Accessibility links

"Салтанатты жоқтау". Құқық қорғаушылар әйелдерге қол көтергендерді қатаң жазалауға шақырды


"Қазақстанда феминицидті тоқтатыңдар! Салтанатты жоқтау!" атты баспасөз мәслихаты. 22 қараша 2023 жыл.
"Қазақстанда феминицидті тоқтатыңдар! Салтанатты жоқтау!" атты баспасөз мәслихаты. 22 қараша 2023 жыл.

Алматыда феминист-белсенділер мен түрлі қоғамдық ұйым өкілдері әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты сынап, оны жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға шақырды. Бұл жөнінде бүгін, 22 қарашада Алматыда өткен "Қазақстанда феминицидті тоқтатыңдар! Салтанатты жоқтау!" атты баспасөз мәслихатында айтылды.

Жиында сөз сөйлеген құқық қорғаушы Маргарита Өскембаева Салтанат Нүкенованың өлімі "әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың шектен шығып бара жатқанын тағы аңғартты" деді. Ол Нүкенованың өлімінен кейін қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы толқу басталғанын атап өтті.

Ал құқық қорғаушы, феминист Әйгерім Құсайынқызы жыл сайын Қазақстанда жүздеген әйел күйеуінің қолынан қаза табатынын айтып, әйелдерге қарсы қылмысты феминицид деп тануға шақырды.

– Феминицид дегеніміз халықаралық құқықта әйелді әйел болғаны үшін өлтіру. Гендерлік қылмыс ретінде тануымыз керек. Себебі еркек азаматты өлтіру мен әйел азаматты өлтірудің себебі екі түрлі. Феминицидті біз феминистер ретінде Қылмыстық кодекске қосу керек деп есептейміз. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейту мәселені шешпейді. Оны қылмыстық кодекске енгізу керек, – деді Әйгерім Құсайынқызы.

Заңгер "феминицид тек әйелдер көтеретін мәселе емес, бұған билік араласуы керек" деп есептейді.

– Себебі Қазақстанда әйелдің өмірін құнды деп танымай келген мәжіліс, сенат, президент және үкімет. 2017 жылы олар неліктен феминицидті Қылмыстық кодекстен алып Әкімшілік кодекске қосты? Алты жыл ішінде бізде қаншама әйел күйеуінің және жақындарының қолынан қаза тапты. Судың да сұрауы бар дейді қазақта. Ал қазақ әйелінің сұрауы бар ма? Жоқ. Ол оны сұраған әйелдердің сөзіне құлақ түрді ме? Жоқ. Нәтижесі – Салтанат Нүкенованың өлімі, – деді Құсайынқызы.

9 қарашада Астанадағы ресторандардың бірінде бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова ауыр соққыдан қаза тапқан. 11 қарашада Бишімбаев "Адам өлтіру" бабымен екі айға қамалған. Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген.

Бұл оқиғадан кейін қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қайта көтеріліп, кінәлілер көп жағдайда жазасыз қалатыны айтылып жатыр. 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне бұл істі "ерекше бақылауда ұстауда" тапсырғанын Ақорда жазды.

2017 жылғы шілдеде "Ұрып-соғу" және "Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру" баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылған.

Қазақстанда әйелдердің басым бөлігіне күйеуі немесе серігі күш қолданатыны жиі айтылады. Полицияға жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама келіп түседі. Қазақстан ІІМ биыл мамырда жариялаған мәліметі бойынша, елде жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен.

БҰҰ мәліметінше, елде жыл сайын шамамен 400 әйел күйеуі не серігінің қолынан қаза болады. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстық әлімжеттік азаймай тұрғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG