Accessibility links

Орталық Азия елдерінің Конституциясы неге тұрақсыз?


Қазақстан Республикасының Конституциясы. Көрнекі сурет.
Қазақстан Республикасының Конституциясы. Көрнекі сурет.

Орталық Азияда президенттер қартайған я ауысқан сайын Конституция өзгереді. Ауысқан басшылар оны «қоғам талабы» деп түсіндіреді. Ал ауыспаған басшылар негізгі заңды өзгерту арқылы өкілетін ұзартып алған. Сарапшылар саяси жағдай құбылғанда Конституция да түзетілетінін айтады.

Қазақстанда биыл 5 маусымда Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өтпек. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамырда «Конституцияға өзгеріс енгізу туралы» республикалық референдум өткізу жайлы жарлыққа қол қойып, видеоүндеу жариялады. Тоқаев конституциялық реформаның мақсаты «суперпрезиденттік» басқару формасынан ықпалды парламент пен жауапты үкіметке ие президенттік республикаға өту» дейді.

ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕКІНШІ ӨЗГЕРТУІ

Қазақстан негізгі заңына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс тобы да құрылған. Әуелде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «тарихи рөлін» ескеру ретінде Конституцияның 91-бабында аталған «тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы» мәртебесі өзгеріссіз қалатыны айтылған. Кейін жұмыс тобының кейбір мүшесі Конституциялық кеңеске бұрынғы президенттің «тарихи рөлін» Конституцияға бекітпеу жөнінде қосымша ұсыныс жіберген. Оны жұмыс тобының мүшелері «Назарбаевтың тарихи рөлі бәріне мәлім, сондықтан оны Конституцияға жеке бекітудің қажеті жоқ» деген уәжбен түсіндірген.

Негізгі заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу Қазақстанда 230-дан аса адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалды. Қаңтар оқиғасына 721 адам күдікті деп танылып, 281 адам әлі қамауда отыр. Саяси бағасы берілмеген осы оқиға кезінде президент Тоқаев ескертпестен оқ атуға бұйырған. Құқық қорғау органдары тергеу процесіне меңзеп, оқ атуға берілген бұйрық және одан кейін болған шығындар жайында әзірге қоғам қанағаттанатындай жауап берген жоқ. Әртүрлі органның берген жауабы бір-бірімен сәйкеспей жатыр. Қазақстан билігі оқиғаны халықаралық деңгейде зерттеуге қарсы болып, онымен өздері айналысатынын мәлімдеген.

Алайда 5 мамырда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда «Қаңтар оқиғасы құрбандарының қазасын тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр» деп мәлімдеді. Ұйым Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жүргізетін тәуелсіз орган құрып, оған халықаралық сарапшыларды тартуға үндеген.

Қазақстан Конституциясында 33 бапқа 56 толықтыру енгізу көзделген. Соның негізінде 20 шамалы заң қайтадан түзетілмек. Жұмыс тобы әзірлеген өзгертулер 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру, президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақын-туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу, парламент құрамы мен жұмысы және сайлау жүйесін өзгерту, саяси партияларды тіркеу, өлім жазасына тыйым салу мен жерге меншік түрі секілді мәселелерді қамтиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып келгелі Қазақстан Конституциясына осымен екінші мәрте өзгертулер енгізілмек. 2019 жылғы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев қызмет өкілетінің мерзімі аяқталмай жатып кенеттен президенттіктен кеткенде Тоқаевтың ұсынысымен ел орталығы Астананың аты Нұр-Сұлтан деп өзгертіліп, Конституцияға енгізілген.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Конституциясын 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылдады. Сарапшылардың пайымдауынша, ол барынша демократиялық Конституция болатын. Алайда 1995 жылы екінші Конституция қабылданып, содан бері оған бес рет (1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары) түзету енгізілген.

Бұл – конституциялық реформаларға байланысты Қазақстанда 27 жылдан кейін, ал Орталық Азияда тура бір жылдан кейін өткізілгелі отырған референдум.

МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ӨЗГЕРТКЕН КОНСТИТУЦИЯ

Орталық Азияда конституциялық реформаға байланысты соңғы референдум осыдан бір жыл бұрын Қырғызстанда өткізілді. Осы референдумның ресми қорытындысы бойынша, Қырғызстан парламенттік республикадан президенттік республикаға айналды.

Оның алдында Конституцияны өзгерту туралы референдум 2016 жылы мамырда Тәжікстанда, ал желтоқсанда Қырғызстанда да өткізілді.

Тәжікстандағы референдумда президенттікке түсетін кандидатқа жасына байланысты қойылатын талап 30 жасқа дейін төмендетіліп, қазіргі президент Эмомали Рахмон президенттікке шектеусіз сайланатын құқыққа ие болып шыға келді. Кейіннен Душанбе әкімі және сенат төрағасы болған оның баласы Рустам Эмомали 2017 жылы 30 жасқа толды. Сол кезде сарапшылар Тәжікстандағы конституциялық реформаны Эмомали Рахмонның өз отбасынан ізбасар дайындауға әзірлігі ретінде бағалаған.

Өзбекстанда Шавкат Мирзияев билікке келгелі де ел Конституциясы өзгертулер мен толықтыруларды бастан кешіріп жатыр. 2017 жылы Конституцияға сот жүйесін жаңарту бағытында, ал 2019 жылы «үкіметті құрудағы демократизациялау және оның жауапкершілігі» туралы өзгертулер енгізілді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2021 жылы екінші мерзімге президент болып сайланған соң елге конституциялық реформа қажет деп мәлімдеді. Аймақтағы постсоветтік мемлекеттер арасында халқы ең көп әрі тығыз орналасқан бұл елде қолданыстағы негізгі заң бойынша, бір адам президент қызметіне бес жылдық екі мерзімнен артық сайлана алмайды.

Бір қызығы – Шавкат Мирзияев билікке келген соң Өзбекстан президентінің ресми сайтынан Конституция мәтіні алынып тасталды.

5 мамырда Қырғызстан Конституция күнін атап өтті. Тәуелсіз Қырғыз Республикасының алғашқы Конституциясы 1993 жылы дәл сол күні қабылданған еді. Ал былтыр 12 сәуірде қабылданған жаңа негізгі заңға бір жыл толғанда президент Садыр Жапаров Конституциялық сотқа барды.

Президент құзырын кеңейтуді көздеген жаңа Конституция жобасы қоғамда қызу талқыланып, дау туғызған; ел аузында ол «ханституция» деп аталды. Осы негізгі заң арқылы билікті бір қолға шоғырландыру сипаты басым түсіп жатыр дейді сарапшылар.

Қырғызстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін де саяси процестердің аяқталмағаны, ал сөз бостандығы мен оппозицияға қысымның күшейгені туралы айтылады.

«ДАҢҚТЫ АРҚАДАҒ» ӘУЛЕТІНІҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ

18 мамырда Түркіменстан да Конституция күнін атап өтпек. 2020 жылғы негізгі заңға енгізілген өзгертулерде биліктегі президенттің емес, экс-президенттің рөлі айқындалған болатын. Сол түзетулерге сай, 2021 жылдан бастап Түркіменстан парламенті қос палаталы болып құрылды. Бұрынғы «жоғары өкілетті орган» халық мәслихаты енді парламенттің жоғарғы палатасына айналды. Түркіменстанда экс-президенттер өмір бойы халық мәслихатының депутаты болып қалмақ.

Конституцияға енгізілген осы түзетулерден соң екі жыл өткенде, елде биыл болған президент сайлауында бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедов жоғары билікке келді. Экс-президент әке-Бердімұхамедов халық мәслихаты төрағалығына ығысты.

Гурбангулы Бердімұхамедов «арқадағ» (қолдаушы) мертебесіне ие. Ел арасында оны «шуһратты арқадағ» (даңқты қолдаушы) ретінде дәріптейді.

«ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҚ»

Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының басшысы, бұрынғы сенат депутаты, қоғам белсендісі Зәуреш Батталова Конституцияға өзгерту енгізу қолданыстағы негізгі заңның салмағы өте төмен болғанын көрсетеді және қоғаммен кеңінен талқыламай қабылданған өзгертулер асығыстық деп санайды.

Зәуреш Батталова.
Зәуреш Батталова.

– 2007 жылғы Конституцияға небәрі 17 минутта өзгертулер енгізілді. Кейін сол бойынша парламент сайлауы өтті. Сонда парламентте жалғыз партия қалды. Қалған партия белгіленген шекті межеден өте алмады. Осындай асығыс өзгертулер Конституцияның кезекті мәрте түзетілуіне себеп болып жатыр. Мен білген парламентте бес партия болған. Енді партиялық тізіммен бірге бір мандатты округтардан сайлауды қайта енгізбек. Тағы да асығыстық сипатын көреміз. Реформа туралы наурызда жарияланды, енді маусымда референдум өтпек. Осындай асығыстық салдарынан халықтың билікке сенімі солып барады, – дейді Зәуреш Батталова Азаттыққа.

Айтуынша, тек бір адамның – президенттің ғана айтқан ұсыныстары енгізілген Конституцияны қабылдау қоғамға қиын соғады.

– Жыртық көрпені қалай жамасаң да жыртық көрпе болып қалады. Сондықтан жүйелі реформалар жасау үшін жаңа Конституция қабылдау керек еді. Қазіргі асығыстықтың бір ғана себебі бар. Бұл – екі жылдан кейін болатын президенттік сайлауға дайындық, – дейді Зәуреш Батталова.

Қазіргі Конституция бойынша, Қазақстанда бірінші президенттен басқа ешбір адам бес жылдық екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды.

«БІР АДАМНЫҢ БИЛІКТЕГІ ҒҰМЫРЫН ҰЗАРТУ»

Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис те «депутаттардың заң жобасын бір сағаттан артық талқылағаны есімде жоқ. Бізде заңға енгізілетін өзгерістерді жедел қабылдайды, ал жалпыхалықтық талқылауды әзірге көрген жоқпын» дейді. Оның айтуынша, Қазақстанда Конституция саяси конъюнктура мен жағдайға байланысты өзгеріп отырады.

Зәуреш Батталова Қазақстандағыдай жағдай Орталық Азияның өзге елдеріне де тән деп санайды.

– Президент өзгереді, Конституция өзгереді. Сайып келгенде, Орталық Азиядағы конституциялық реформалар бір адамның биліктегі ғұмырын ұзартуға бағытталғанын көріп отырмыз. Парламенттің құзіретін ұлғайтып, сайлаушылардың мұң-мұқтажымен санасатын органға айналдыру керек еді. Іс барысында монархияға бет алғандар бар. Мәселен, Түркіменстан. Ал аймақтағы жалғыз демократиялық ел дейтін Қырғызстанның өзінде былтыр бір адамның мақсатына бейімделген Конституция қабылданды, – дейді Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының жетекшісі Азаттыққа.

«ТӨТЕНШЕ МАҢЫЗДЫ КОНСТАТАЦИЯ» ЖӘНЕ ЖОҚ ИНСТИТУАЛИЗАЦИЯ

Орталық Азия бойынша маман, ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов Қазақстан Конституциясында жерге меншік мәселесі бойынша енгізілетін өзгерту маңызды деп санайды.

– Ендігіде жер халықтың меншігі болып табылмақ. Қолданыстағы Конституцияда жер мемлекеттің меншігі болып бекітілген. Ал Қазақстандағы мемлекет іс барысында биліктің, президенттің және оның отбасының прерогативасы болып келді. Іс барысында билік халықтың емес, оны басып алған адамдар тобының қолында болды. Конституциядағы бұл өзгеріс қазіргі қалыптасқан жағдайды ескергенде прогрессивті саналады. Қазақстанның қазіргі жағдайында бұл төтенше маңызды констатация, – дейді ол.

Аркадий Дубновтың айтуынша, Орталық Азияда Конституцияға енгізілген өзгертулер басқарушы топтардың ғана коньюнктуралық мүддесін, яғни басқарушы режимді сақтап қалуды көздейді. Немесе келесі келетін режимді заңдастыру жолдарын қарастырады.

Аркадий Дубнов.
Аркадий Дубнов.

– Билік басына келген әр топ Конституцияны өзіне бейімдеуге тырысады. Осы топтар Конституция олардың билікке құқығын мәңгі қуаттайды деп есептейді. Кейде билік өзін демократиялық қырынан көрсету үшін халық пікіріне құлақ асқан болып, референдум тасасына тығылғысы келеді. Бұл – жақсы дегендегі жағдай. Ал нашар жағдайда, Конституцияға өзгерту енгізгенде парламенттің қуаттауына сенеді. Парламент Орталық Азияда демократиялық жолмен сайланбағаны белгілі, – дейді Аркадий Дубнов Азаттыққа.

Саясаттанушының пайымдауынша, Орталық Азияда парламент байсалды, құрметті институт рөліне ие болып отырған жоқ.

– Демократиялық елдерде мұндай өзгерістер барысында институализация жүрер еді. Мәселен, құқық-сот институты, саяси партиялар институты, сайлаушы мен билік, парламент пен атқарушы билік арасындағы теңдікті реттейтін институт қалыптасады. Өкінішке орай, Орталық Азия елдерінің ешқайсында да бұл институттар соңына дейін мақұлданған емес. Орталық Азияда осындай сипаттағы конституциялық процесс жүріп жатыр. Кей елде ептеп демократиялық стандарттарға жақындауы мүмкін, ал Түркіменстан сияқты елдерде бұл процесс «феодалды-электоралды» жүйенің институтына айналып кеткен, – дейді Аркадий Дубнов Азаттыққа.

Жалпы, СССР құлардан бірнеше ай бұрын, 1991 жылғы 17 наурызда өткен Совет одағының болашақ құрылымына қатысты референдумды қоспағанда, Орталық Азияда алғашқы референдум 1994 жылғы қаңтарда Түркіменстанда өткен еді. Сол кезде сайлаушылар президент Сапармұрат Ниязовтың өкілетін 2002 жылға дейін ұзартуды қолдап дауыс берген.

Содан бері Орталық Азия елдерінде барлығы 17 референдум өткізілген.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG