Қарағанды облысы Топар кентінің 34 жастағы тұрғыны Алексей Шомполов Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін алты жыл сегіз айға сотталды.
Іс материалдарына сәйкес, Шомполов ресейлік "Вагнер" жеке әскери компаниясы құрамында соғысқан. Сот оны Әәскерге жалдану" айыбы негізінде кінәлі деп тауып, қылмыстық жолмен алынды делінген 205 590 рубльді тәркілеу туралы үкім шығарды.
Қарағанды облыстық сотының Азаттыққа хабарлауынша, үкім заңды күшіне енді. 15 қарашада апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Шомполов кінәсін мойындап, өкінген. Сот процесінде ақшаға мұқтаж болғанын айтқан.
Үкімге сай, Шомполов "адамзаттың қауіпсіздігі мен бейбітшілікке қарсы ауыр қылмыс жасағаны үшін" кінәлі деп танылды. Сот оның ісін "мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен конституциялық құрылымын өзгертуге бағытталған" әрекет деп бағалаған.
Сот үкіміндегі ақпаратқа қарағанда, Шомполов биыл наурызда интернет желісінен Ресейде жоғары ақы төлейтін жұмыс жайлы ақпарат тапқан. Кейін бұл жұмыс "Вагнер" жеке әскери тобының құрамында Украинадағы соғысқа аттану екені, айлығы 240 мың рубль (1,2 млн теңге) екені белгілі болған. Бұл шартпен келіскен Шомполов наурызда "Вангер" құрамына қосылады.
Ал мамырда Украинаның Бахмут аумағындағы соғысқа араласады. Соғыста жүріп, Украина әскерінің артиллериялық шабуылына тап болып, қол жарақатымен ауруханаға түседі. Сотта Шомполов "Вагнерден" 235 мың рубль сыйақы алғанын айтқан. Кейін ол Қазақстанға келгенде ұсталып, ісі сотқа тапсырылған.
Қазақстан азаматтары басқа елдегі қарулы қақтығысқа қатысса қылмыстық жауапқа тартылады.
ПІКІРЛЕР