Accessibility links

Бішкек Tiktok желісін неге бұғаттады? Қырғызстанда сөз бостандығы тарыла түсті


Сөз бостандығын қолдау шарасында "Тіл кеспек жоқ" деген плакат ұстап тұрған адам.
Сөз бостандығын қолдау шарасында "Тіл кеспек жоқ" деген плакат ұстап тұрған адам.

Қырғызстанда тәуелсіз ақпарат құралдары мемлекет қысымына шағымданып жатқан тұста мәдениет министрлігі TikTok желісін бұғаттады. Орталық Азиядағы "демократия аралы" саналып келген Қырғызстанда сөз бостандығы шектеліп жатыр.

Қырғызстандағы Kloop басылымы оқырмандарына “мемлекет редакцияны жауып тастауға күш салып жатыр” деп мәлімдемей тұрып бір күн бұрын осы басылым журналистік зерттеулерінде жемқорлық және заңсыз әрекеттері туралы көп жазған елдегі ықпалды тұлға "ақталып шығып", халық алдында көрінді.

Кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов мүфтияттың жаңа штаб пәтерінің ашылу салтанатында танымал блогерлермен бірге күлімдеп суретке түсті.

Оның риза болуына себептер жетіп артылатын.

Нысан құрылысын Матраимовтың отбасылық қоры қаржыландырған. Kloop, Азаттық, Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлыққа қарсы күрес ұйымы бірлесіп жүргізген зерттеуінен Матраимовтар отбасының ақша жымқыру операцияларына қатысы бары анықталған.

27 тамызда мүфтият ғимаратының ашылуында АҚШ санкциясына ілінген Матраимовтың жанында Шайлообек Атазов отырды. Көп даулы мәлімдеме жасаумен танымал болған депутат Tiktok желісін жабу туралы да ұсыныс жасаған.

Үш күннен кейін мәдениет министрлігі аты аталмаған үкіметтік емес ұйымдардың өтінішінен кейін балаларды қорғауды сылтауратып, Tiktok желісін бұғаттау туралы шешім шығарды.

Бұл хикая 2021 жылы мемлекеттен аса ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін сотталып, түрме жазасынан құтылып кеткен қырғыз саясатындағы елеулі тұлға Матраимов пен оның жақтасы Атазов туралы емес.

Бірақ шенеуніктердің ақпараттық кеңістікке бақылау орнатуы Қырғызстанның саяси элитасына пайдалы. Қырғызстан бұрын авторитар өңір саналатын Орталық Азиядағы ең еркін мемлекет еді.

Биыл үкімет Kloop басылымын жауып тастауға тырысқаны сияқты, Азаттықтың да жұмысын тоқтатпақ болды.

Былтыр президент Садыр Жапаровқа қарсы ондаған белсенді мен журналист түрмеге жабылды. Олардың көбі түрмеде Матраимовтен ұзақ отырды. Матраимов бұрын Азаттық пен Kloop басылымдарын сотқа берген.

24.kg тәуелсіз жаңалықтар сайтының редакторы Махинур Ниязова Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі пастор Мартин Нимеллердің “Әуелі олар келді” деген өлеңін мысалға келтірді.

— Олар бірінші Азаттыққа келді. Үндемедім, өйткені Азаттықта жұмыс істемеймін. Кейін Kloop-қа келді, тағы үндемедік. Енді Tiktok-тың соңына түсті, — деп жазды Ниязова Facebook парақшасына.

Осы айда бас прокуратура Бішкек сотына ақпарат құралын жабу туралы арыз берді. Мемлекет Kloop басылымын жабуға Kloop Media ұйымының тіркеу деректеріндегі сәйкессіздікті сылтауратып отыр.

Ведомство дерегінше, құжаттарда “ақпарат тарату” мақсаты көрсетілмеген, ал Kloop медиа ұйым есебінде тіркелмеген.

Құжаттағы деректерге қарағанда, Kloop басылымы қайта тіркеле алмайды.

Бас прокуратура ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет сараптамасына сүйеніп, Kloop репортаждары Қырғызстан үкіметін сынап, мемлекеттік және муниципалды орган өкілдерінің беделін түсіруге бағытталған деген қорытындыға келген.

Сайт материалдарына жүргізілген психологиялық сараптама да “қоғамдық пікірге жасырын манипуляция жасалғанын” көрсеткен. Прокуратура дерегінше, Kloop-ты оқыған азаматтар "рухани күйзеліс, агрессия, қылмысқа бет бұру, жыныстық ауытқу, тәуелділіктің химиялық және басқа да формаларына бейім болады".

Жабылудың алдында тұрған Kloop сайты туралы президент Садыр Жапаров та мәлімдеме жасады:

— Kloop сияқты ақпарат құралдары қырғыз халқына еш пайда әкелген жоқ, тек зиянын тигізіп отыр, — деді Жапаров мемлекеттік Kabar.kz берген сұхбатында.

