Қазақстан қорғаныс министрлігіне қарасты бөлімшелерде қызмет атқаратын бір де бір адам Қаңтар оқиғасы кезінде жауған оқ астында қалған бейбіт азаматтардың қазасына байланысты күдікті ретінде танылмаған, бірақ қарулы күштер басшылығы қылмыстық істерге "куәгер" ретінде тартылып отыр. Бұл туралы қорғаныс министрлігі мен қарулы күштер бас штабының өкілдері 3 мамырда өткен брифингте мәлімдеді.
– Арнайы тергеу-жедел тобы құрылған, бас прокурордың жетекшілігімен тергеу жүргізіліп жатыр. Қойған сұрақтарыңызға [жауап] бере алмаймыз. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге атсалысқандардың барлығы, соның ішінде қарулы күштер басшылығы, міне мен де не істегеніміз, қандай тапсырмалар орындалғаны (осы жөнінде) жауап беріп жүрмін, мен де бұл қылмыстық іске куәгер ретінде қатысып отырмын, – деп мәлімдеді Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов.
Қаңтар оқиғасына байланысты істер бойынша қарулы күштерден қанша адам тергеуге тартылды деген сауалға спикер – тергеу құпиясына меңзеп – жауап бермеді және ондай сауалды бас прокуратураға қоюға кеңес берді.
Азаттық 7 қаңтарда Талдықорған қаласында жеңіл көлікте бейқам келе жатқан кезде тұтқиылдан атылған қалың оқтан мерт болған Қайрат Нұрғалиев пен Андрей Карпиленконың қазасына күдіктілер бар ма деп сұрады. Бұрын Азаттықтың сауалына берген ресми жауабында ішкі істер министрлігі ол екі азаматты №18404 әскери бөлім қызметкерлері атып өлтірді деп мәлімдеген. Оқ ату фактісі бойынша "Билікті асыра пайдалану" бабының ауыр зардаптарға әкеп соққан я қару немесе арнайы құралдар қолдану бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазақстан қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары, қарулы күштер бас штабының Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті басшысы Серік Бұрамбаев "қазір тергеу жүргізіліп жатқандықтан ештеңе деп жауап бере алмайтынын" мәлімдеді, алайда ол "бүгінгі күнге дейін әскери қызметкерлерден ешкімнің жауапқа тартылмағанын" атап өтті.
Серік Бұрамбаев Талдықорғанда 8 қаңтарда қаза тапқан отбасы жайлы да дәл осындай жауап берді. Өз автокөлігінде отырған жергілікті тұрғындар Алтынай Етаева, Нұрболат Сейітқұлов пен олардың 15 жасар қызы Нұрайды әскерилер атып өлтірген еді. ІІМ бұл оқиғаға байланысты Оңтүстік аймақ қолбасшылығы тергеу басқармасы әскери қызметкерлерінің іс-әрекетінде қылмыс белгілері бар деп мәлімдеген еді.
– Жоқ, әскери адамдар жауапқа тартылмады. Өкінішке қарай, ол кезде қандай оқиғалар, қандай уақыт болғанын өздеріңіз білесіздер. Сіз айтқан жайттар бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, алайда (оқиғаға қатысушылар) кінәлі ме, жоқ па, оны сот айтады. Сотқа бұл істер әлі бармаған сияқты, – деді Серік Бұрамбаев.
Бұдан бұрын Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы биыл қаңтардың 4-і мен 6-сы аралығында Қазақстан күш құрылымдарының ең кемі төрт рет шектен асыра күш қолданғанын тіркегенін хабарлаған, соның арасында тікелей ешкімге қауіп-қатер төндірмеген наразыларды атып өлтіру фактісі де бар. Қауіпсіздік күштері кемінде 10 адамды осылай өлтірген сыңайлы және аталған оқиғалар барысында қаза тапқандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы да ықтимал.
Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова наурыздың орта шенінде парламентте сөйлегенде Қаңтар оқиғасында кемінде 238 адам мерт болғанын мәлімдеген. Өлгендер арасында құқық қорғау жүйесі мен қауіпсіздік күштері өкілдерінен 19 адам бар. Бейбіт тұрғындардан қанша адам қаза болғанын билік орындары әлі айтпай отыр.
Бас прокуратура мен ІІМ спикерлері бұған дейін ресми баяндамаларының бірінде қаза болған 86 адам жайлы мәлімдеме жасап, олардың "әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасау барысында көзі жойылғанын" айтқан. Наурыздың аяғында президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов EURACTIV news арнасына берген сұхбатында, қаңтар оқиғасына түсініктеме берген кезде, "біз 150-дей адамнан айрылдық" деп мәлімдеген.
Бас прокуратураның 3 мамырға мәлім болған деректеріне қарағанда, Қаңтар оқиғасынан соң қозғалған істер бойынша 721 адам күдікті деп танылған, ал 281 адам қамауда отыр. Тергеу ақпаратына сәйкес, Қаңтар оқиғасы жөніндегі істердің басым бөлігі "ұрлық" және "заңсыз қару-жарақ айналымы" бабымен қозғалған.
ПІКІРЛЕР