Accessibility links

"Әділ сөз" журналист Сандуғаш Дүйсенова жөнінде президент Тоқаевқа үндеу жолдады


Журналист Сандуғаш Дүйсенова өз кандидатурасын Қазақстан президенті лауазымына кандидат ретінде ұсыну туралы "Ақ жол партиясының съезінде сөйлеп тұрған сәт. Астана, 6 қазан 2022 жыл
Журналист Сандуғаш Дүйсенова өз кандидатурасын Қазақстан президенті лауазымына кандидат ретінде ұсыну туралы "Ақ жол партиясының съезінде сөйлеп тұрған сәт. Астана, 6 қазан 2022 жыл

Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры журналист Сандуғаш Дүйсенованы тінту мен оның үстінен қозғалған қылмыстық істің қаншалықты заңды екенін тексеру жөнінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.

11 тамызда Талдықорған полициясы журналист Сандуғаш Дүйсенованы ұстағаны, оны "Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" (147-бап) бабы бойынша айыптағаны мәлім болған. Журналист ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан.

Сандуғаш Дүйсенова бұған дейін Qaz365.kz сайтына берген сұқбатында Талдықорған полициясы тінту кезінде жалаңаштап шешіндіріп, оны бейнекамераға түсіргенін айтқан. Журналист "ер адамдардың алдында киімсіз жүрдім, мұндай қорлық намысыма тиді" деген.

Сандуғаш Дүйсеноваға жасалған полиция әрекеті қоғам назарын аударып, әлеуметтік желіде наразы пікірлерді көбейткен.

"Әділ сөздің" жазуынша, Сандуғаш Дүйсенованың үстінен қозғалған қылмыстық іс те, оны тінтудің заңдылығы да күмән туғызады.

- Журналистің сөзіне қарағанда, оны тінтіген бөлмеге полиция департаментінің жедел басқару орталығына тікелей қосылатын видеокамера орнатылған. Журналисті толық шешінуге мәжбүрлеген, он ер адамдардан тұратын жедел басқару орталығының барлық қызметкерінің көруіне мүмкіндік болған. Қазақстан конституциясының 17-бабы бойынша адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды,- дейді "Әділ сөз".

Сандуғаш Дүйсенованың үстінен қылмыстық істің қозғалуына журналистің мақаласында адам өлімі үшін сотталған Ақжалбеков А.К есімді азаматтың ЖСН дерегі көрсетілгені түрткі болған. Сотталушы журналистің үстінен Жетісу облысының прокуратурасына арыз жазған, кейін Дүйсенованың үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Алайда "Әділ сөздің" жазуынша, сотталған азаматтың ЖСН дерегі журналистің мақаласына дейін Қазақстан жоғарғы сотының "Сот кабинеті" сайтында жарияланған.

"Тергеу нәтижесі жәбірленушіге елеулі зиян келгені туралы ешқандай дәлел келтірмеді, нақты қандай негіз бойынша, заңды мүдде туралы да түсініктеме бермеді. Елеулі зиян келтіру фактісі болмай қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ" дейді "Әділ сөз" үндеуінде.

Бұған дейін Қазақстандағы адам құқығы мен заңды сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис те журналист Сандуғаш Дүйсенованы камера алдында шешіндіріп, тінтуге байланысты әлеуметтік желіге пікірін жазған.

Құқық қорғаушының сөзінше, БҰҰ-ның азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайnын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясы бойынша, адамды шешіндіріп, оны камераға түсіру - қорлау болып саналады. Құқық қорғаушы полиция қызметкерлерінің әрекетін журналистің кәсіби қызметімен байланыстырған.

Жетісу облыстық полициясы Дүйсенованы тінтігенін растады. Айтуларынша, тінтуге қатысқандар - тергеуші, криминалист және екі куәгер де әйел болған. Полиция "журналисті тінту кезінде қылмыстық-процестік кодекс талаптары сақталды, тергеу кезінде бейнекамера қолдану міндетті" деген уәж айтқан.

15 тамызда ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев журналистерге берген жауабында Сандуғаш Дүйсенованы тергеу кезіндегі әрекет заңды деп санайтынын білдірді. Оның сөзінше, мұндай процедура барлық азаматқа бірдей орындалады. Қожаев полицияның әрекеті заңға қайшы болса, кешірім сұрауға дайын екендерін айтты.

"Біздің қызметкерлердің іс-әрекеті қаншалықты заңды екенін алдымен прокурор, кейін сот тексереді. Кемшілік анықталып, қызметкерлеріміз міндеттерін дұрыс атқармаса, сот үкімінен соң кешірім сұрауға дайынбыз" деді Қожаев.

Оның айтуынша, бұл істе журналиске қарсы тапсырыс беруші жоқ. "Бұл іс Қазақстан азаматының арызы бойынша қозғалды" деді министрдің орынбасары. Бұған дейін әлеуметтік желіде "Сандуғаш Дүйсенованы әлдебір жоғары лауазымды шенеунік қорқытып-үркіткісі келген" деген ақпарат тараған.

Биыл маусымда Protenge басылымы жыл сайын қала және аудан әкімдіктері қаланы абаттандыруға бюджеттен миллиардтаған теңге қаражат бөлетінін, Талдықорғанда журналист Сандуғаш Дүйсенова егілуге тиіс"350 мың түп гүл отырғызылды ма, жоқ па, соны тексеру мақсатымен гүлдерді қолмен санап шыққанын жазған. Нәтижесінде журналист 282 мың гүл жетпейтінін анықтаған.

Сандуғаш Дүйсенова 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанның орталық алаңында құлап жатқан бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев суретін түсіріп, жариялаған. Сол фотосуреті үшін Дүйсеноваға MediaCAMP Award 2022 халықаралық байқауының жүлдесі берілген.

Ол 2022 жылы қазанның 6-сына өткен "Ақ жол" партиясының съезінде өзінің кандидатурасын Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде "Ақ жол" партиясы атынан ұсыну жөнінде сөз сөйлеген. Партия съезінде Дүйсеновадан өзге тағы да үш адамның кандидатурасы қаралып, төраға Азат Перуашевтің бастамасымен "Ақ жол" партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандиатурасын қолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG