Accessibility links

Берлинде Эмомали Рахмонға жұмыртқа лақтырған тәжік белсенділерінің Тәжікстандағы туыстары қамалған


Берлиндегі қарсылық акциясы. 29 қыркүйек, 2023 жыл
Берлиндегі қарсылық акциясы. 29 қыркүйек, 2023 жыл

Тәжік оппозициясының Еуропадағы өкілдері 29 қыркүйекте Берлинде акцияға шыққан соң Тәжікстан қауіпсіздік органдары олардың туыстарын қамауға алып, тергеген. Оппозиция белсенділері Орталық Азия республикаларының басшылары Берлинге келгенде акция өткізіп, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның режиміне қарсы ұран көтеріп, кортежіне жұмыртқа лақтырған.

Еуропада тұратын белсенді Шарофиддин Гадоевтің Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуына қарағанда, жексенбі күні таңертең Тәжікстанның Хатлон облысының қауіпсіздік қызметкерлері 74 жастағы анасын үйінен алып кеткен.

"Анамды әкеткенде балаң неге тыныш жүрмейді, президенттің мәшинесіне неге жұмыртқа лақтырады?" деп сұраған дейді Гадоев.

Тағы бір белсенді Фарход Одинаев Гиссар қаласындағы немере інісін полиция әкеткен, сол күйі хабар болмаған.

"Әуелі кәрі анамды әкеткілері келген, бірақ ініммен тоқтапты. Менің де анама балаң президентке неге жұмыртқа лақтырады деген сұрақ қойған" дейді Одинаев.

Тәжікстан соты "экстремистік ұйым" деп тыйым салған "Топ 24" оппозициялық ұйымы Берлинде акцияға қатысқандардың кемінде бесеуінің туыстары Тәжікстанда қамалғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG