Қырғызстанда демократияның соңғы сарқыншағы таусылып бара жатқанын айтып, дабыл қағып жүрген сарапшылардың бұл күндері жұмысы қауырт. Бір кездері авторитар көршілерімен салыстырғанда еркіндігімен ерекшеленетін Қырғызстанда сот жүйесінің тәуелсіздігіне қатер төніп тұр.
Президент Садыр Жапаровқа қол қоюға берілген жаңа заңның салдары осындай болмақ. Егер ол заң қабылданса, президент ұлттық моральға нұқсан келген жағдайда, Конституциялық сот шешімінің күшін жоя алады.
Ондаған елде Конституциялық соттар азаматтардың негізгі құқықтарына қатысты маңызды мәселелер бойынша шешім шығаратын жоғарғы инстанция қызметін атқарады. Бұл барлық елде бірдей Конституциялық сот шешімі өзгермейді немесе билік тәуелсіз сот жүйесін құрметтейді дегенді әсте білдірмейді.
Бірақ авторитар елдердің өзі тәуелсіз сот жүйесіне қастығын ашық көрсетпеуге тырысады.
Ал Жапаров көрсетіп отыр.
28 қыркүйекте депутаттар заң жобасын екінші-үшінші оқылымда қабылдады. Енді Жапаров қырғыз халқының моральдық құндылықтарына қайшы келеді деген кез келген шешімнің күшін жоя алады.
Парламент заң жобасын талқылаған кезде 5 депутат ғана қарсы дауыс берген.
Президент моральдық құндылықтарды қалай анықтайды?
Заңда бұл ұғымға нақты анықтама берілмеген.
"Медиасаясат инстиуты" үкіметтік емес ұйымының заңгері Нұрбек Сыдықов заң жобасына талдау жүргізген.
– Мораль концепциясы тұрақты емес. Өзгере беретін ұғым. Заңды мұндай құбылмалы концепцияға байлап қою дұрыс емес. Мемлекет тепе-теңдік сақтауы керек. Тепе-теңдік бұзылса, қате шешімдер қабылдануы мүмкін, – дейді заңгер.
БИЛІККЕ ЖАҚПАҒАН МАТРОНИМ ТУРАЛЫ БАСТАМА
Парламенттің қарауына заң жобасын ұсынған кезде Қырғызстан әділет министрінің орынбасары Орозбек Сыдықов қырғыз халқының дәстүрінде адам құқықтары шектелмейді, керісінше, заң жүзінде қорғалады деді.
Ол мұндай заң қабылдау қажеттігін 30 маусымда Конституциялық соттың 9 судьясы шығарған қаулымен түсіндірді. Сот 16 жасқа толған немесе одан жоғары азаматтар өзі қалаған жағдайда әкесінің есімінің орнына анасының матронимін қолдана алады деген шешім шығарған.
Вице-министрдің пікірінше, бұл қаулы қырғыз халқының дәстүріне қайшы. Қырғыздар қан тазалығын сақтау үшін жеті атасына дейін білуі керек.
Сот феминист белсенді Алтын Қапалованың ұзаққа созылған науқанынан кейін осындай шешімге келді. Ол балаларының туу туралы куәлігін өзгертіп, бұрынғы күйеуінің атын алып тастауға тырысқан.
Бірақ бұл бастама биліктегілерге ұнаған жоқ. Матронимді сынаушылар қатарында Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің басшысы Қамшыбек Ташиев пен мүфти Замир Ракиев те бар. Оларға президент Жапаров та қосылған соң, сот құзыретін шектеп, мемлекет басшысының билігін күшейтуге сылтау табыла кетті.
БИЛІКТІҢ МАНИПУЛЯЦИЯСЫ
Садыр Жапаров Қырғызстанда 2010 жылғы революция кезінде биліктен тайдырылған авторитар басшы Құрманбек Бакиевтің үкіметінде жұмыс істеген. Одан кейінгі жылдары оппозицияда болды, түрмеде отырды.
Бірақ Жапаров билікке келгеннен кейін біртіндеп Бакиевтің тұсындағы тәртіпті қайта орната бастады. Парламент 2010 жылғы Конституция бойынша иеленген құзыретінен айырылды. Президентке бірнеше мерзімге қайта сайлануға тыйым салатын шектеу жойылды.
2010 жылғы революция саяси дискурсты өзгертті. Ұлттық құндылықтарға қатысты тірес күшейді. Популист Жапаров пен оның парламенттегі жақтастары азаматтық топтарға дискриминация жасап, ақпарат құралдарының жабылуын ақтайтын заңдар қабылдарда дәл осы дәстүрді сылтауратты.
Конституциялық сот туралы ұсыныс жасалғанда үкімет мүшесі Алмазбек Молдобаев Латвияның және Қырғызстанның авторитар көршілері – Қазақстан мен Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтірді.
"Медиасаясат институтының" қызметкері Сыдықов билік манипуляция жасап отыр, аталған елдердің бір де бірінде Жапаровтың командасы ұсынған нормалар жоқ дейді.
Өзбекстан Конституциялық сотының сайтында "Сот шешімі түпкілікті және қайта қарауға жатпайды" деп жазылған.
Қырғызстанның бірпалаталы заң шығарушы органы – Жогорку Кеңеш Садыр Жапаров билікке келмей тұрып, әлсірей бастаған. Өйткені оған дейінгі президенттер Сооронбай Жээнбеков пен Алмазбек Атамбаев парламентті президенттің уысында ұстауға тырысты.
Садыр Жапаров өзінен бұрынғы президенттер бастаған істі аяғына дейін жеткізуге күш салып жатыр. Заң жобасы 6 қыркүйекте бірінші оқылымда-ақ қабылданды, 28 қыркүйекте дауыс беру кезінде мүлде пікірталас болмады.
Салалық комитет депутаттар ұсынған бірқатар толықтыруды елеусіз қалдырды. Өткен айда президенттің қарсыласы қолдан құрастырылған айып бойынша қамалды. Осыдан кейін парламентте биліктің ұсынысына қарсы бас көтеретін адамның табыла қоюы екіталай.
Алты адамнан тұратын "Бүтін Қырғызстан" фракциясының жетекшісі Адахан Мадумаровқа 2009 жылы Тәжікстанмен жасалған жер келісімі бойынша мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағылып отыр.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдары бойынша жазылды.
ПІКІРЛЕР