Жапаров Kloop пен басқа да басылымдарды бұрын мемлекетті тонаған адамдарды мақтап, инвесторларды үркітеді деп айыптады.

— Сіздерге бюджеттен, салық төлеушілердің қалтасынан ақша төледі. Оларды сол үшін мақтадыңыздар! Біз сіздерге халықтың ақшасын бере алмаймыз. Бұл ақша халықтың игілігіне жұмсалуы керек, — деді президент.

Бұл әрине, 2006 жылы журналистердің жаңа толқынын дайындау мақсатында құрылып, медиамектеп ретінде құрылған, Қырғызстан билігіне сынмен қарайтын Kloop басылымының сипаттамасына ұқсамайды.

2010 жылы Kloop басылымы Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің жемқор әрі авторитар режимін сынағаны үшін қоқан-лоқы көріп, қысымға ұшыраған. Ол кезде Садыр Жапаров жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін басқаратын.

Сол жылы революция болып, Бакиев биліктен тайдырылды. Оның орнына келген жаңа президент Алмазбек Атамбаев та Kloop-ты жақтыра қоймады.

Ол басылымдағы бағаналардың бірі оқып, “боқ басып кеткендей болдым” деп айтқан.

2017 жылы Kloop сайлауда Атамбаевтың орнына қалдырған кандидатына бүкіл әкімшілік ресурс көмектескенін әшкереледі. Атамбаев мұны “провокация” деп атап, Kloop-ты Қырғызстан "денесіндегі кенеге" теңеді.

Бас прокуратураның сотқа берген арызында биліктің Kloop сайтына қарсы 2021 жылы зерттеу жүргізгені, бірақ соңғы оқиғалар істі алға жылжытқаны айтылған.

Жапаров Kabar-ға сұхбатында 22 тамызда жарияланған Жалалабадтағы Барса футбол академиясы туралы зерттеуге жауап берді. Жапаров пен оның жақын серіктесі Қамшыбек Ташиев осы өңірден шыққан.

Зерттеу барысында Ташиев пен Жапаров туыстарының әлемде ондаған академиясы бар испан футбол клубымен іскерлік байланысы бары анықталды.

Бұл жұп (Жапаров пен Ташиев) 2020 жылы саяси толқу кезінде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткеннен кейін билікке келді. Жапаров мықты, орталықтандырылған үкімет құруға, қисапсыз байлығы үшін "Райым миллион" аталып кеткен Матраимовты жауапқа тартуға, журналистер мен саяси белсенділерді қудалауды тоқтатуға уәде берген.

Қамшыбек Ташиев және Садыр Жапаров. Наурыз, 2022 жыл.
Қамшыбек Ташиев және Садыр Жапаров. Наурыз, 2022 жыл.

Бірақ ол бірінші уәдесінде ғана тұрды.

Kloop басылымын жабуға тырысу үйреншікті қысым болып көрінгенімен, Tiktok желісін бұғаттау жұрттың ойын сан-саққа жүгіртті.

Мәдениет министрлігі Tiktok қолданушыларды "қысқа роликтер әлеміне тартады, бұл видеоларды қараған жасөспірімдер көргенін қайталап, өз өміріне қауіп төндіреді" деп мәлімдеді.

Депутат Атазовтың пікірінше, Tiktok "Қырғызстанның ұлттық идеологиясына қайшы келеді". Қытайлық сервисті бұғаттауды ұсынған депутатты әріптесі Надира Нарматова қолдады. Ол "Tiktok жастарды мән-мағынасы жоқ істерге бейімдейді" деді.

Қос депутат та Ресейдің ізімен Қырғызстанда шетелдік агенттер туралы заң қабылдауды қолдаған. Бұл Kloop сияқты шетелден қаржы алатын ұйымдарға бақылауды күшейтеді.

Аталған депутаттар Ош қаласында Азаттық кеңсесінің ашылуына қарсы болған.

Kaktus Media сайтының бас редакторы Борубек Кудаяров үкімет Tiktok-та саяси наразылық өршіп келе жатқанын байқады дейді.

Facebook пен Instagram-да қоғамдық талқылауларға араласатын үкімет дайындаған “трольдер әскері” бар.

Tiktok-тың бұғатталуы мәдениет министрі Алтынбек Максутовтың өзін қиын жағдайда қалдырды. Kaktus Media дерегінше, Максутовтың қызы 112 мың жазылушысы бар танымал тиктокерлердің бірі. Қызының кей видеоларына Максутовтың өзі де түскен. Оның бұғаттау туралы бастамаға қатысы жоқ сияқты.

Белсенділер ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетін "сөз бостандығына қару кезенген органдардың бірі" деп атайды.

— Қазір бұл орган барлық жерде, олар бәріне ықпал ете алады. Құзыреті де күшейіп жатыр. Бақылау, тергеу, сот құзыреті де солардың қолында, — дейді қырғыз құқық қорғаушысы Гүлшайыр Әбдірасулова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG