Accessibility links

Өзбекстанда президенттің қызы жоғары лауазымды қызметке тағайындалатыны хабарланды


Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияева
Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияева

Азаттықтың Өзбек қызметі өзбек үкіметіндегі дереккөздерге сүйене отырып, жуырда президент Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы Саида Мирзияева президенттің бірінші көмекшісі қызметіне тағайындалатынын хабарлады.

Дереккөздердің айтуынша, бұл жаңарған президент әкімшілігіндегі ең жоғары қызмет болмақ.

Президенттің баспасөз қызметі 15 тамызда президент әкімшілігінің жетекшісі Сардор Өмірзақовтың қызметтен кеткені жөнінде ақпаратты растаған.

Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысының жарлығы бойынша президент әкімшілігінің жетекшісі қызметі жойылған. Бұған қоса, енді әкімшілік жетекшісінің аймақтағы көмекшісі қызметі де болмайды.

Өзбекстан билігі вертикаліндегі соңғы өзгерістер президенттің үлкен қызы Саида Мирзияеваның мәртебесінің күшейгенін көрсетеді.

Бұған дейін Мирзияева президент әкімшілігінде әйелдер білімі мен құқығына байланысты бірқатар заң шығару бастамаларын көтерген. Ол жергілікті БАҚ-та қызу талқыланды.

Бір ай бұрын Азаттықтың Өзбек қызметі Шавкат Мирзияев тұсындағы непотизмге байланысты зерттеу жариялаған. Журналист-зерттеушілердің есебінше, Мирзияев билікке келгеннен кейін 20-дан астам туысы үкіметтегі жоғарғы қызметтерге тағайындалған.

XS
SM
MD
LG