Accessibility links

Дін еркіндігі және радикализация. Ташкент ниқаб киюге және азан дауысын қатты шығаруға тыйым салады


Мүфти Нуриддин Халықназаров (сол жақтан үшінші), президент Шавкат Мирзияев және премьер-министр Абдулла Әріпов. Ташкент, 31 тамыз 2023 жыл.
Мүфти Нуриддин Халықназаров (сол жақтан үшінші), президент Шавкат Мирзияев және премьер-министр Абдулла Әріпов. Ташкент, 31 тамыз 2023 жыл.

Президент Шавкат Мирзияев Ислам Каримовтың тұсындағы діни сенімге шектеулерді алып тастап, мұсылмандардың алғысына бөленді. Бірақ қоғамдық орындарда ниқаб киюге тыйым салатын заң арқылы дін саласындағы мемлекеттік саясат басқа бағыт ала бастады.

10 қыркүйекте Өзбекстанның өкілетті тұлғалары мен үкіметке жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың өкілдері министрлер кабинетінде жиналып, өзекті мәселені талқылады.

Премьер-министр Абдулла Әріпов пен мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Әбдісәлім Азизовтың айтуынша, Өзбекстанда “діни радикализацияның жаңа толқыны” басталған.

Бұл жиын туралы алдын-ала айтылған жоқ, кездесу қорытындысы да 14 қыркүйекке дейін жарияланбады.

Жиынға қатысқан ақпарат көздері анонимді түрде шенеуніктер дінді теріс түсінетіндер мен жұмыс уақытында намазға баратындардың көбеюіне, көп әйел алушылықтың артуына алаңдап отырғанын айтты.

Ақпарат көздерінің дерегінше, Әріпов “шенеуніктер не дінді таңдасын, не мемлекетке жұмыс істесін” деген.

Әріповтың әкімшілігі 14 қыркүйектегі мәлімдемесінде премьер-министрдің пікірін жоққа шығарған.

35 МИЛЛИОН АДАМ ИСЛАМ ДІНІН ҰСТАНАДЫ

2016 жылы билікке келгеннен кейін Шавкат Мирзияев діни рәсімдерге тыйымды әлсіретіп, әсіресе, халықтың 90 пайызы (35 миллион адам) ұстанатын исламға шектеулерді жеңілдетті. Бірақ қазір мемлекеттік дін саясаты Ислам Каримовтың тұсындағы қатаң кезеңге орала бастады. Ол кезде мемлекет дінді толық бақылауға алып, мыңдаған мұсылман түрмеге жабылып, экстремист ретінде азапталды.

Жұма намазын оқып жатқан азаматтар. Ташкент, қазан айы 2021 жыл.
Жұма намазын оқып жатқан азаматтар. Ташкент, қазан айы 2021 жыл.

9 қыркүйекте Өзбекстан мүфтиі діни киім киіп, сақал қоюда әсірешілдіктен аулақ болуға шақырды.

— Дінде бірдей киініп жүру керек деген пікір қалыптасты. Пайғамбарымыз қалдырған ереже бар. Исламда белгілі бір форма жоқ. Бұл — бір халықтың діні емес, — деді мүфти Нұриддин Халықназаров.

Енді елдің кей бөліктерінде намаз оқуға шақыратын азан дауысы бұрынғыдан бәсеңдеуі мүмкін. Осы айда Азаттық тілшілері азан дауысы бәсеңдегенін байқаған. Олар Ташкенттің бір ауданындағы мешітке барып, бұл өзгерістің растығына көз жеткізген.

Мүфтият өкілі Азаттыққа жауабында “Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды” деді.

Өзбекстанның солтүстік-батысындағы Нүкіс қаласындағы мешіт.
Өзбекстанның солтүстік-батысындағы Нүкіс қаласындағы мешіт.

Дін істері бойынша мемлекеттік комитет Азаттықтың осы мәселеге қатысты пікір беру туралы өтінішін жауапсыз қалдырды.

МҰСЫЛМАНДАР КӨШЕДЕ ЕМІН-ЕРКІН ЖҮРЕ АЛА МА?

Бұл өзгерістер қызық көрінеді, өйткені Мирзияев жақында ғана 2017 жылдың соңында азаңды дауыс зорайтқышпен айтуды қайта енгізгенін Жаңа Өзбекстан белгісі ретінде жарнамалаған.

Осыдан кейін АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Ташкентті дін еркіндігін бұзып, алаңдаушылық туғызып отырған мемлекеттер тізімінен шығарды. Қазір бұл тізімде 12 мемлекет бар.

Одан бөлек, Мирзияев жасөспірімдерге мешітке баруға, жаңа мешіт ашуға тыйым салатын шектеулерді алып тастады. Сондай-ақ діни көзқарасы үшін “қара тізімге” енген адамдар санын азайтты.

Исламға қатысты репрессивті саясат ұстанған Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов.
Исламға қатысты репрессивті саясат ұстанған Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов.

Мирзияев осы жазда президент болып қайта сайланардың алдында діни консерватизмге бейім Әндіжан облысына да барды. Ол өңір халқының алдында сөйлеген сөзінде өзбектер енді көшеде еш қорықпай, емін-еркін жүре алады деді.

— Азанды естігенде, осы күнге жеттік-ау деп жылағым келеді. Азанды соңғы рет қашан естіп едік? — деді президент.

Бірақ кейінгі бірнеше жылда мұсылмандар көшеде қауіптеніп жүретін болды. Өйткені мұсылмандарды ұстау мен тергеу көбейді. Азаматтарға күштеп сақалын алғызып тастағаны жөнінде ақпарат түсе бастады.

Азаттықтың үкіметтегі ақпарат көзінің айтуынша, Өзбекстанның өкілетті тұлғалары БҰҰ-ның дін еркіндігі жөнінде баяндама жасайтын қызметкерлерімен және АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі бойынша комиссиясымен тұрақты байланысын үзген.

Ақпарат көзінің дерегінше, БҰҰ баяндамашысы кейінгі жылдары Өзбекстанға кемі 3 рет баруға тырысқан. Бірақ бара алмаған.

Бішкекте тұратын, Орталық Азиядағы ислам бойынша сарапшы Ильхам Омарахунов қазір дін еркіндігі саласында халықаралық қауымдастық көргісі келетін картина мен Өзбекстан билігі қолға алуға дайын істер арасында үлкен айырмашылық бар дейді.

— Өзбекстанда сарапшылармен сөйлесіп отырсаң, дін еркіндік емес, қауіпсіздік тұрғысынан қарастырылатынын түсінесің, — дейді сарапшы.

Умарахуновтың пікірінше, билік адамдар өркениетті институттардан бас тартып, ислам экожүйесін таңдайды деп қорқады.

– Бір жағынан, дін еркіндігі мәселесі бар. Екінші жағынан, бір топтың саны артып, олар екінші топқа өз көзқарасын тықпалап, кикілжің тууы мүмкін. Билік осыдан қорқады, — дейді ол.

5 қыркүйекте парламенттің төменгі палатасы өркениетті қоғам тәртібін бұзғандарға айыппұл салу туралы заң жобасын қабылдады.

Енді мешітте некесін қиғызып, мемлекеттік тіркеуден өтпеуге болмайды. Көшеде адамның түр-тұлғасын ажыратуға мүмкіндік бермейтін никаб киюге де тыйым салынады.

Депутаттар парламенттің төменгі палатасында өткен баспасөз конференциясында бұл заңды қызу талқылағандарын айтты, бірақ қандай баптарға қатысты тартыс болғанын түсіндірмеді.

Қазір заң сенаттың қарауында жатыр.

Өзбекстан режимінің ислам дінінен қорқуы бекер емес. Мемлекет тәуелсіздік алған тұста секуляризмге (мемлекетті діннен бөліп қарастыру концепциясы) қарсы діни топтар пайда болды.

Сондай топтардың бірі — "Өзбекстанның ислам қозғалысы". Билік 20 жыл бұрын топ өкілдерін Ташкенттегі қатарынан болған бірнеше көлік жарылысына айыптады. Бірақ ұйым әлі күнге белсенділігін тоқтатқан жоқ.

"Өзбекстанның ислам қозғалысы" Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында әзер күнелтіп жүр. Қазір олардың Өзбекстан билігіне қауіп төндіретін қауқары жоқ. Соған қарамастан, ұйым өкілдері әлі де Өзбекстан режимін құлатқысы келеді.

Кейінгі жылдары мемлекет бақылауындағы мүфтияттың емес, консервативті исламға бейім азаматтардың белсенділігі арта бастады.

Мирзияев билікке жаңа келгенде консервативті топтар мектеп формасына қарсы шығып, мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге болмайды деген тыйымды алып тастауды талап етті.

Көккүмбез мешіт. Өзбекстан.
Көккүмбез мешіт. Өзбекстан.

Қазір жай белсенділердің де, дін жолындағы азаматтардың да еркіндігі шектеле бастады. Өткен айда azon.uz сайты мен онлайн арнасының негізін қалаушы Мубашшир Ахмад Facebook парақшасында көп жобасы жабылып қалғанын айтты.

2017 жылы ашылған azon.uz ислам діні мен оның Өзбекстан тарихындағы рөлі туралы авторлық мақалалар жариялап, елдің ақпараттық кеңістігіне жаңа леп әкелді.

Сәуірде блогер Қожаәкбар Насыров Өзбекстандағы танымал йогуртта қоңыздан алынатын ас бояуы бар, сондықтан ол харам асқа жатады деген видеосы үшін 15 тәулікке қамалды.

Ислам ғалымдары кармин ас бояуын тамаққа қосуға бола ма деген тақырыпта әртүрлі пікір айтады. Өзбекстаннан басқа елдерде бұл тақырып заңды діни талқының бір бөлігі саналады.

Діни блогерлерді жиі ұстап, тергеуге алып кетіп жатқанына қарағанда, Өзбекстандағы ислам өкілдерінің дауысы әлі басылмаған сияқты.

11 қыркүйекте бұрын Ташкентте имам болған Шермурод Тогай “Өзбекстан Алладан теріс айналып кетсе, бай-қуатты мемлекет бола алмайды” деп жазды.

— Енді азан дауысын өшіріп тастағысы келеді. Үніміз өшеді. Бірақ намазға шақыру тоқтамайды. Үнсіз қалғанымызды қалағандар тозаққа барады, — дейді имам.

Ол мұсылмандар саны артады, қанішерлер қарғысқа ұшырайды деп ескертті.

Тоғайдың жазбасының астына көп адам өркениетті қоғам принциптерін қорғап, кері пікір қалдырды. Бірақ бұрынғы имамды қолдағандар да болды. Қолданушылардың бірі Әндіжанда азан шақыру тоқтағанын қынжыла жеткізді. Мирзияев жазда дәл осы өңірде азан шақыруды қайта енгізгенін айтып, мақтанған еді.

XS
SM
MD
LG