Accessibility links

Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі: Ұлымның денсаулығы нашарлаған


Әкімшілік қамаудан шыққан журналист Думан Мұхаммедкәрімді (сол жақта) жақтастарының қарсы алған сәті. Алматы облысы, сәуір 2023 жыл.
Әкімшілік қамаудан шыққан журналист Думан Мұхаммедкәрімді (сол жақта) жақтастарының қарсы алған сәті. Алматы облысы, сәуір 2023 жыл.

Талдықорғандағы тергеу изоляторында аштық жариялаған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы нашарлаған. Оның аштық акциясын бастағанына бір апта болды. Журналистің денсаулығы нашарлағанын 8 қыркүйекте Азаттыққа әкесі Алмаз Тілепов айтты.

Ол бір күн бұрын Алматыдан Талдықорғанға ұлымен кездесуге барып, жолыға алмай қайтқан. Ол журналист жеті күннен бері тек су ішіп отырғанын айтты.

– Ауырып жатырмын деді, кездесуге шықпады. Әлсіздік қой. Қамалғаннан бері бүйрегі ісіп ауырып жүр. Өткенде дәрігерлер барып, ауруханаға жатқызамыз деген, бірақ сөздерінен айнып қалды ма, ауыстырмай қойды. Дәрігерлер келмеген соң оларға наразылық ретінде аштық жариялады. Маған жағдайы бірқалыпты дейді... Бұл — таза азаптау. Атбасардағыдай ұрып-соқпаса да, осылай қинап жатыр, – деді Алмаз Тілепов Азаттыққа.

Журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, 1 қыркүйектен бері Думанды емханаға ауыстыру жөнінде тергеу изоляторынан, полициядан ешкім хабарласпаған.

– Прокурор да, дәрігер де алдады. Енді кімге сенуге болады? Дәрігерлер ешбір тарапты таңдамай, қандай адам болса да оған бірінші көмек көрсету керек. Адамның денсаулығына қауіпті жағдай болса, дәрігер міндет ретінде оны емдеуге тиіс. Олар Гиппократ антын қабылдады ғой. Алып кетеміз деп, айтқандарын орындамады, – деді Ғалым Нұрпейісов.

8 қыркүйекте аты-жөнін атамауды сұраған Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі қалалық емханаға сүйеніп Азаттыққа "журналисті емханаға ауыстырады, сол бойынша жұмыс жүріп жатыр" деп айтты.

– Журналист Алматыға ауыстыру талабы орындалмаған соң аштық жариялаған, дәрігерлерге қатысты емес. Дәрігерлер бірнеше рет барған, бірақ оның қаралудан бас тартамын деген екі қолхаты бар екен. Кеше аштықты тоқтатамын, бүйрегім ауырып тұр деп, емделуге келісім беріпті, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасынның өкілі.

Бірақ Талдықорғандағы тергеу изоляторы Азаттыққа бұл ақпаратты растамады. Олар журналист жөнінде бар мәліметті облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінен білу қажеттігін айтты. Ал департамент өкілдері "анықтап беруге" уәде берді. Жаңалық жарияланған уақытқа дейін жауап түскен жоқ.

Журналистің аштық акциясын 1 қыркүйекке қараған түні бастағанын жақтастары хабарлаған. Олардың айтуынша, денсаулығы сыр бере бастаған журналист өзін дәрігерлерге қаратуды талап еткен.

Билікті сынаған журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG