11 тамызда Талдықорған полициясы журналист Сандуғаш Дүйсенованы ұстады, деп хабарлады "Әділ сөз" баспасөз қорғау қоры. Полиция оны "Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" (147-бап) бабы бойынша айыптаған. Оны қандай оқиғаға байланысты айыптап отырғаны белгісіз. Журналист ешқайда кетпек туралы қолхатпен босап шыққан.
Tengrinews агенттігі түнде Дүйсенованың ұсталуына қатысты полиция хабарламасын таратқан. Онда полиция Сандуғаш Дүйсенованы "Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" (147-бап) бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша қалалық полиция бөліміне жеткізілгенін растаған.
"Процессуалдық шаралардан ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қазір тергеу облыстық департамент бақылауында. Іс бойынша өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды" деп жазылған полиция хабарламасында.
Қазақстан Журналистер одағының Астана қаласы бөлімінің жетекшісі Әмір Хасенов журналисті қолдап, мәлімдеме таратты. "Жаңа Қазақстанда" журналистерді болмашы нәрсені сылтауратып ұстап жатыр, ал ірі шенеуніктерді халықты тонағаны үшін бостандыққа жібереді" деп жазды бөлім жетекшісі.
Сандуғаш Дүйсенова 2022 жылы Қаңтар оқиғалары кезінде Талдықорған алаңынан түсірілген "әйгілі суреттің" авторы: суретте жерде құлатылған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішінің бір бөлігі жатқаны көрінеді. Сол сурет үшін Дүйсенова MediaCAMP Award 2022 халықаралық байқауын жеңген.
Маусым айында Protenge басылымы жыл сайын қала және аудан әкімдіктері қаланы абаттандыруға бюджеттен миллиардтаған теңге қаражат бөлетінін, Талдықорғанда журналист Сандуғаш Дүйсенова еншілес компания уәде етілген 350 мың гүлді отырғызды ма, жоқ па, соны тексеру мақсатында гүлдерді қолмен санап шыққанын жазған. Нәтижесінде журналист 282 мың гүл жетпейтінін анықтаған.
ПІКІРЛЕР