Accessibility links

СІМ Тоқаев Шыңжаңда қазақтармен сөйлесті дейді. Ақорда бұл жөнінде ақпарат таратпаған


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазан айының ортасында Қытайға барған сәті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазан айының ортасында Қытайға барған сәті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18 қазанда Қытайдың Шыңжаң өлкесінде коммунистік партия хатшысы Ма Синжуймен кездесуінде шыңжаңдық қазақтармен сұхбаттасқан. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі Азаттыққа 7 қарашада жолдаған ресми жауабында айтты.

Ведомство жауабына қарағанда, президент Қытайға сапарында "бағдарламаның тығыздығына байланысты жергілікті қазақтармен бөлек кездесу өткізе алмаған", бірақ Шыңжаңдағы компартия хатшысы Ма Синжуймен кездесу кезінде партия комитетінің тұрақты мүшесі Қадын Қабинмен және Қытай азаматтары саналатын қазақтармен сұхбаттасқан.

Тоқаевтың 18 қазандағы Шыңжаңға сапары жөнінде ақпарат таратқан Ақорданың ресми ресурстары президенттің Шыңжаңда қазақтармен сөйлескенін хабарламаған еді.

БҰҰ мен халықаралық ұйымдар Қытай билігі Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарға қысым жасап жатқанын жиі айтады.

Азаттық 19 қазан күні президент әкімшілігіне "Тоқаев Шыңжаңға сапары кезінде Қытайдағы қазақтар мәселесін көтерді ме?" деп ресми сауал жолдаған. Оған сыртқы істер министрлігі "БҰҰ жарғысында және халықаралық құқықтың басқа нормаларына сәйкес, Қазақстан басқа елдердің ішкі істеріне араласпау, егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу қағидаттарын берік ұстанады. Шынжаң мәселелері – тек Қытайдың ішкі ісі. Қазақстан тарапы Қытайда тұратын аз ұлттар, соның ішінде қазақтар Қытай азаматтары екенін мойындайды" деп жауап берген.

Қазақстан президенті 17-18 қазанда Пекинде болып, Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" жобасының он жылдығына арналған жиынға қатысып, одан соң Шыңжаңға барған. Тоқаевтың Шыңжаңға баратыны алдын ала хабарланған жоқ.

2017 жылдардан бастап Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын қазақтар Қазақстанға қашып келуді жиілеткен. Олар Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысымды күшейтіп, жаппай лагерьге қамай бастағанын мәлімдеген.

Қытайдан Қазақстанға бұрын көшіп келіп алғандар Шыңжаңда қысымға ұшыраған я лагерьлерге қамалған туыстарын қайтаруға көмек сұрап, Астанаға бірнеше рет қайырылған. Кейбірі Тоқаевтан да жәрдем сұраған.

Қазақстан билігі Шыңжаңдағы қазақтар Қытай азаматы екенін алға тартып, бұл мәселеге тікелей араласа алмайтынын аңғартқан. Дегенмен Қазақстан сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы Шыңжаңдағы қазақтардың біразы елге келгенін де айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG