан соң бірінші құрылтайын өткізген. Партияның төрағасы болып Олжас Сүлейменов сайланған.
Ал өзін коммунистік партияның ізбасары деп жариялаған Социалистік партияның әрекеті қандай болған? Қайткенмен елдегі жаңа саяси партиялармен салыстырғанда тарихы ұзақты қамтитын саяси ұйым еді ғой.
Азаттық бұрынғы коммунистік партияның мирасқоры Социалистік партияның көзге түсер ешқандай әрекеті байқалмағанын айтады. Басқа партиялар да жұртшылықтың назарын аударатын ештеңе істей алмаған. Жаңа партиялар құруға әрекет байқалғанымен, нақты іс байқалмаған.
Парламентте де саяси топтар арасында айтарлықтай белсенділік көзге түспеген. Азаттық шолушысы оны қабылданғалы отырған жаңа Конституциямен байланыстырады. Бұл кезде тәуелсіз Қазақстан өз Негізгі заңын қабылдамақ болып, жоба ұсынған. Парламентте де, қоғамда да тәуелсіз Қазақстан Конституциясының жобасы қызу талқыланып жатқан кез болатын.
БЕРІЛМЕГЕН МҮМКІНДІК ЖӘНЕ ҚАЙТА ЖАНДАНУ ШАРТЫ
Азаттық радиосы саяси партиялар мен топтар жаңа Конституцияның қабылдануын күтіп отырған сияқты деп топшылайды. Жаңа Конституция жобасының барынша демократиялық сипатқа ие екені айтылады. "Осы Конституция қабылданса, саяси партияларға қайта жандану мүмкіндігі тууы мүмкін" деп қорытады Азаттық.
"Қысқасы, Қазақстанда тұрақтылықты сақтап қалу үшін оппозициялық партиялар мен топтардың әрекеттенуіне мүмкіндік берілмеді. Бұл әлі жалғасып отыр. Мұндай жағдайда Қазақстанда демократияландыру процессі қалай жүзеге асатыны беймәлім" деп хабарлаған Азаттық радиосы 1992 жылғы 6 желтоқсан күнгі эфирінде.
Тәуелсіздігін енді ғана жариялаған Қазақстан қоғамының сол кезде жаңа Конституциядан күтері көп болғаны байқалады. Дегенмен Назарбаев билігі арада екі жыл өтер-өтпесте қоғамдағы қарсылыққа қарамастан, ол Негізгі заңның орнына өзі дайындаған басқасын қабылдаған.
Қазақстан сөйтіп тәуелсіздігінің бір жылдығын жаңа Конституциясыз қарсы алған. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң жарты жылға дейін совет кезіндегі мемлекеттік ту мен әнұранды пайдаланды. Ал алғашқы Конституцияның қоғамдағы талқысы да ұзаққа созылған. Қызу пікірталас, дау, дискуссия болған. Бұл туралы подкастың алдағы эпизодында айтамыз.
Подкасты Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан жүктеп алуға болады.
ПІКІРЛЕР