Accessibility links

Үкімет киікті әлі атқызып жатыр. Ғалымдар неден қауіп етеді?


Күйек кезінде саспақтың (киіктің еркегі) 90 пайызға жуығы күші сарқылып, қалжырап өледі. Аулаудың кез-келген түрі түз жануарын шошытып, күйзеліске түсіреді дейді ғалым
Күйек кезінде саспақтың (киіктің еркегі) 90 пайызға жуығы күші сарқылып, қалжырап өледі. Аулаудың кез-келген түрі түз жануарын шошытып, күйзеліске түсіреді дейді ғалым

Қазақстанды мекендейтін киіктің күйекке түсетін мезгілі жақындады. Үкімет ақбөкен санын "реттеу" үшін оларды жаппай атуды жалғастырмақшы. Ғалымдар мен қоғам белсенділері бұған қарсы болып отыр.

Қазақстанда киікті жаппай ату мерзімін желтоқсанның екінші жартысына дейін созбақшы. Киік санын "реттеу" деп аталатын процесс қазан айының басында – фермерлер "киік жайылым мен егістіктікті жайпап жатыр" деген шағымданғаннан кейін басталған. Қырғын осы айдың соңында аяқталуы тиіс еді, бірақ түз жануарын жаппай атуды, тіпті киік атаулы біржола жойылып кету қаупі жоғары екенін біле тұра, олар күйекке түсетін мезгілде де жалғастырмақшы.

Қараша айының басында, қазақ даласындағы киік санын "реттеу" басталғаннан кейін бір ай өткенде ақпарат құралдары: "Батыс Қазақстан облысында киік аулау мерзімін 20 желтоқсанға дейін созбақшы" деген жаңалық таратты. Аймақтық "Мой Город" басылымының журналистері экология министрлігіне қойған сұраққа осындай жауап алыпты.

"Мерзімді биылғы 20 желтоқсанға дейін ұзартты. Оны экология вице-министрі Нұркен Шәрбаев "Мой Город" редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді. Биологиялық негізде Орал популяциясынан 226 мың бас киік ату және аулау көзделіп отыр", – деп жазды басылым.

Киік атуға, жалпы жабайы бөкендерді аулауға бұған дейін де қарсы болып жүрген экобелсенділер мен ғалымдар бұл жаңалықтан кейін өре түрегелді. Қазақстан биоалуантүрлілікті қорғау қауымдастығы (ҚБҚҚ) киік ату мерзімін желтоқсанның аяғына дейін ұзарту өте қауіпті екенін жеткізді.

"Қазірдің өзінде, қараша айының жартысында киіктер үйірге топтаса бастады, ал айдың аяғында немесе желтоқсанның басында олардың күйекке түсетін мезгілі басталады. Бұл кезде жануарлардың санын реттеу шараларын дереу тоқтату керек. Совет заманында да киік аулаған кездері осы қағиданы ұстанатын", – деді қауымдастық өкілдері Азаттыққа.

ҚБҚҚ мамандары Қазақстанда көп уақыттан бері киік санын реттеу шаралары жүргізілмеген дейді. Кейінгі 25 жыл бойы елде жабайы бөкендерді түр ретінде сақтап қалу үшін күресіп келді, тіпті 1999 жылы бұл жануарларды жалпы атуға мораторий жарияланды. Айтпақшы, ол мораторийді әлі ресми түрде алып тастаған жоқ. Қауымдастық өкілдері процесс барысында әлден қателіктер кетіп жатқанын айтады.

"Қателіктер процесстің дұрыс жүйеленбеуінен болып жатыр. Мәселен, соңғы оқиғаны алайық. Ет комбинаты 800 киіктің тұтас етін жарамсыз деп қабылдамай қойды. Қоғам сондай-ақ бір жағынан, "Охотзоопром" ресурстары киіктерді реттеуге кірісіп кеткенде, екінші жағынан, оларды түр ретінде сақтап қалу үшін күресіп жатқандар да бар екенін білуге тиіс", – дейді ҚБҚҚ мамандары.

Киік төлі. Батыс Қазақстан облысы, 28 маусым, 2023 жыл. Үкімет киік санын "реттеу" процесін бастағанға дейін, Қазақстан түз жануарын қамқорлыққа алып, қорғаған. 1999 жылдан бері елде киік атуға (ғылыми мақсатта пайдаланудан басқа) салынған тыйым алты рет ұзартылған
Киік төлі. Батыс Қазақстан облысы, 28 маусым, 2023 жыл. Үкімет киік санын "реттеу" процесін бастағанға дейін, Қазақстан түз жануарын қамқорлыққа алып, қорғаған. 1999 жылдан бері елде киік атуға (ғылыми мақсатта пайдаланудан басқа) салынған тыйым алты рет ұзартылған

"МҮЛДЕ АТУҒА БОЛМАЙДЫ"

Киік санын реттеу мерзімін ұзартатыны туралы жаңалық тарай бастағанда Экология және табиғи ресурстар министрлігі жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру туралы ережелерге енгізілетін өзгерістерді әзірлеп қойыпты. Құжатта сондай-ақ "белгіленген аңшылық шаруашылықтары аумағындағы, дериваттарды (мүйіздерді) қоспағанда, киікті әуесқой (спорттық) мақсатпен аулауға рұқсат беру" деп жазылған. Аулауға рұқсатты жергілікті әкімдіктер береді. Бір ретте бір киік атып алуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар құжатта күйекке енді түсе бастаған саспақты (киіктің еркегі) аулауға болады деп көрсетілген.

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері, биолог Михаил Шпигельман киік ату әу бастан қате шешім болды деп есептейді. Оның үстіне, қараша айында. Айтуынша, бұл процессті желтоқсанға дейін созу – түз жануарының барлық түрі үшін қауіпті.

– Жақында киік күйек алады. Табиғаты сол, мұндай кезде саспақтың 90 пайызы онсыз да күші сарқылып, қырылып қалады. Жануарларды аулаудың кез келген түрі – оларды шошытатын фактор және киікті күйзеліске түсіреді. Олар мұндай кезде не істерін білмей қалады: көбейе ме, әлде аңшылардан қаша ма? Мұның аяғы жақсылыққа апармайды! – дейді ғалым.

Киік – экожүйенің бір бөлшегі, оларға жекелеген түр ретінде қарауға болмайды дейді Шпигельман. Оның үстіне, киікті қыру далалық жердің жайына да теріс әсер етеді. Сонымен қатар киік – қоректік тізбектің бөлшегі.

– Біздің бөкендердің популяциясы әлсіреген, өйткені олар азайып кеткендіктен туыстас түрлер бір-бірімен шағылыса бастаған. Популяция бұрынғыдай мекен ауыстырмайды, былайша айтқанда, өз қазанында қайнап жатыр. Мұның бәрі түз жануарының әлсіреуіне әкеледі, иммунитеті түсіп кетеді. Ал бұған оларды шошытатын факторларды қосыңыз, – дейді Михаил Шпигельман.

Әлемде табиғатқа қол сұғу мен күштеп реттеудің соңы жақсы нәтижеге әкелгені туралы бірде-бір мысал жоқ дейді ғалым. "Табиғат өзін-өзі реттейді", – деді ол сөз соңында.

"Охотзоопром" – көп жыл бойы киік популяциясын сақтауға жауап берген ведомство енді бөкендерді атуға кірісіпті. Ондағылар Азаттыққа "әзірге құжат алған жоқпыз" деп жауап берді.

– Мерзімді ұзарту туралы ресми құжат келген жоқ. Біз көз жеткізбей кіріспейміз. Сондықтан әзір ештеңе айта алмаймын. Қазірше қараша айының аяғына дейін аулаймыз, – деді "Охотзоопром" басшысының орынбасары Талғат Кенжеахметов.

Айтуынша, растайтын ресми құжат болмаса, аймақ көлемінде киік ату мерзімі ұзармайды. Қазір түз жануарын ату да, далада орнатылған торларға айдап, карал әдісімен аулау да жалғасып жатыр. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, 226 мың бас киікті ату жоспарланған. Бұл Батыс Қазақстан облысына берілген квота. Аңшылар бүгінге дейін 11,5 мың бөкеннің көзін жойған.

Қазақстанда 2015 жылы жаппай қырылып, жойылып кетуге шақ қалған киік, 2019 жылдан бастап көбейе бастаған
Қазақстанда 2015 жылы жаппай қырылып, жойылып кетуге шақ қалған киік, 2019 жылдан бастап көбейе бастаған

"ЖҰМЫСТЫ ДҰРЫС ЖОСПАРЛАУ КЕРЕК ЕДІ"

Әлем бойынша киік популяциясы ең көп өңір – Батыс Қазақстан облысындағы киік санын "реттеу" деп аталаған науқан қараша айында басталған. Бұл өлкеде 226 мың бас киікті жою жоспарланған. Бұл санды белгілеген – экология министрлігі. Алғашында карал әдісін қолданды. Ол – жануарларды үлкен торларға айдап апарып, сою әдісі. Алайда кейінірек экология министрлігі "жоюды" тездету үшін киік атуды бастауға қаулы шығарды.

Экология министрлігі киікті жою туралы қаулыны фермерлердің "ақбөкендер жаппай ауылшаруашылық жерлерін таптап жатыр" деген толассыз шағымынан кейін шығарған. Бірақ енді сол фермерлердің өзі киікті шетінен қырып-жоюға қарсы шығып жатыр.

– Жақында жануарлар күйек алады, желтоқсанның соңына дейін оларды атуға мүлде болмайды. Оны қараша емес, ертерек бастамай ма? Біздің "Охотзоопромға" деген назарылығымызды ешкім естімейді. (Жұмысты) дұрыстап ұйымдастыру керек еді. Халық шулап жатыр, енді өздерінің шамасы келмеген соң жерді қытайларға бермекші екен. Олар киік етін өңдейтін зауыт тұрғызбақшы, – дейді БҚО Бөкей ордасы ауданының фермері Мырзабай Боранбаев.

Оның айтуынша, өзі отырғызған егістік жердің 80 пайызын ақбөкендер таптап тастаған, бірақ қазір фермердің өзі киікті "орнымен ату керек" деп есептейді. Шаруа қожалығының иесі науқанның дұрыс ұйымдастырылмағанына наразы.

– Ет шіріп жатыр. Неге оны сол далада, бұзылып кетпей тұрғанда бөлшектеп тастамайды? Терісін өңдеу керек. Бірақ оны да лақтырып жатыр. Әлде бұл жерде бізден жасырып отырған саясат [саяси мүдде] бар ма?

Киік санын реттеу науқаны басталғалы бері халық процесстің өзін де, оның әдістерін де сынап жатыр. Киік аулау науқаны басталғаннан кейін бірнеше апта өткенде әлеуметтік желі қолданушылар далада шашылып жатқан өлекселердің суреттерін таратты. Қырылған киік өлекселерін тиеген көлікті, еті шіріп кетті деп, БҚО-ға көрші Ақтөбе облысының қабылдамағаны да шу тудырды.

Табиғат қорғаушылар мен экобелсенділер киікті жаппай қыруға әлі де қарсы. Олар табиғи процесске адамның араласуы орны толмас қайғылы жағдайға апарып соғуы мүмкін деп алаңдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG