Алматы соты Әкімшілік кодекстің жаңа бабы, яғни 456-2 бабының 1-тармағы ("Жалған ақпарат орналастыру, тарату") бойынша Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметіне 103 500 теңге (шамамен 220 доллар) айыппұл салу туралы шешім қабылдады.
Судья Рауза Әлиева шешімді 16 қарашада жариялады.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметі" Әкімшілік кодекстің 456-2 бабының 1-тармағы ("Жалған ақпарат орналастыру, тарату") бойынша әкімшілік жауапқа тартылсын және 103 500 теңгеге тең 30 АЕК көлемінде әкімшілік жаза қолданылсын" деді судья шешімді жариялағанда.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялы шағым түсіруіне құқығы бар.
Әкімшілік іс Шымкент тұрғыны Әлішер Турабаевтың шағымынан басталды. Ол Атбасар колониясында азапталған Тимур Дәнебаевты Көкшетау қаласындағы изоляторға ауыстырғаны туралы орыс тіліндегі жаңалықта Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) қатысты "Ресей жетекшілік ететін" деген тіркесті пайдалану дұрыс емес деп санады.
Соттан кейін Азаттықтың Алматы бюросының жетекшісі Қасым Аманжол судья лингвистикалық зерттеу өткізу туралы өтінішті қарастырмағанын айтады.
- Судья Әлиева бар болғаны үш қана отырыс өткізді. Біздің адвокатпен бірге өткізген өтінішіміз қараусыз қалды. Біз лингвистикалық зерттеу өткізуді өтіндік және азаматтық құқық бұзушылық жоқ екендігін көрсетуді сұрап, өтініш өткіздік. Олардың бірде-біреуі қарастырылған жоқ. Және бұл жерде "жалған ақпарат тарату" айыбы тағылуы негізсіз деп ойлаймыз. Мұны анықтау керек, сараптау керек, зерттеу керек, - деді Қасым Аманжол.
Сот ісі 12 қазанда басталды, әкімшілік іс аясында өткен үш отырыстың бәрі онлайн режимде өтті. Азаттықтың адвокаты Жанғазы Күнсеркин әкімшілік құқық бұзушылық болмағандықтан сот өндірісін тоқтату туралы өтініш беріп, одан бөлек лингвистикалық сараптама тағайындауды сұраған. Сот адвокаттың өтініштерін орындамады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 10 шілдеде қабылдаған түзетулер аясында Әкімшілік кодекске енгізілген "Жалған ақпарат орналастыру, тарату" бабын құқық қорғаушылар Ресейдің "фейк тарату" заңына ұқсас "жұмсақ" цензура құралы деп айтады (Ресейде кейінгі жылдары Әкімшілік кодекстің 13.15-бабының 9-бөлігі бойынша басылымдарға айыппұл салынды. Бұл бап "фейк жаңалықтар" туралы заң ретінде танымал).
Алматы әкімшілік сотының Азаттыққа қатысты шығарған қаулысы Қазақстан медиасында осы баппен жауапқа тартқан алғашқы жағдай болуы мүмкін.
- 1992 жылы Мәскеу бастамасымен құрылған ҰҚШҰ-ға Қазақстан және Ресеймен қатар Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения мүше. ҰҚШҰ-ның бірлескен штабының жетекшісі – Ресейлік әскери маман, генерал-полковник Анатолий Сидоров. ҰҚШҰ-ның қазіргі бас хатшысы – Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов. Ұйымның штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан.
- 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде 200-ден астам адам қаза болған. Сол кезде Ақорданың өтінішімен ҰҚШҰ әскері Қазақстанға кірген. Сарапшылар ұйым құрылғалы бері ҰҚШҰ күші алғаш рет пайдаланылғанын айтқан.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Орталық Азия, Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыста 27 елден хабар тарататын тәуелсіз халықаралық ұйым. АҚШ конгресі қаржыландыратын Азаттық үкіметтер мен саяси топтардан тәуелсіз, оның редакциялық саясатына ешкім араласа алмайды. Азат Еуропа/Азаттық радиосының миссиясы сөз бостандығы шектелген елдерден цензурасыз ақпарат тарату арқылы демократия құндылықтары мен институттарын алға жылжыту. Азаттықтың Қазақ қызметі 1953 жылы құрылған, 2008 жылы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат таратын веб-сайты ашылды.
ПІКІРЛЕР