Accessibility links

Бас прокурор мен омбудсменның Қаңтар оқиғасында өлгендер туралы мәжілісте айтқан мәліметі екі түрлі


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Бас прокурор Берік Асылов пен омбудсмен Эльвира Әзімованың Қаңтар оқиғасында өлгендер туралы мәжілісте айтқан мәліметі екі түрлі шықты. Екеуі де бүгін, 14 наурызда Қазақстан парламентінің мәжілісінде Қаңтар оқиғасы туралы баяндама жасады.

Қазақстан бас прокурорының мәліметіне қарағанда, Қаңтар оқиғасы кезінде 230 адам өлген. Оның 19-ы полицейлер мен күш құрылым қызметкерлері. 139 адам Алматы оқиғасында өлген. Оның 86-сы мемлекеттік органдар ғимаратына шабуыл кезінде өлген.

Қазақстаның тағы да жеті аймағында күш құрылымдары "әкімдіктерді, полиция мен ҰҚК департаменттерін қорғаған кезде 63 адамның көзі жойылған".

"Бүгінде 20 адамның атыс кезінде кездейсоқ өлгені анықталып отыр. Оның 11-і Алматы қаласында, 8-і Алматы облысында, біреуі Тараз қаласында. Өлгендер арасында атыс кезінде бүлікшілер оғына ұшқандар да, блокпостта тұрған әскердің талабына бағынбағандар да бар", - деді Берік Асылов.

Бас прокуратура Қаңтар оқиғасында өлгендер жайлы мәліметті екі айда алғаш рет жаңартып отыр. Билік бұл оқиғада өлгендердің толық тізімін жариялаған жоқ. Берік Асылов кімнің бейбіт адам болғаны, кімнің шабуыл жасағаны әзірге толық анықталмағандықтан жарияланбай отыр деп түсіндірді.

15 қаңтарда Бас прокуратура Қаңтар оқиғасында 225 адам өлді деп хабарлаған болатын. Үш күннен кейін Денсаулық сақтау министрлігі тағы да екі адам ауруханада көз жұмғанын жариялаған. Құқық қорғаушылар өлген адамдар бұл мәліметтердегіден көп болуы мүмкін деп санайды.

Алайда, бүгін парламент мәжілісінде баяндама жасаған омбудсмен Эльвира Әзімова мәліметі Бас прокурордың мәліметіне қайшы келді. Омбудсмен сөзінше, Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза болған. Оның Азаттыққа айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынып, уақытша оқшаулау орнында түрлі себептермен қаза болғандар да осы тізімге кіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG